Елеулі еңбекке – лайықты құрмет
Бұрнағы күні Сырдария аудандық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Маратбек Еспенбетов ауданның дамуына елеулі үлес қосып, қажырлы еңбек еткен ұлағатты ұстаздар, мәдениет, білім, мемлекеттік сала үздіктері Сансызбай Сәдуақасов, Гүлбар Әбілова мен Алимаш Мырзахметоваға «Сырдария ауданының 95 жылдығы» мерекелік төсбелгісін табыстап, сый-құрмет көрсетті.
Тарихы терең, қойнауы қазынаға толы іргелі ауданға өткен жылы 95 жыл толған болатын. Ауданның айтулы мерейтойын жергілікті халық былтыр ауқымды түрде атап өткені баршаға аян. Ауданның тарихи шежіресінде аудан дамуына, өсіп-өркендеуіне айрықша үлес қосып, өлшеусіз із қалдырған, елеулі еңбек еткен тұлғалардың өзіндік орны бар екені сөзсіз.
«Ұлттың болашағы – ұрпағында, ұрпақ тәрбиесі – ұстаз қолында» демекші, шәкірттеріне тәлім-тәрбие беріп, білім нәрімен сусындатып, үлкен өмірде бағыт-бағдар беріп, жол көрсетуде ұстаздың еңбегі зор. Осы ретте, бар ғұмырын білім саласына арнап келе жатқан ұлағатты ұстаз, ағартушылық қызметтің ардагері Гүлбар Әбілова саналы шәкірт тәрбиелеген аяулы жан ретінде бар құрметке лайық. Сапалы білім беруде алдына жан салмаған ардақты жанның білім беру ісінде есімі ерекше аталады. Қырық жылдан аса білім саласында елеулі еңбек еткен ардагер ұстаздың халық баласын оқытуда тәжірибесі ұшан-теңіз. Негізінен, аяулы жан – «ҚР білім беру ісінің үздігі». Сонымен қатар ол – «Қызылорда облысының 70 жылдығы», «Қорқыт ата атындағы мемлекеттік университетінің 70 жылдығы», «Сырдария ауданының 80, 90 жылдығы» мерекелік медальдарымен марапатталған. Білім басқармаларының «Құрмет грамотасын», облыс, аудан әкімдерінің «Алғыс хатын» иеленген. Бүгінгі таңда ардагер ұстаз ауданның қоғамдық іс-шараларынан тыс қалмай, ұрпақ тәрбиесіне өзіндік үлесін қосып келеді. Аудандық қоғамдық кеңес мүшесі ретінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына барынша атсалысуда.
Сырдария ауданы – өнердің киелі бесігі, дарынды тұлғалардың мекені саналады. Қасиетті өлкеде ауданымыздың мәдениет саласы қызметкерлері рухани қазынаны ұрпаққа жеткізу жолында ауқымды жұмыстар атқарып жүр. Осындай ізгілікті жолда мәдениет саласы ардагерлерінің қосқан үлесі зор. Олардың қатарында ҚР мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы», «Сәдуақасовтар» отбасылық ансамблінің жетекшісі Сансызбай Сәдуақасұлы бар. Өнер майталманы аудан, облыс мәдениетінің даму жолында аянбай қызмет етуде. Аудандық мәдениет үйі жанынан құрылған «Құрақтың Досжаны» атты ұлт аспаптар оркестірінің ұйымдастырылуына, 1985 жылы «Халықтық» атақ алуына өлшеусіз еңбек еткен құрметті жан – аудан мақтанышы.
Ал, Алимаш Залқызы білім және мемлекеттік қызметте жемісті еңбек ете білді. Берекелі ауданның қоғамдық-саяси ахуалын тұрақтандыру мақсатында әлі күнге дейін зейнетке шықса да, біршама жұмыс атқарып жүр. Ауданның қоғамдық даму саласы – ауқымды қызметке толы. Қиын да күрделі саланы басқару оңай емес. Бұрынғы аудандық ішкі саясат бөлімін үздіксіз он жыл басқарып келген ардақты ардагер – өз саласының білгірі.
Өз кезегінде, Сырдария аудандық мәслихат депутаты Алмас Есназар ауданның білім және мәдениет, мемлекеттік саласының өркендеуі жолында қажыр-қайратын жұмсаған ардақты ардагерлерді мерекелік төсбелгі иегері атануымен құттықтап, оларға ұзақ ғұмыр тіледі.
Тағылымы мол іс-шара соңында марапат төрінен көрінген ардагерлер жиналған көпшілікке өз алғыстарын айтып, ғасырға жуық тарихы бар ауданның толайым табыстарға жетуіне тілектестік білдірді.
А.ҚАЙРАТҚЫЗЫ