Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Құнды кітап – оқырман олжасы

Құнды кітап – оқырман олжасы

«Руханият орталығында» жақында жарық көрген «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабының тұсаукесері өткізілді. Оған аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нұрмат Мансұр, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы, «Қызылорда ньюс» ақпараттық агенттігінің бас редакторы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің докторанты Айжан Абдуллаева, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асхат Қожакелдіұлы және ауданның зиялы қауым өкілдері, аудандық мәслихат депутаттары мен аудан тұрғындары қатысты.

«Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабының таныстырылымына арналған іс-шараның тізгінін өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы қолға алды. Бұл ретте, аудан әкімі Берік Сәрменбаев сөйлеп, сала ардагерлері мен мамандарын 30 жылдық мерейтойымен және кәсіби мерекесімен құттықтады. «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабының жарыққа шығу мән-маңызына тоқталды.

– «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» атты тағылымды еңбек – жай ғана кітап емес, ауданымыздың сан ғасырлық тарихын, елдің бірлігі мен тірлігін, ұлтқа қызмет еткен тұлғалардың өнегелі жолын, туған жердің табиғаты мен мәдени мұрасын ұрпақ жадында жаңғыртатын құнды туынды. Кітапта Сырдарияның өткені ғылыми негізде зерделеніп, тарихи деректер мен ел аузындағы құнды мәліметтер жүйеленіп берілген. Сырдария – тамырын тереңге жай­ған, тарихы бай, руханияты кемел өңір. Бұл қасиетті топырақтан елге танылған батырлар мен билер, ақын-жазушылар мен мәдениет қайраткерлері шыққан. Сондықтан осындай еңбектің жарық көруі – аудан тарихына деген құрметтің, келер ұрпақ алдындағы жауапкершіліктің айқын көрінісі деп білемін.

Жаңару мен жаңғыру кезеңінде аудан тарихын түгендеп, рухани мұрамызды ұлықтау – аса ма­ңызды міндеттердің бірі. Бұл кітап туған жердің тарихын тануға, өскелең ұрпақтың елге деген сү­йіспеншілігін арттыруға қызмет етеді деп сенемін. Тарихын таныған елдің болашағы баянды болмақ. Кітапты әзірлеуге атсалысқан ға­лымдар мен зерттеушілерге, өл­кетанушыларға, қаламгерлер мен музей қызметкерлеріне, сондай-ақ осы игі іске қолдау білдірген азаматтарға аудан халқының атынан шынайы ризашылығымды білдіремін. Бұл – көпшіліктің ортақ еңбегі мен жанашырлығының нәтижесі, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.

Бұл ретте кітапты құрастырушы редакциялық алқаның құрамында өлкетанушы Жұмабай Байзақұлы, PhD докторы Әзілхан Тәжекеев, филология магистрі, қаламгер Айжан Абдулла­ева, «AMANAT» партиясы аудандық филиалының атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы бар екенін айта кеткен жөн. Осы жылы 98 жылдық белесті бағындырып отырған ау­данның шежірелі тарихын зерделеген кітаптың мазмұны терең.

– Бірер күн бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі» Жарлыққа қол қоюы – ел руханиятына берілген үлкен серпін деп білемін. Себебі кітап – ұлттың санасын өсіретін, рухын байытатын, тарихи жадын жаңғыртатын ең үлкен құндылықтардың бірі. Кітап оқитын қоғамның ой-өрісі биік, танымы терең болады. Сондықтан Президент бас­тамасы өскелең ұрпақтың білімге, руханиятқа деген қызығушылығын арттырып, ел болашағын ке­мелдендіруге бағытталған маңызды қадам. Қазіргі уақытта «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабының тұсаукесері де осы игі бас­тамамен үндесіп жатыр. Бұл еңбек – жай ғана тарихи жинақ емес, Сыр өңірінің шежіресін, ауданның өткені мен бүгінін, елдің рухани болмысын, тарихи-мәдени мұрасын кеңінен қамтыған құнды туынды. Кітапта Сырдарияның бай тарихы ғылыми тұрғыда зерделеніп, ел аузындағы деректер мен тың мәліметтер жүйеленіп берілген. Мұның барлығы туған жер тарихын тануға, ұлттық құндылықтарды ұлықтауға қызмет етеді. Сырдария – тарихы терең, тағылымы мол мекен. Бұл өңірден ел басқарған тұлғалар, сөз ұстаған шешендер, ақын-жыраулар мен мә­дениет қайраткерлері шыққан. Осындай құндылықтарды бір арнаға тоғыстырып, кейінгі ұрпаққа жеткізу – үлкен жауапкершілік. Сондықтан бүгінгі кітаптың жарық көруін аудан руханияты үшін маңызды оқиға деп бағалаймын. Әсіресе, қазіргі ақпараттық технология дәуірінде жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру аса маңызды. Кітап – ұлттың рухани тірегі. Кітап арқылы адам тарихын таниды, санасын қалыптастырады, дүниетанымын кеңейтеді. Бүгінгі тағылымды іс-шара да оқырман мәдениетін дамытуға, жастарды туған жер тарихын құрметтеуге үндейтін маңызды рухани басқосу болды. Осы еңбекті жарыққа шығаруға атсалысқан ғалымдар мен зерттеушілерге, өл­кетанушылар мен қаламгерлерге, музей қызметкерлеріне және қолдау білдірген азаматтарға шынайы ри­зашылығымды білдіремін. Мұндай тағылымды дүниелер ел руханиятын байытып, ұлттық құндылықтарды дәріптей беретініне сенім мол, – деді Жұмабай Байзақұлы.

Тағылымы мол іс-шарада PhD докторы Әзілхан Тәжекеев жиналған қауымға бейнебаян арқылы кітаптың мазмұнын баяндаса, Айжан Абдуллаева мен Асхат Қожакелдіұлы сөз сөйлеп, кітапты құрастыру барысында кездескен мағлұматтардың зерттелу мүмкіндігін саралады. Ежелден келе жатқан тарихтың тереңіне бойлап, аудан өмірін айшықтай түскен құнды дүниенің кейінгі ұрпаққа берері мол екенін тілге тиек етті.

Бұдан өзге ақын Нұрмат Мансұр, мемлекеттік қызметте талай жыл еңбегімен танылған ардақты азамат Марат Омаров кітаптың тарихи-тағылымдық маңызы зор екенін атап өтті.

Зиялы қауым өкілдері мен аудан қонақтары «Тарихы терең, келешегі кемел Сырдария» кітабының лентасын қиды.

Балтабай ОРДАБЕКОВ

23 мамыр 2026 ж. 35 0