Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлт мұрасы - домбыра

Ұлт мұрасы - домбыра

Шілде айының бірінші жексенбісі – Ұлттық домбыра күні. Аталған мерекеге орай, аудандық орталық стадионда арнайы шара өтті.

Шараға аудан әкімі Б.Сәрменбаев, аудандық мәслихаттың төрағасы Е.Әжікенов, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Келдібаев, «Құрмет» орденінің иегері, Сырдария ауданының «Құрметті азаматы», айтыскер ақын М.Байдаулетов пен өнер саласының майталмандары қатысты.

Аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы шара аясында:
- Домбыра – қазақ халқының асыл қазынасы.

Домбыра арқылы өңірде ғасырлардан келе жатқан айтыс өнері мен жыраулық дәстүр көші әлі күнге үзілген жоқ.
Сыр өңірі – талай марғасқа жыраулар мен тума таланттарды өмірге әкелген, жыраулық өнердің түп қазығы, алып тайқазаны саналатын құтты мекен.

Осы ретте жылдан жылға домбыра тартатын жастардың қатары көбейіп келе жатқаны қуантады. Қазақтың дәстүрлі ән-күйін насихаттап жүрген барша аудан өнерпаздарына алғыс айтамын!

Баршаңызды Ұлттық домбыра күнімен шын жүректен құттықтаймын! – деп, сырдариялықтарды мерекемен құттықтады.

Мерекеде бірқатар ауданның мәдениет саласына елеулі үлес қосып жүрген азаматтар аудан әкімінің және де облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының алғыс хаттарымен марапатталды.

Мерекелік кеште аудан өнерпаздары өнер көрсетіп, домбырашылар қазақтың күйлерінен папури орындады.
05 шілде 2024 ж. 222 0