Сапа мен нақты нәтиже – жауапкершілік жүгі
Әне-міне дегенше, мамыр айының соңғы онкүндігіне қадам басып, мектеп түлектері оқу жылын аяқтауға жақын. Жалпы алғанда, елімізде биыл 3,9 миллионнан астам оқушы тәмамдаса, оның ішінде 215 мыңнан аса жас түлек үлкен өмірге қанат қаққалы отыр. Бұл – әр шәкірттің өміріндегі ерекше белес, ұстаздар мен ата-аналар үшін де толқынысқа толы кезең саналады. Ал республика аумағында осы жылы 9-сыныпты үздік аяқтауға 31 мыңнан астам оқушы үміткер болса, 11-сынып бойынша бұл көрсеткіш 18 мыңға жуықтап отыр. Бұл – жастардың білімге деген ынтасының, ұстаздардың қажырлы еңбегінің нәтижесі. Әрбір үздік нәтиженің артында тынымсыз дайындық, ата-ананың қолдауы мен мұғалімнің маңдай тері тұрғаны анық. Айта кетейік, 2025-2026 оқу жылында ауданға қарасты 17 білім ошағында 8149 оқушы білім алса, оның 584-і 11-сыныпты бітіреді.ОЛҚЫЛЫҚҚА ЖОЛ ЖОҚ
Әрине, әрбір оқушы үшін алтын ұясымен қоштасу – өміріндегі маңызды кезеңнің бірі. Бұл – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге қадам басатын жауапты сәт. Қазіргі таңда түлектерге қойылатын талап та жоғары. Себебі бүгінгі қоғамға тек білімді ғана емес, ойы сергек, бәсекеге қабілетті, елдің ертеңіне жауапкершілікпен қарайтын жастар қажет. Соңғы қоңырау – қуаныш пен жауапкершілік қатар сезілетін ерекше күн екенін ескерсек, осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі мектеп бітіру іс-шараларын ұйымдастыруға қатысты нақты талаптарды бекітті. Атап айтқанда, мектеп бітіру кештерін мейрамхана, кафе, банкет залы, демалыс базасы немесе табиғат аясында өткізуге тыйым салынады. Аттестат пен дипломды табыстау рәсімі тек білім беру ұйымдарының қабырғасында ұйымдастырылады. Бұл аудан көлемінде атқарылып жатқан салаға байланысты жұмыстарды аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып баяндады.
– Осы жылы мектеп бітірушілердің 53 оқушысы «Алтын белгіге» үміткер, 70 оқушысы «Үздік аттестатқа» үміткер саналады. Өз кезегінде 26-30 мамыр аралығында 5-8,10 сынып оқушылары қазақ тілінен аралық емтихан тапсырса, 9, 11 сыныптар 29 мамыр мен 15 маусым аралығында қорытынды аттестаттаудан өтеді. Барлық білім ошағында 1-10 сынып оқушылары арасында «Білімім – Отаныма!» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өткізіледі. Аталған сынып сағатының негізгі мақсаты – өскелең ұрпақты патриотизмге, бірлік пен татулыққа, жалпыұлттық құндылыққа тәрбиелеу болып табылады. Бұдан бөлек, Халықтық Конституцияның маңыздылығын насихаттау, заң мен тәртіп қағидаларын нығайтуға басымдық беріледі. Сынып сағатында «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының негізгі тетіктері назардан тыс қалмайды. Адами капиталды дамыту, білім, ғылым және инновацияны қолдау – Халықтық Конституцияда айқындалған басты стратегиялық бағыттар ретінде дәріптеледі. Қазіргі заманның жастарына жүктелер міндет жеңіл емес. Уақыт озған сайын білімге қойылар талап та биіктеп келеді. Бүгінгі түлек – тек аттестат иесі емес, ол – елдің болашағын айқындайтын тұлға. Кемел келешекке қадам басқан жас ұрпақтың бойынан біліммен қатар парасат, намыс пен жауапкершілік табылуы керек. Себебі елдің ертеңі ең алдымен саналы ұрпақтың қолында қалыптасады.
Қазір қоғамда мектеп бітіру кешін даңғаза думанға айналдыру белең алып барады. Алайда мектеппен қоштасудың қадірі қымбат мейрамханада емес, ұстаздың ақ батасында, сыныптастардың шынайы сағынышында, мектеп қабырғасындағы естеліктерде жатыр. Соңғы қоңыраудың сыңғыры – балалықтың соңғы үні секілді. Сол үннің астарында ұстаздың мейірімі, ата-ананың үміті, шәкірттің арманы жатады.
Түлек үшін ең үлкен сын – дұрыс жол таңдау. Өмірдің сан тарау соқпағында әр адам өз орнын табуы тиіс. Кейде жастар мамандықты жүрек қалауымен емес, уақыттың ағымымен таңдап жатады. Ал шын мәнінде адамның бақыты – өз сүйген ісімен айналысуында. Абай айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен ақылың екі жақтап». Сондықтан бүгінгі жас ең алдымен өз қабілетін танып, арманын айқындауы қажет, – деді Еркебұлан Төлепбергенұлы.
Яғни, аудандағы барлық білім ошағында «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шара өткізіледі. Бүгінде аудандық білім бөлімінің басшысы барлық мектепте ата-аналармен кездесу өткізуде. Кездесудің басты мақсаты – салтанатты іс-шараны өткізу барысында бітіруші түлектер мен қызметкерлердің өмірі мен денсаулығына барлық жағдай жасау, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қоғамдық тәртіптің сақталуын бақылау, санитариялық-эпидемиологиялық талаптың орындалуын қадағалау, қауіпсіздік техникасы ережесін сақтау, төтенше жағдайдың алдын алу екені даусыз. Бұл ретте аталған іс-шараның қатаң сақталуына жауапты мамандар бекітіледі. Ауданның бас ұстазының келтірген мәліметіне сүйенсек, оқу жылын аяқтау іс-шараларын ұйымдастыруға оқушылардан, ата-аналардан және педагогтерден ақша жинауға қатаң тыйым салынады. Мектеп бітіру кештерін үйлерде, мейрамханаларда, кафелерде, ойын-сауық орындарында өткізуге жол берілмейді. Автокөліктермен кортеж ұйымдастыруға, жол қозғалысы ережелерін бұзуға әкелетін әрекеттер қатаң бақылауда болады. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғат аясында бақылаусыз серуендеуге, өзен, көлдерге және шағын су айдындарына суға түсуге жол берілмейді.
– Перзент үшін мектеппен қоштасу қандай толқынысты сәт болса, ата-ана үшін де ол ерекше кезең. Кеше ғана қолынан жетектеп мектеп табалдырығын аттатқан балаңның бүгін үлкен өмірге қадам басуы – әр ата-ананың жүрегіне қуанышпен қатар қимастық сезімін ұялатады. Уақыттың қалай өткенін де аңғармай қаласың. Бала тәрбиесі – үлкен жауапкершілік. Осы жолда ұстаз бен ата-ананың еңбегі қатар жүреді. Бүгінгі жетістік – шәкірттің ғана емес, оған бағыт берген мұғалімнің, қолдау көрсеткен отбасының ортақ жемісі. Сондықтан мектеп бітіру – тек бір оқу орнымен қоштасу емес, бұл – жылдар бойғы еңбектің нәтижесін көретін сәт. Қазіргі жастардың білімге ұмтылып, биік мақсат қоюы қуантады. Дегенмен ата-анаға баласының жақсы маман атануынан бұрын, адамгершілігі мол, елге жанашыр азамат болып өскені маңыздырақ. Өйткені тәрбиелі ұрпақ – қоғамның тірегі. Халқымыз «Баланы жастан» деп бекер айтпаған. Балаға берілген тәлім мен тәрбие оның бүкіл өміріне жол сілтейді. Мектеп бітіру – әр шәкірттің өміріндегі маңызды әрі есте қаларлық сәттердің бірі. Дегенмен бұл кезең ең алдымен тәртіп пен қауіпсіздік талаптарын сақтаумен ерекшеленуі керек. Сондықтан оқу жылын аяқтау іс-шараларын ұйымдастыру барысында артық даңғазалық пен ысырапшылдыққа жол бермеу аса маңызды. Осыған байланысты оқушылардан, ата-аналардан және педагогтерден ақша жинауға қатаң тыйым салынған. Бұл – баршаға ортақ талап әрі әділ шешім. Себебі мектеп бітіру кешінің мәні қымбат мейрамхана мен сән-салтанатта емес, ұстазға құрмет пен білімге тағзымда жатыр. Сондай-ақ мектеп бітіру кештерін үйлерде, мейрамханаларда, кафелерде және түрлі ойын-сауық орындарында өткізуге жол берілмейді. Аттестат табыстау рәсімі білім ордасында ұйымдастырылып, оқушылардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс. Соңғы жылдары түлектер арасында автокөліктермен кортеж ұйымдастыру, жол қозғалысы ережелерін бұзу секілді келеңсіз әрекеттер жиі кездеседі. Мұндай жағдайлар адам өміріне қауіп төндіретіндіктен, қатаң бақылауда болады. Білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында табиғат аясында бақылаусыз серуендеуге, өзен-көлдер мен су айдындарына баруға рұқсат етілмейді. Әр ата-ана мен ұстаз үшін баланың амандығы бәрінен қымбат. Сондықтан мектеппен қоштасу кеші қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, тәрбиелік мәні жоғары деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Бұл – өскелең ұрпақтың жауапкершілігін арттырып, қоғамдық тәртіпті құрметтеуге тәрбиелейтін маңызды қадам, – деді аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар.
ҰБТ – СОҢҒЫ ҮКІМ ЕМЕС
Бүгінде еліміз бойынша 240 мыңға жуық талапкер ҰБТ тапсыруға өтініш берген. Жалпы, тестілеу 45 орталықта өтуде. ҰБТ-дан 140 балл жинаған оқушылар саны күн сайын артуда. Мүмкін болған барлық сұрақты жинаған оқушылар арасында 50 миллион тұратын тұрғын сыйға алып жатқан жандар қатары аз емес. Осы бағыттағы атқарылған жұмыстарды саралаған Еркебұлан Төлепбергенұлы біршама мәлімет келтірді.
– Ұлттық бірыңғай тестілеу – жас түлектің білімін бағалайтын маңызды кезеңдердің бірі болғанымен, ол өмірдің соңғы үкімі емес. Кейде қоғамда ҰБТ-ны тағдыр шешетін таразыдай қабылдап, бір күндік нәтиженің салмағын шамадан тыс ауырлатып жіберетініміз бар. Алайда адамның болашағы бір ғана тестпен өлшенбейді. Нағыз жетістік – табандылық пен еңбекке, үздіксіз ізденіске байланысты. Жас түлек үшін ҰБТ – үлкен өмірге бастар жолдардың біреуі ғана. Бір сынақтан сүріну – өмірден сүріну деген сөз емес. Тарихта мектепте озат болмағанымен, кейін елге танылған талай тұлғалар өтті. Өмір кейде адамды басқа соқпақпен жетелейді. Ең бастысы – үмітті жоғалтпау, өз қабілетіңе сену және алға ұмтылу. Қазіргі қоғамда балаларға қойылатын талап күшейіп, кейде ата-ананың үміті мен ортаның қысымы жасөспірімнің жан дүниесіне ауыр салмақ түсіріп жатады. Бірақ балаға ең алдымен сенім мен қолдау қажет. Себебі кез келген нәтиже – уақытша, ал адамның өмірге деген құлшынысы мен рухының мықтылығы – мәңгілік құндылық. Биыл аудан көлемінде 11 сынып оқушылары грант негізінде оқуға түсу үшін 2 рет Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. 10 мамыр мен 10 шілде аралығында өтетін Ұлттық бірыңғай тестілеуге 505 оқушы өтініш берді, жұма күнгі есеп бойынша 207 оқушы ҰБТ-ның І кезеңінен өтіп, өз білімін сынады. Қалған түлектер белгіленген кестеге сәйкес тестілеуге қатысатын болады, – деді бөлім басшысы.
Расында, ҰБТ – білімнің өлшемі болғанымен, адамның ақыл-парасаты мен өмірдегі орнын толық анықтай алмайды. Кейбір жастар жоғары балл жинамаса да, өмірден өз жолын тауып, елге қызмет етіп жүр. Ал енді бірі таңдаған мамандығына адал еңбек етіп, қарапайым еңбектің өзімен биік белестерді бағындыруда. Сондықтан әр баланың бағы әртүрлі жолмен ашылатынын ұмытпаған жөн. Ең маңыздысы – жас түлектің жүрегінде арманның сөнбеуі. Өмірдің есігі бір ғана емтиханмен жабылып қалмайды. Адамның шынайы бағасы – оның адамгершілігімен, еңбекқорлығымен, қайсарлығымен өлшенеді. ҰБТ – уақытша белес, ал өмір – ұзақ жол. Сол жолда сүрінбей өту үшін біліммен бірге сабыр, сенім және жігер керек.
Бұл ретте, осы аптада ҰБТ тапсырған шағандық оқушы Құралай Ермекқызы 120 балл еншілеп, ата-ана үмітін ақтады.Мұндй жоғары көрсеткішке қол жеткізген жандар қатары аз емес. Өз кезегінде бейсенбі күнгі нәтиже бойынша асқарлық Рухниддин Ахметбеков 136 балл еншіледі.
– Қызымыздың Ұлттық бірыңғай тестілеуден 120 балл жинауы – біз үшін үлкен қуаныш әрі зор мақтаныш. Бұл – ең алдымен, перзентіміздің тынымсыз еңбегі мен ұстаздарының сапалы білім беруінің нәтижесі. Әрбір ата-ана үшін баласының жетістікке жеткенін көруден асқан бақыт жоқ шығар. ҰБТ – жас түлектің сабыры мен жігерін, мақсатқа деген ұмтылысын айқындайтын маңызды кезең. Баламыз осы жолда көп ізденіп, уақытпен санаспай дайындалды. Оның әрбір жетістігінің артында ұстаздардың адал еңбегі, мектептің берген тәлімі мен отбасының қолдауы тұр деп білеміз. №37 мектеп-лицейінің ұжымына айтар алғысымыз шексіз. Білім мен тәрбиені қатар берген ұстаздар шәкірт жүрегіне сенім ұялатып, үлкен өмірге бағыт-бағдар көрсетті. Ауыл мектебінен шыққан балалардың да биік нәтижеге қол жеткізе алатынын бүгінгі жетістік дәлелдеп отыр. Дегенмен біз үшін 120 баллдан да маңыздысы – баламыздың адамгершілігі мол, елге пайдалы азамат болып қалыптасуы. Білім – өмірдің шамшырағы. Ал сол білімді туған елдің игілігіне жұмсай білу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бүгінгі жетістік – болашаққа бастар алғашқы қадам деп қабылдаймыз. Барша түлектерге сәттілік тілеймін. Әр баланың еңбегі ақталып, армандары орындалсын. Ең бастысы – жастар өз жолын тауып, елдің ертеңіне қызмет ететін саналы азамат болып өссе екен, – деді Айгүл Оразалықызы.
PS. Қорыта айтқанда, мектеп бітіру – әр шәкірттің өміріндегі ұмытылмас әрі жауапты кезеңнің бірі. Бұл – балалық шақпен қоштасып, үлкен өмірге алғашқы қадам жасайтын ерекше сәт. Сондықтан осынау маңызды күннің мәні мен мағынасы да терең болуы керек. Бүгінде мектеп бітіру кештерін даңғаза думанға, артық бәсекеге айналдыру қоғам үшін де, тәрбие үшін де дұрыс емес. Оның орнына қарапайымдылық пен мәдениеттілік, ұстазға құрмет пен мектепке деген сағыныш алдыңғы орында тұрғаны абзал. Артық шығын мен ысырапшылдыққа жол бермеу, ата-аналардан ақша жинамау – бүгінгі уақыттың басты талабы. Себебі мерекенің сәні қымбат мейрамханада емес, түлектің тәрбиесі мен тағылымында жатыр. Мектеп бітіру шаралары кезінде қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөлінуі тиіс. Автокөлік кортеждерін ұйымдастыру, жол қозғалысы ережелерін бұзу, бақылаусыз серуендеу секілді әрекеттер орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін. Сондықтан әрбір ата-ана, ұстаз және түлек жауапкершілікті терең сезінуі қажет. Ең бастысы – бүгінгі жас түлек ертең елдің тізгінін ұстайтын азамат екенін ұмытпауымыз керек. Саналы, білімді, тәрбиелі ұрпақ қана мемлекеттің болашағын жарқын ете алады. Сол себепті мектеппен қоштасу кеші тек қуаныштың ғана емес, тәртіп пен тағылымның, жауапкершілік пен ізгіліктің үлгісі болып есте қалғаны жөн. Әрине, әрбір ата-ана «Қамысты бос ұстасаң, қолыңды кеседі» деген тәмсілді әрбір ата-ана ұмытпаса екен.
Балтабай ОРДАБЕКОВ









