Дастан ҚҰРМАНБАЕВ, Қызылорда облысының бас имамы: құрбан айт тек құрбандық шалумен шектелмейді
Биыл барша мұсылман қауымы асыға күтетін Құрбан айт мерекесі 27 мамырда басталады. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспеншілікті, мейірімділікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы да осында жатыр. Қасиетті мейрамның қарсаңында Қызылорда облысының бас имамы Дастан Құрманбаевқа жолығып, көкейдегі біраз сауалдарымызды қойған едік.– Дастан Жанасұлы, Құрбан айт мұсылман қауымына не үшін уәжіп, яғни, міндет болды? Құрбан шалудың мәні мен маңызы қандай? Алғашқы сауалымызды осыдан бастасақ.
– Бисмилләһир-рахманир-рахим! Әуелі, «уәжіп» сөзінің мағынасына тоқталып өтсем. Өзіңіз айтқандай, қазақша баламасы – міндет. Діни тұрғыдан алғанда «парыз» дегенді білдіреді. Ханафи мәзһабында парыз бен уәжіп амал, яғни, практикалық тұрғыдан бір мағынада қолданыла береді. Ал Құрбан айттың қиссасы бәрімізге белгілі. Ибраһим пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) мен оның баласы Исмаилдың арасында болған үлкен оқиға. Алла Тағала бұл пайғамбарды сынағысы келіп, оған түс көрсетеді. Пайғамбар түсінде баласын құрбандыққа шалып жатқанын көреді. Оған бірінші күні мән бермейді. Негізінде, пайғамбарлардың түсі аян – уахимен тең. Оның бір түрі түспен келеді. Пайғамбарлардан басқа ешбір адамға уахи түспейді. Оны бекерден-бекер көрмейді. Ибраһим пайғамбар (Оған Алланың сәлемі болсын) түсінің Алладан екенін біліп тұрса да, мән бермеуге тырысады. Не дегенмен де туған баласы ғой. Исмаилдың құрбандыққа шалынып жатқанын екінші күні тағы көреді. Пайғамбар осыдан кейін түсінің уахи екенін білді дейді. «Білді» деген сөз араб тілінде «арафа» деп айтылады. Құрбан айттың алдындағы күнді «Арапа» күні дейміз. Кейбір тәпсір ғалымдары бұл күнді осы оқиғадан кейін солай аталған деп айтады. Екінші күні түсінің Алладан екеніне көзі жеткен соң, үшінші күні оны жүзеге асыруға тырысады. Баласын құрбандыққа шалуға апарған кезде, Алла Тағала оны сынағанын білдіріп, көктен көк қошқар түсіреді. «Осы қошқарды құрбандыққа шал. Осыдан кейін сенің милләтіңе осы жол қалады» деп, құрбандық осыдан басталады. Біз «Ибраһимнің милләтіненбіз, Мұхаммедтің үмбетіненбіз» дейміз. Қырық парызда «Кімнің милләтіненсің?» деген сұрақ келеді. Осы жерде «милләт» деген Ибраһимнен басталған жол дегенді білдіреді. Бұл – ұзақ әрі мәшһүр қисса. Мен сізге құрбандықтың тарихын түсіндіру үшін қысқаша айтып отырмын.
Енді құрбан шалу кімдерге міндет дегенге келсек. Құрбан шалатын күні өзінің күнделікті ішіп-жеу, басқа да қажеттілігінен бөлек, нисап мөлшеріне жететін немесе одан асатын артық қаражаты бар адамға парыз. Нисап мөлшері 85 грамм алтынды құрайды. Теңгеге шаққанда 4 млн теңгенің ол жақ, бұл жағы. Осындай артық қаражаты бар адамға міндет болады. Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемеген. Мұны не үшін айтып отырмын? Мәселен, Исламның 5 парызы бар. Оның бізге бәрі бірдей парыз емес. Намаз бен ораза – бәріне парыз. Бірақ соның ішінде қажылық пен зекетті алайық. Ол мал-дүниесі жететін адамға ғана парыз. Сол сияқты, құрбан шалудың да, Рамазан айында пітір-садақа берудің де дәл осындай шарттары бар. Қолында бары да, жоғы да құрбан шалсын, пітір берсін деген шарт жоқ. Демек, бұдан шығатын тұжырым: Алла Тағала біреуге артық мал-мүлік берсе, артық құлшылық пен ғибадат жүктейді екен. Өйткені, оның мал-дүниесі – оны азғырудың тағы бір жолы. Бізді шайтан, нәпсіміз азғырады. Ал нәпсіні қоздыратын фактор – мал-дүние. Кейбір үлкендеріміз: «Артық мал бітсе, есіріп кетеді» деп айтып жатады ғой. Сөйтіп, «есіріп», күнәға, харамға, ысырапқа бет бұрады. Сондай болмас үшін оған тағы бір құлшылықтарды мойнына іліп қояды. Алла Тағала сол үшін де Құрбан айт күні құрбан шалуды өзінің дәулет берген құлдарына міндет етті. Оның артында Алланы еске алу, мал-дүниесінің бір бөлігінің Жаратқанның жолында қию, шалынған малдың етін айналасындағы мұқтаждарға таратып, оларға қол ұшын беру, солардың жағдайын түсіну секілді хикметтер бар. Егер жағдайы жетіп тұрып, құрбан шалмаса, ол міндетті біліп тұрып орындамаса, Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын» деп айтқан. Қажылыққа барғандар біледі. Мәдина қаласындағы «Пайғамбар мешітінің» жанындағы алаңды Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) кезінде «Мусалла», яғни, айт намазын оқитын алаң етіп белгілеген. Осы жерге келмесін дейді. «Сен Алланың жолында малыңды қиып, парызыңды орындай алмай жүрсең, онда біздің арамызға, ортамызға қосылма, үмбетіміз болуға лайық емессің» деген ауыр ескерту айтқан. Осыдан-ақ Құрбан айттың маңызын көруге болады. Алла Тағала бекерден-бекерге ешкімге ештеңені бұйырмайды. Ештеңені бекерге жаратпайды. Сондықтан әр парыз бен міндеттің астарында осындай үлкен мән мен маңыз жатыр.
– Құрбан шалуда бастысы ниет екенін білеміз. Онда неге ақауы бар малды, яғни, тістері түгел емес, ақсақ, соқыр немесе тым арық малды шалуға рұқсат етілмейді?
– Біріншіден, құлшылық мәселелері «тауқифи» деп аталады. «Тауқиф» деген сөз «тоқтау» деген сөзден шығады. Яғни, парыз, уәжіп етілген нәрселерді Алла Тағала көрсеткендей етіп орындайсың. Артық не кемі жоқ, дәл сол жерден тоқтайсың. Оған біреу келіп: «Мына жерін былай қылсақ, әдемірек болып кетер еді» деп айта алмайды және айтуға да болмайды. Мысалға намазды алсақ, «Қазір адамдар бұрынғыдай тақуа емес. Сондықтан, имандарын күшейту үшін тағы екі уақыт қосып, бес уақыт емес, жеті уақыт қылсақ, керемет болар еді» деп ешкім ойынан ештеңе алып-қоса алмайды. Тек Алла Тағала айтқан жерде тоқтайды. Біз кейбір нәрселердің мәнін білмесек те, соған тоқтаймыз. «Неге намаз бес уақыт? Неге шам намазы күн батқаннан кейін қараңғы түскенше, неге басқа уақыт емес?» деген нәрселерді түсіне алмауымыз мүмкін. Бірақ Алла Тағала солай болуын қалады. Біздің солай жасауымызда жақсылық пен пайда бар. Сол секілді, құрбандық шалған кезде де Алла Тағала «Малдың төрт түрінен ғана, атап айтқанда, түйе, сиыр, қой, ешкіден қабыл етемін» деді. Осы малдың төрт түрінің жас ерекшеліктеріне, жағдайларына байланысты өзіндік талаптарын қойды. Қандай ақау, кемшілік болмау керектігін қадап көрсетті. Ал «Ең бастысы ниет қой» деп тауық соя салса немесе «Соқыр болса да, қотыр болса да, ниетім түзу ғой» деп сол малды апарып құрбандыққа шалып жіберсе, ол, әрине, жарамайды. Өйткені, Алла Тағала қалағандай орындап тұрған жоқпыз. Алланың бір бұйрығын орындап, бір бұйрығын тәрк етіп тұрмыз. Бұл – бір. Екіншіден, біздің шалып жатқан құрбандығымыз – Алла Тағалаға жасап жатқан сый-құрметіміз. Әдетте үйімізге құда-жекжат немесе алыстан сыйлы қонақ келсе, мал соямыз. Бір кісі болса да бір қойды соя салуымыз мүмкін. Бірақ келген кісінің бір қойды жеп кетпейтіні рас қой. Бес адам шақырсақ та, дастарқанды он бес адамға жететіндей етіп молынан жаямыз. Бес адам екі бауырсақтан жейді деп санап, есептей салмаймыз. Неге? Себебі, ол кісілерге деген құрметіміз. Келген кезде дастарқанымыздың молын, пейіліміздің кеңін көрсе деп ниет етеміз. Сол сияқты, Алла Тағала да: «Малыңның ең жақсысын бер» деген кезде біздің құрбандықты шынайы ықыласпен орындауымызды, сый-құрметті жақсылап көрсетуімізді қалады. Абыл мен Қабылдың қиссасында «Қабылдыкін не үшін қабыл етпеді?» дегенде, «Өнімдерінің ішіндегі ең шіріген, бүлінген, солғандарын әкеліп құрбандыққа шалды. Сол үшін Алла Тағала оған риза болмады» дейді. Қасиетті Құранда: «Шын мәнінде, сендердің шалған құрбандықтарыңның қаны да, еті де Аллаға жетпейді. Шынайы ниет, ықыластарың ғана жетеді» дейді. Расында да, Алла Тағала сойылған малдың етіне, ештеңесіне мұқтаж емес. Керісінше, біз мұқтаж адамдарға таратамыз. Дегенмен, Алла Тағала сол арқылы ішіміздегі ниет-пейілімізді өзімізге көрсетеді. Әйтпесе, Алла біздің ішіміздегіні де біледі ғой. «Алла Тағала бәрін біліп тұрса, ішіміздегіні көріп тұрса, неге бізді сынайды?» деген сауалға тәпсір ғалымдары: «Алла Тағала сабырлы адамның басына бір жағдайды тудырмай-ақ оның сабыр ететінін біледі. Десек те, ертең қияметте «мен тақуамын», «шынайы мүмінмін», «әділ болдым» деп бәрі ақталады. «Сен әділсің бе, онда әділдігіңе сәйкес жасаған амалдарың қане?» деген сиқты амалыңды тергеуі, жасаған амалдарыңды көрсетуі – ішіндегі жағдайдың көрсеткіші» деп айтады. Сол үшін де біз ниет, ықыласымыздың шынайылығын ең жақсы күйде жасау арқылы көрсетеміз.
– Өмірде түрлі жағдайлар кездесіп жатады. «Осы айда жалақым кешігіп жатыр еді, келесі айдың жалақысы түскенше қарызға ала тұрайын» деп құрбандық шалатындар бар. Сол секілді, бөліп төлеу немесе несие алып құрбан шалуға бола ма? Бұл – шынайы ниет пе, әлде «жұрттан қалмайын» деген мақтаншақтық па?
– Жоғарыда айтқанымдай, құрбандық шалу – жағдайы бар адамға ғана парыз етілген. Шамасы келмейтін адам қарыз алып, бөліп төлеуге немесе несие рәсімдеп өзін әбігерге түсіруге болмайды. «Олай жасамаған дұрыс», «Қарызға батпағаны абзал» деп айтпаймын. Олай құрбан шалуға мүлдем болмайды! Алла Тағала сапарда жүрген адамның өзін құрбан шалудан босатқан. Қараңызшы, мал-дүниесі бар болып тұрса да, оған құрбандық уәжіп болса да, сол құрбандық шалатын 3 күннің ішінде сапарда жүрсе, оның мойнынан ол міндет түсірілген. Себебі, адам сапарда бекерге жүрмейді. Маңызды жұмыстарымен жүргенде, құрбандық қабаттасып, әуреге түспесін дейді. Ал енді қаржысы жоқ адамның құрбан шаламын деп әбігерге түсіп, қарызға батып, басына одан сайын қиындықтар тілеп алуы – дұрыс емес. Шариғат оны құптамайды. Қарызданып-қауғаланып шалған жағдайда «қабыл болмайды» деп айта алмаймыз. Бірақ оның сол іс-әрекетке баруының өзі бұрыс нәрсе. Одан қалды, бүгінгі күні той мәселесінде жағдайы бары да, жоғы да «жұрт ананы жасапты», «ойбай мынандай тренд шығыпты» деп бір-бірінен қалмауға тырысады. Кейбір кездері осы нәрселер ғибадат, құлшылыққа да өтіп кетіп жатқанын көріп жүрміз. Адамдар дүние мен ақыретті шатастырып алуға дейін барады. Тойда, басқада қалыспау – ол дүниелік бақталастық. Ғибадатқа келген кезде ол рия, мақтаншақтық болып кетеді. Алланың ризалығы көзделіп жасалатын амалдарға «адамдар көрсін», «біз де анадан қалмайық», «мыналар құрбан шалмады деп айтпасын, біз де шалайық», «жұрттан ұятты» деген нәрселер араласатын болса, ол мүлдем қабыл болмайды. Ондай кездерде Алла Тағала қиямет күні: «Кімнің көзі үшін жасадың, сауабын содан сұра» деп адамның бетіне «ұрады». Сондықтан, ондай істерге бармаған дұрыс.
– Қасапшыға да қойылатын өзіндік талаптар бар деп естиміз. Кейде: «Қасапшылар көп ақша сұрайды» деп айтылып қалады. Осы тұста қасапшының еңбегін шалынған малдың етімен немесе терісімен төлеуге бола ма?
– Шындығына келсек, ол жерде қасапшы өзінің жұмысын жасап, нәпақасын тауып жатыр. «Ол құлшылық қой, оны неге пұлдайды?» деп айту қиын. Себебі, ол малды шалып жатқан кісінің құлшылық-ғибадаты. Қасапшы үшін ол – қызмет. Ол қызметіне ақы алады. Мәселен, біреулер адамдарды қажылыққа апарып табыс табады. Малды сатып жатқан адам да өзінің күнкөрісін жасап жатыр. Әрине, бұл жерде қымбат баға қойып, ақысын тым көтеріп жіберуге болмайды. Өйткені, сен осы арқылы біреудің құлшылық жасауына көмектесіп жатырсың. Оған ақы алғаныңнан бөлек, сауап аласың. Сондықтан, ақы талап еткен кезде де, қалыптасқан әрі нарықтағы бағаны қою керек. Бірақ құрбан шалған кісі де «бұл құлшылық қой», «ғибадат қой» деп қасапшыға міндетсінбестен оның сұраған ақысын беріп, еңбегін жемеу қажет. Өйткені, бұл да келісімнің бір түрі. Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Біреуді жалдап жұмыс жасатсаңдар, оның маңдай тері кеппей тұрып, еңбегінің ақысын беріңдер» деген. Олай болмаса, мойнында қарыз болып қалып кетеді. Қияметте сұралады. Сол үшін қасапшының ақысын жемеген абзал. Өз кезегінде қасапшы да жағдайды пайдаланып, қымбат баға қоймағаны дұрыс.
– Құрбандық етінен басқа дін өкілдеріне беруге бола ма?
– Осы тұста құрбандық етін жалпы беру-бермеу мәселесіне кеңінен тоқтала кетсем. Құрбандық шалған адам сойылған малдың етін түгелдей өзіне алып қалуына болады. Оны міндетті түрде тарату шарт емес. Сол сияқты, бәрін түгелдей таратып жіберуге және кейбір бөлігін алып қалып, кейбір бөлігін таратуға да рұқсат етіледі. Дегенмен, ғалымдарымыз үшке бөлген абзал дейді. Бір бөлігін – отбасына азық ретінде, екінші бөлігін – үйіне келген меймандарға ұсынуға, үшінші бөлігін – кедей-кепшік, мұқтаж жандарға таратқан жөн екен. Бұл жерде құрбандық етін тарату – алатын адамдардың санаттары белгіленген парыз болған зекет садақасы емес. Шалынған малдың етін тарату көмек болып есептелетіндіктен, оның етін өзге дін өкілдеріне де беруге болады. Бір жағынан бұл өзге дін өкілдерінің немесе дінді мүлдем ұстанбайтын адамдардың исламға деген құрметін арттырып, жүрегін жылытуы мүмкін. «Мұсылмандар осындай мейірімді, қайырымды екен. Мен де ұрпағымның осындай болғанын қалаймын. Өзім осы бастан мұсылман болып, оларды осындай жолмен тәрбиелейін» деген қызығушылығын тудыруы мүмкін. Сондықтан, «мұсылман емес адамға беруге болмайды» деген тыйым жоқ.
– Шариғат талаптарына сай шалынбайтын, яғни, ауылдан мал алдырып, оны көпқабатты үйлердің ауласында санитарлық нормаларды бұза отырып сою құлшылыққа жата ма? Ондай құрбан қабыл бола ма?
– Құрбандық шалу кезінде, ең алдымен, шариғат талаптары толығымен орындалуы керек. Шариғат дұрыс деп қабылдайтын құрбандық болса, ол дұрыс болмақ. Сәйкесінше, Алланың құзырында да қабыл болады. Сіз айтып отырған санитарлық талаптар да шариғатта бар нәрсе. Дініміз оны да сақтауға кеңес береді. Тіпті, «Малдың көзінше пышақты қайрамаңдар», «Өтпейтін пышақпен соймаңдар» деп мал екеш малдың өзіне де адамгершілік тұрғысынан қарап, қинамауды сұрайды. Бірақ ол кеңестер бұзылса да, құрбандық дұрыс болып есептеледі. Себебі, олар негізгі міндетті шартқа жатпайды. Дегенмен, санитарлық талаптарды сақтамау өз алдына бөлек күнә болып есептелуі мүмкін. Мәселен, сойған жерін ластап, соның кесірінен ауру тараса, болмаса сол жерде тұратын немесе өтетін тұрғындарға, жүргіншілерге кедергі келтірсе, ыңғайсыздық тудыратын болса, соны жасаған адамға күнә жазылмай ма? Десек те, құрбандығына, оның қабыл не қабыл болмауына тікелей әсер етеді деп айта алмаймыз. Сондықтан, құрбандық шалған кезде барлық санитарлық нормаларды сақтауға тырысу қажет. Шариғатымызда: «Өзіңе де, өзгеге де зиян тигізбе» деген қағида бар. Біреулер: «Мен құрбан шалып жатырмын» деп ренжуі мүмкін. Біздің құлшылығымыз – басқаға міндет емес. Сіз айтқандай көпқабатты үйде тұрсаң, есіктің алдына шығып, мал соймайсың ғой. Ол жерде балалар ойнайды, мүгедек, қарт кісілер жүреді. Жалғыз өзің тұрмайсың. Көпшілікке арналған орынды қанға былғау имандылыққа жатпайды. Оның үстіне, қазір барлық өңірде арнайы мал соятын, құрбан шалатын орындар белгіленіп, бекітілді. Сондай жерлерге барып шалған абзалырақ.
– Жыл сайын Құрбан айт қарсаңында саудагерлердің бағаны қолдан 2-3 есе өсіріп жіберуі шариғатқа және адамгершілікке қаншалықты сыяды? Бұл жағдайда құрбандық шалудың мәні жоғалмай ма?
– Бағана атап өткенімдей, біреудің құлшылық жасауына көмектесу, ғибадатына себеп болу – ол да үлкен сауап. Біздің қоғамда науқан кездерінде пайда көріп қалу бұрыннан бар, айтылып жүрген мәселе. Мысалы, мереке күндері гүл қымбаттайды. Рамазан айында сөк пен талқанның бағасы өседі. Құрбан айт күндері малдың құны шарықтап кетеді. «Осы айт күндері көбірек пайда көріп қалсам екен» деген секілді пайдакүнемдік исламда жалпы құп көрілмейді. Өйткені, Имам Муслимнің «Сахих» хадисінде» айтылғандай, бағаны себепсіз күнәһарлар ғана өсіреді. Исламда «берекет» деген нәрсе бар. Оны адамдар көзбен көріп, санмен өлшей алмайды. Ол ешқандай арифметикалық заңдылықтарға бағынбайды. Алла Тағала аз ғана қаражатқа, аз ғана малға берекет берсе, біреулердің миллиондаған байлығынан артық болуы мүмкін. Одан да көп пайдасына жарап, рахатын көреді. Кәсіп иелері: «Дәл осы айт күндері көп пайдаға кенелмесем де, мұсылмандарға қолайлы жағдай жасап, құлшылығын жасауға себеп болайын, маған Алла Тағала басқа жағынан берекетін береді» деген сенімде болуы керек. Алланың қазынасы көп, сондықтан ол міндетті түрде басқа жағынан қайтады. Әрине, өзіңді шығынға батырып, сондай әрекетке бар деп айтпаймыз. Кейде малды сатып әкелетін жағы қымбаттатып жіберетін жағдайлар да кездеседі. Сосын әкелуші амал жоқ, жолы бар, басқасы бар, бала-шағасының нәпақасы бар, шығынға батпау жағын ойлайды. Сондықтан, бағаны қолдан көтермеуге шақырамыз.
– Бірнеше жылдан бері Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайтын іске қосып келеді. Адам өзі бармай, ақшасын аударып, онлайн тапсырыс беру арқылы құрбандық шалуының рухани мәні қандай? Сойылған малдың қанын көру, етін өз қолымен тарату міндетті емес пе?
– Әлбетте, мүмкін болса, ер кісілер құрбандық малдарын өздері сойғандары абзал. Мұхаммед пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қызы Фатимаға: «Құрбандыққа шалынған малдың әр тамған қаны Алланың құзырындағы биік дәрежелерде қабыл болады. Бар да, шалып жатқан құрбандығыңды өз көзіңмен көр» деп айтқан. Осыдан-ақ шалған адамның өзінің қатысуы маңызды екенін көреміз. Бұдан бөлек, біздің халқымыз: «Бәле-жәленің бәрі осымен кетсін» деп жатады. Демек, оған қатысудың астарында үлкен хикмет бар деген сөз. Кейбір кісілер: «Малды соймақ-ақ ақшасын бере салсақ болмай ма?» деп жатады. Ақшасын бере салатын жерлер өте көп. Зекет, пітір садақасы, нәпіл садақалар бар. Бірақ, неге қан ағызып, құрбан шалу арқылы садақа жасауымызды бұйырып тұр? Алла Тағала ешбір нәрсені бекер бұйырмады дедік қой. Сондықтан, соя алса, өзі бауыздағаны дұрыс. Бара алса, барып қатысқандары жөн. Десек те, кейде мемлекеттік мереке, демалыс болғанымен біреу жұмыстан босай алмауы, кезекшілікке түсуі, сапарда жүруі мүмкін. Сапарда жүрген адамның мойнынан түседі, бірақ союына болмайды деген сөз емес. Сауаптан құр қалмайын деп, ауылында қалған біреуге тапсырып, өзінің атынан шалғызуы мүмкін. Сол секілді, құрбан шалу рәсімін қашықтан өткізуге арналған qurban.muftyat.kz сайты осы мейрамнан екі апта бұрын іске қосылып, жұмысын бастады. Онлайн түрде құрбан шалам деушілер осы сайт арқылы тұратын өңірін, құрбандық малын таңдап, қажетті қаражатты аудара алады. Қой мен ешкіні жеке адам, ал ірі қара мен түйе малын бір немесе 7 адам бірігіп шалса болады. Айт күні бекітілген өкілдер сол кісінің атынан құранын оқып, батасын беріп, шалады да, оның фото және бейне есебін тапсырыс беруші көрсеткен нөмірге жібереді. Бұл – халыққа, әсіресе үлкен қалаларда тұратын жамағатқа оңтайлы болу үшін жасалған дүние. Кейбір кісілер базарға барып, мал таңдап жүргісі келмейді. Кейбіреулер кезекке уақыт құртқанша, бір күн демалысын отбасына арнағысы келеді. Мерекелік шараларға қатыссам дейді. Ығы-жығы жерге бара алмайтын егде жастағы кісілер болады. Міне, осындай адамдарға аталған сайт өте қолайлы. Алаяқтарға алданамын деп уайымдамайды, есебін түгел көріп отырады.
– Құрбандық шалған сәтін видеоға немесе суретке түсіріп әлеуметтік желілерге салу – бұл мерекені насихаттау ма, әлде рия ма? Жалпы, қан шығарып жатқан сәтті көрсету дұрыс па?
– Жалпы, базарда мал таңдап, оны сатып алып жатқан суреттер мерекені насихаттауға жатуы мүмкін. Егер, ниеті дұрыс, мақтангерліктен аулақ болса, әрине. Бірақ қан ағызып жатқан сәтті түсіру, оны әлеуметтік желілерге жариялау дұрыс емес. Оны көрген адамның бәрі түсінеді деп айту қиын. Иман келтіргендер бар да, дінге қарсылар бар. Құрбан шалудың мәнін білетіндер бар да, оны жануарларға қатыгездік таныту деп ұғатындар бар. Олар дұрыс түсінбегеннен бөлек, оны басқа мақсатта пайдалануы, халыққа басқаша жеткізуі мүмкін. Екіншіден, оны көрсетудегі мақсатың не? Оны әлеуметтік желілерде жаппай тарату заң тұрғысынан да дұрыс емес деп ойлаймын. Кейбір порталдар «зорлық-зомбылық санатына жатады» деп жүктемей де тастайды. Демек, мұның қай жағынан да құп көрілмейтіні осыдан-ақ көрініп тұр.
– Қоғамда: «Біз айт күндері тек тамақ жеу мен қонаққа барумен шектеліп жүрміз. Құрбан айт мал сою арқылы жыл сайын қайталанатын ет жеу дәстүріне айналып кетті» деген пікір бар. Бұған не дейсіз? Айт күндері құрбандық шалудан бөлек тағы қандай істер атқарған абзал?
– Ислам дінінде өзі екі-ақ мереке бар. Оның екеуі де айт. «Айт» деген сөздің өзі мейрам, қуаныш, шаттық дегенді білдіреді. Біреуі – Ораза айт, екіншісі – Құрбан айт. Қарап отырсаңыз, екеуі де құлшылық-ғибадатпен басталады. Ораза айт намазы оқылғанша, пітір садақасын бермегендер беруге асығады. Бірінші садақасын беріп, айт намазын оқиды. Ал Құрбан айтта бірінші айт намазын оқып, сосын құрбандығын шалады. Осылайша, екі мерекенің екеуі де таң азанымен ғибадатпен бастау алады. Одан кейін барып мерекені тойлау, адамдарға қуаныш сыйлау, бірін-бірі зиярат ету секілді амалдарға жалғасады. «Бұл күні қыдыру, тамақ жеу, қонаққа бару көп, ол дұрыс емес» деп айтуға болмайды. Өйткені, бұл күн – мереке. Мерекені сезіну үшін ораза ұстауға әдейі тыйым салынды. Екі айтта ораза ұстау – харам, күнәға жатады. Ол күні адам жайнап-жадырап, күліп жүруі, бір-біріне қонаққа баруы, қуанышты, мерекені сезіне алуы, өзгеге де сездіре білуі керек. Айттың лебін, салтанатын, атмосферасын жасайтын амалдарды қолдау, құптау қажет. Бірақ құр әншейін қуанып, босқа секіріп жүрмеген жөн. Бағанағы айттың таңымен басталатын құлшылық-ғибадаттарды жасаған дұрыс. Бәріне бірдей пітір садақасын беру, құрбан шалу міндет емес. Дегенмен, бәріне бірдей айт намазына бару – міндет. Ораза айт жұмыс күні болғандықтан көбісі босамай қалып жатады. Ал Құрбан айт – мемлекеттік мереке. Арнайы демалыс беріледі. Сондықтан, Алла Тағала осындай мүмкіндікті нәсіп етіп тұрғанда, оған неге бармайсың? Неге ел-халықпен, жамағатпен бірге дұға етпейсің? Одан кейін қанша күліп-ойнасаң да, қанша қыдырсаң да бәріне рұқсат етіледі. Тек шариғат шеңберінен шықпасаң болғаны.
Құрбан айт тек құрбандық шалумен шектелмейді. Бұл – ағайын-туыстың арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, адамдар арасындағы қарым-қатынасты күшейткен абзал. Егер туған-туысың зиярат ете алмайтындай алыста болса, телефон шалып, жағдайын біліп, құттықтау, ағайынның арасына жылулық сыйлау – игілікті іс. Екінші – көрші-көлемнің арасындағы жылулық. Оларға да арнайы барып сәлем беру, құрбандық етінің бір бөлігін апару болмаса балаларына «айттық» деп кәмпит секілді тәтті тарату – мерекенің сәнін кіргізетін сауапты амалдар.
Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантқан жөн. Жасыратыны жоқ, діни мерекелердің насихаты аз. Сол себепті де балалар Хэллоуиннің бетпердесін киіп, соларды көбірек біледі. Ғаламтордан соларды көп көреді. Құрбан айттың насихаты кемшін болғандықтан, балаларымыз бейғам өсіп келе жатыр. Оларға осы бастан: «Қастерлі де қасиетті Зұл-хижжа айы кірді. Осы айдың оныншы күнінде үлкен мейрам Құрбан айт болады» деп Ибраһим пайғамбардың қиссасын айтып берсе, айттың құрметіне көшеге шығарып қыдыртса, бұл – отбасылық идеологиялық жұмыстың үлкені. Бұрын үлкендеріміз Арапа күні иіс шығарып, бауырсақ пісіріп, айттың келе жатқанын білдіретін. «Айттық сұрау» деген бар болатын. Қазір ол да ұмытылып келе жатыр. Міне, осылардың бәрін көріп өскен өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Әңгімелескен
Нұрсұлтан МЫҚТЫБАЙ









