Есімі «Алтын кітапқа» енді

Негізінен бұл кітапта әр саланың үздіктері, қоғам мен саясат, ғылым мен спорт, өнер мен ағартушылық, мәдениет саласындағы жеткен жетістіктері мен әлем және ел ішінде қошеметке бөленген ұлы тұлғалардың өмірі баяндалады. Энциклопедиялық кітап республика көлемі бойынша ешқандай баламасы жоқ, өзгеге ұқсамайтын, өзіндік айтары бар бірден-бір басылым.
Осы ретте аталған кітапқа өмірін ұстаздыққа арнаған, асыл жүректі ана Сұлупан Шамшадинқызының өмірбаяны, еңбек жолы мен фотосуреттері бірнеше бетке арқау болған.
Ардагер-ұстазға «Алтын кітапты» жақында кент әкімі Ержан Бақтияров пен аудандық білім бөлімінің басшысы Еркебұлан Жақып тапсырды. Кент әкімі ұстаздың өнегелі өмір жолына тоқталып, сексенге келсе де қоғамнан алыстамай, тәрбиеге, елдің көркею мен көгалдануына атсалысып жүргені үшін алғысын білдірді. Өз кезегінде білім бөлімінің басшысы Сұлупан Шамшадинованың ұстаздық қызметін ерекше атап өтіп, қаншама ұстазға ұстаз болған ардақты жанға зор денсаулық пен қажымас қайрат тіледі.
Білімнің шырағын жаққан ұстаз туралы кітапта: «Құрметті зейнет демалысына шықса қоғамдық істерден қол үзбей келе жатқан Сұлупан Шамшадинова мектеп-лицейдің ата-аналар комитеті төрағасының орынбасары, «Сыр – Ана» әжелер ансамбілінің мүшесі қызметін абыроймен атқарып келеді. Аудандық газетке әртүрлі тақырыпта мақала жазып тұрады» делінген. Бұл ретте Сұлупан Шамшадинова өнерден құр алақан еместігін, қоғамның әрбір ісіне бей-жай қарамай үн қосып, еліміздің гүлденуіне дамуына атсалысып, игі іске қолдау білдіретін жанашыр жан екенін айтқан жөн.
Осылайша, елге еңбегі сіңген ардагерді кейінгі ұрпақ есінде сақтау мақсатында білім саласында жүрген ардагер-ұстаз кітап төрінен орын алды. Ел игілігіне қызмет етіп жүрген жанның абырой биігінен көрінуі – сырдариялықтар үшін үлкен мақтаныш.
Айту керек, аталған энциклопедияға елге еңбегі сіңіп, қажыр-қайраты мен қабілетін ел игілігіне арнаған, есімі ел есінде қалып, кейінгі ұрпаққа үлгі болуы тиіс тұлғалар бір жинаққа топтастырылады.
Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ