Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Үлкенге құрмет – кішіге міндет

Үлкенге құрмет – кішіге міндет

Аудан орталығындағы қасиетті қарашаңырақ саналатын білім ош­а­­­­­­­­­­­­­­ғы­ның бірі – №35 Иса Тоқты­­ба­ев атын­дағы мектеп-лицейде «1 қа­зан – Ха­­лықаралық қарттар күні­не» орай кез­десу кеші ұйымдастырылды. Ел егемендігінің 30 жылдығына орай «Тәуелсіздік жетістіктері» тақы­рыбымен өткізілген игі іс-шараға түрлі сала ардагерлері қатысып, жас толқынға өнегелі әңгімелер айт­ты.
Тағылымы мол іс-шарада тоғызқұмалақтан ҚР-ның спорт шебері, ардагерлер арасындағы ҚР чемпионы Мектепхан Елеусінов, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов, «Сырдария ауданының құрметті азаматы», еңбек ардагері Зылиха Сыздықова, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, ардагер-ұстаз Сұлупан Шамшадинова және «Ы.Алтынсарин» медалінің иегері, «Сырдария ауданының құрметті азаматы» Анар Ізбасарова арайлы азаттық таңы атқаннан бергі еліміздің, оның ішінде ауданның жетістіктерін атап өтті. Тоғызқұмалақ спортының шебері М.Елеусінов бүгінде мемлекетімізде спорт саласының дамуы­на айрықша көңіл бөлініп, нәтижесінде қазақстандықтар дүбірлі додаларда ел мерейін үстем етіп жүргендігін жеткізді. Ал мәдениет саласының майталманы С.Сәдуақасов өркениетке ұмтылған қо­ғамда мәдениет басты орында тұратынына тоқталып, өңір, өлке мәдениетінда айтулы жетістіктер бар екенін атап көрсетті.
Еңбек ардагері З.Сыздықова серпінді аудан жыл сайын өсіп-өркендеп келе жатқанын тілге тиек етсе, ардагер ұстаздар С.Шамшадинова мен А.Ізбасарова білім саласындағы айтулы белестерді тізбектеді. Мәселен, егемендік алған жылдары білім ошақтарында материалдық-техникалық базаның толық қамтылмаса, қазіргі таңда білім ізденетін жас ұрпаққа барлық мүмкіндік қарастырылған. Сондықтан осындай жақсы қоғамда өмір сүріп жатқан жастар ел дамуына үлес қосуы тиістігін, ол үшін жан-жақты білім алуы керектігін айтты ұлағатты ұстаздар.
Кеш қонақтары 30 жыл ішінде Қазақстан әлем сахнасында айтулы беделге ие болғанын, аз уақыттың ішінде көптеген экономикалық, саяси және әлеуметтік жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтті. Ал кездесуге қатысқан оқушылар ардақты ардагерлерге өздерінің са­уалдарын қойды. Жасөспірімдер аға буын өкілдерінен егемендік алған жылдары жұмыс істеген салалары бойынша қандай қиындықтарды бастан өткергенін, аудан руханиятын жаңғыру бағытында қандай іс-шаралар атқарылғанын, мерейлі белестегі аудан жетістіктерін сұрады және бүгінгі жастардың бойындағы патриоттық сезімге қатысты пікірлерін білді. Ауданның құрметті қариялары ел болашағы жастардың қолында екенін, қазіргідей қоғамда білімділердің асығы алшысынан түсетіндігін тілге тиек етіп, мектеп қабырғасында ұлағатты ұстаздардан сапалы білімді меңгеріп шығуды айтты және соған тілектестік білдірді. Оқушылар меймандарға өз өнерлерін көрсетіп, үлкенге құрмет көрсетті.
Кездесу қорытындысында мектеп-лицей директоры Б.Бақбер­генова ардагерлерді халықаралық қарттар мерекесімен құттықтап, ардагерлерге ұжымның атынан сыйлық табыс етті.

Ердос БЕРКІНБАЕВ
02 қазан 2021 ж. 252 0