ЖАППАР ЖЫРАУ
Өнер өлкесінің өр биігіне айналған қасиетті қармақшы таланты теңіздей толқыған, өшпестің отын маздатқан көптеген жыр дүлділдерін дүниеге әкелді. Оның ішінде, тума талант иелерінің бесігін тербеткен қасиет пен тектіліктің мекені атанған Тұрмағамбет ауылының орны ерекше.
Расында да, «Сыр – Алаштың анасы» деп Елбасымыз айтқандай, Сыр өлкесінің бір бөлшегі болған, даңғайыр ақын Тұрмағамбет есімімен аталатын осы бір шағын ауылда КСРО Батыры да, Еңбек Ері де, даңқты күрішші де, ұстаз да, ақын-жырау да, бір емес, екі бірдей генерал мен бірнеше ғылым докторлары өсіп өнді.
Міне, осынддай дарын иелерінің ақ отауы атанған қасиетті өлкеде бар саналы өмірін өткізген, жыраулық өнерді ұрпақтан ұрпаққа аманаттап өмірден өткен Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Мұзарап, Сабыт Дүзбенбет, Жиенбай, Рүстембек, Көшеней, даңғайыр ақын Тұрмағамбет Ізтілеуовтей жыр жүйріктерінің аманатын арқалап, осы өңірдің күллі қазақ жұртшылығына «Жүз жыраудың мекені» атануына зор үлес қосқан, халық аузында тарлан жырау атанған жыр дүлділі – Жаппар Тұңғышбаев.
Өткен ғасырдың отызыншы жылдарында елімізде өткен ашаршылық, ұжымдастыру, қуғын-сүргін сияқты сталиндік солақай саясаттың жүріп жатқан кезеңінде өмір есігін ашқан Жаппардың балалық шағы сол заманғы балалардың өмірімен тағдырлас болды. Талай жанның отбасына қайғы-қасірет әкелген Ұлы Отан соғысында да Жаппар ауылдастарымен бірге ала жаздай егін егіп, күзде астық жинауға көмектесіп, масақ терді. Қыста отын шапты.
Міне, көптің күткен ұлы тойы, яғни Жеңіс күні де келіп жетіп, елге оралған майдангерлермен бірге жас болса да Жаппар ауылда халық шаруашылығын қайта қалпына келтіру жұмыстарына белсене араласты.
Бала жасынан жыраулық өнерді өміріне серік еткен ол ауылдағы орта мектепті тәмамдаған соң, Қызылордадағы политехникалық арнайы оқу орнында білімін жетілдіріп, алғашқы еңбек жолын туған елінде сушы, жүргізуші болып бастайды.
Бірақ, жыраулық өнерге деген ықыласы ерекше болған жас талант ауылдастары Зайыр, Сүйінбай, Берман, Әбдіқалық және Қуандық сынды дарынды жыраулармен бірге той-томалақтарда жыр жырлап өнерсүйер қауымның батасына ие болады. Жыр әлеміне енген ол бар өмірін осы киелі өнерге арнауға бет бұрады.
Жаста болса, жыраулық әлемде орнын сайлап алып, өзінің қайталанбас мақамымен ел-жұрттың жүрегін жаулаған Жаппар жырау талай жыр додаларында бақ сы- нап, мәртебесі тасыды. 1979 жылы Қызылорда қаласында ҚазКСР- ның 60 жылдық мерейтойына арналған республикалық жыраулар мен күйшілер байқауында Сыр шайырларының жыр-термелерін нақышына келтіре орындап, мақтау грамотасын иеленсе, кейіннен республикалық, облыстық өнер фестивальдеріне қатысып, өнерсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді.
Жаппар Тұңғышбаев өзінің өміріне пір тұтқан жыр дүлділдері Ешнияз сал, Кете Жүсіп, Жиенбай мен Шораяқтың Омары, Тұрмағамбет ақынның, Үбісұлтан шежірешінің жыр-термелерін ел-жұртқа насихаттап, осы өнердің қазақ даласында кеңінен қанат жаюына атсалысты. Әсіресе, жауынгер-ақындар Әбзәли Егізбаев пен Әлімбай Әлиасқаровтың, сондай Наурызбай жыраудың дастандары мен қиссаларын және басқа да жыр-термелерін шебер орындап, ел-халықтың қошеметіне бөленді. 2004 жылы республикалық телеарнаның ұйымдастыруымен өткен «Жыр керуені» телебағдарламасына қаыытысып, көрермендер алдында өнерін паш етсе, 2006 жылы тұңғыш рет Қорқыта ата мемориалдық кешенінде өткізілген «Қорқыт және Ұлы дала сазы» халықаралық өнер фестивалінде өнер көрсетіп, лауреат атанды. Ол кезде тарлан жырау Жаппар Тұңғышбаев 73 жаста болатын.
Міне, бар саналы өмірін жыраулық өнерге арнап, ел-жұртының мақтанышына айналған Жаппар жырау өзінің қайталанбас мақамымен фестивальге қатысушылар мен қонақтардың ілтипатына бөленіп, жыраулық әлемде айрықша орны бар екенін дәлелдеді.
Талайды таң қалдырған тарлан жырау Жаппар Тұңғышбаевтың жыраулық өнерін ел-жұртқа насихаттап көптеген ақын жыр ар- наса, тілшілер қауымы облыстық, республикалық басылымдарға мақалалар жариялады. Ақын Әлімбай Әлиасқаров өзінің ақын-жыршылар өмірін баяндайтын «Кетенің кемеңгерлері» атты термесінде:
...Тұңғышбайдың Жаппары,
Әркімнің осы мақтары.
Көмейінде кірбің жоқ
Бұлбұлша сайрар бақтағы...
деп Жаппар жыраудың да өнеріне тоқталып өтіп, бағасын берген.
Расында да, ... Көмейінде кірбің жоқ... деп Әлімбай ақын айтқандай, Жаппар жырау Тасберген жыраудың «маңырамасын» жырлағанда оған тең келетін жыршы жоқтың қасы дейді өнертанушылар.
Өзіндік шеберлігімен қазақ даласын баурап алып, туған халқына өшпес мұра қалдырған Жаппар Тұңғышбаев 2011 жылы дүниеден озды. Көптеген шәкірт тәрбиелеп, олардың жыр әлемінде нықтап орнығуына үлес қосты.
Н.ЖАНӘДІЛОВ,
https://syr-media.kz/