Өнерге адам кездейсоқ келмейді
Сырдария ауданы халқына мәдени қызмет көрсету мақсатында 34 салалық мекеме құрылған. Жалпы 16 мәдениет үйі мен клуб, 1 жылжымалы мәдени-демалыс кешен, 17 кітапхана бар. Өз кезегінде 14 халықтық ұжым жұмыс жасауда. Аудан бойынша мәдениет саласында 300-ге жуық қызметкер мен жұмысшы жұмыс жасайды. Бұл ретте «21 мамыр – Мәдениет және өнер қызметкерлері күні» аясында сала мамандарының пікірін бір арнаға тоғыстырып, басылымның төртінші бетін оқырман назарына ұсынып отырмыз.«Өнер» – қасиетті дүние, адам бойындағы қабілеттің ең биік көрінісі. Бұл өнер кей адамдарға табиғат берген тума талант болса, кей жағдайда өнерге деген шынайы қызығушылық пен үздіксіз ізденістің нәтижесінде қалыптасады. Өнер деп кез келген істегі жоғары шеберлікті, ептілікті, кәсібилікті айтсақ, осы қасиеттерді меңгерген жанды өнерпаз дейміз. Өнерге ешкім кездейсоқ келмейді. Бойында қасиетті өнердің ұшқыны бар адам сахнадан, өнерден ешқашан алыстай алмайды.
Кез келген ұлттық өнердің тірегі де, түп бастауы да – сол өнерді қастерлеген халықтың өзі. Өнердің адам қиялын тербетіп, өмірге деген құштарлығын арттыратын ерекше құдіреті бар. Халықтың бойындағы талант пен қабілет, дарын мен шығармашылық – елдің рухани байлығы, сарқылмас өнер қазынасы. Сондықтан да өнер – ұлттың жаны, халықтың рухани келбеті.
Жалпы өнер өздігінен өрістеп, дамымайтыны белгілі. Оған әрдайым қолдау мен жанашырлық қажет. «Ел іші — өнер кеніші» деп халқымыз бекер айтпаған. Қазақ даласында өнерлі жандар қашанда көп болған. Сол халық арасындағы таланттарды танытып, ұлттық өнерді кеңінен насихаттап, кейінгі ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуде мәдениет мекемелерінің еңбегі орасан зор. Өнер ұжымдары мен мәдениет ошақтары – руханияттың алтын діңгегі.
Соның бір айғағы – Шіркейлі ауылындағы өнер ұжымдарының жетістігі. 2016 жылы ауылдағы үш бірдей ұжымның «халықтық» атағын қорғап алуы – үлкен еңбектің, шығармашылық ізденістің нәтижесі. Бұл – ауыл өнерінің өрісі кеңейіп, мәдениеттің дамуына деген халық ықыласының жоғары екенін көрсетеді. Осындай өнер ұжымдары ел ішінде мәдениетті дамытып қана қоймай, жастардың бойына өнерге деген сүйіспеншілік пен ұлттық құндылықтарға деген құрметті қалыптастырып келеді.
Өнердің қай түрі болсын – ата-бабамыздан қалған асыл мұра, таусылмас рухани қазына. Ән мен күй, жыр мен терме, би мен театр – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан мәдениетінің айқын көрінісі. Қазақ өнері ұлт болып қалыптасқан күннен бастап халқымызбен бірге жасасып, уақыт өткен сайын жаңарып, дамып келеді.
Бүгінде ұлттық өнерді заман талабына сай жаңғыртып, оны жас ұрпаққа дәріптеу – мәдениет саласының басты міндетінің бірі. Себебі өнері өркендеген елдің рухы биік, болашағы баянды болады. Халықтың рухани дүниесін байытып, ұлттық болмысын сақтап қалуда өнердің орны әрдайым ерекше.
Сондықтан өнерге жанашырлық танытып, талантты жастарға қолдау көрсету – баршамыздың ортақ міндетіміз. Өнерге құрмет – ұлтқа құрмет. Ал ұлттық өнерін ұлықтаған елдің руханияты ешқашан әлсіремейді.
Нұржамал ЖҮЗБАЕВА,
Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі











