Өнерлінің ырысы – жарқырап жатар жолында
Елге сыйлы, көптеген қазақ әндерінің жарыққа шығуына себепкер атанған Рамазан Тайманов жөнінде сөз қозғалғанда есті естеліктер еске оралады. Бұл ретте Тереңөзекке Рамазан ағаны іздеп елімізге танымал Нұрлан Өнербаевтың келгені туралы құнын жоғалтпас естелік ойға оралып отыр.Рамазан ағамен біраз жыл көрші тұрдық. Әкесі Сағындық көкені мен көрген жоқпын. Ол кісі Ұлы Отан соғысының ардагері, құрылыс саласының маманы болған. Тереңөзектегі алғашқы екі қабат үйлерді, әкімдікті, бұрынғы А.Жданов мектебі, яғни қазіргі аудандық білім бөлімі орналасқан кеңсе ғимаратын осы кісі прораб болып тұрған кезде өткен ғасырдың орта тұсында салынған екен. Сағындық көкенің соңғы салған құрылысы осы біз тұрған екі пәтерлі үй болыпты. Аты құрғыр соғыстың жарақатының кесірінен ағамыз ертеректеу, сонау жетпісінші жылдардың басында, үй бітер-бітпестен келместің кемесіне мініп кете барыпты, жарықтық. Ол кезде бұндай үйлер көрінген көк аттының еншісіне беріле бермейтіні белгілі. Мектеп жасындағы төрт қыз бен жалғыз ұл Рамазанды Сәнтай анамыз арқалап жүріп жұмыс істеп, ешкімнен кем қылмай жеткізгенін көз көрген ағайын айтып отыратын.
1995 жылы Рамазан ағамыздың үйіндегі жеңгеміз екі қыздан кейін ұл баланы дүниеге әкеледі. Рамазан ағамыз аудандық «Перзентхана» бөлімшесінің алдында көк москвичін көлденең қойып, үстіне дастархан жасап, әрі-бері өткен елге «жуған» екен. Осы жылы Тереңөзекке оны іздеп, атақты әнші Нұрлан Өнербаев келеді. Ол кезде Нұрлан ағамыздың аты шарықтап, елге танымал болып қалған кезі. Аяқ астынан абыр-сабыр болып, ағайын, дос-жаран жиналып, қонақ күту қамы басталады. Рамазан ағамыздың аты елге белгілі болғанымен, артына дүние жинаған адам емес. Табысы жоқ емес. Бірақ серілігі, жомарттығы, қолының кеңдігі басымырақ екенін көпшілік жақсы біледі. Келген қонақ сынап кететіні де белгілі нәрсе. Не керек, Алматыдан келген қонақты Рәкең мал сойып, кәде құрметпен күтті. Тек бір нәрсе болмаса. Кешкі аста бірге болсын деп Рәкең аудан әкімі Алмагүл Божанова апайды шақырады. Апай келіп дастарханның көркін қыздырып, әңгіме-дүкен құрылып, жылы лебіздер айтылады. Үлкен ас келгенде асхана жақта кішігірім дүрбелең басталады. Сойған малдың басы ұйытылған күйінде сарайдағы кебеженің үстінде қазанға түспей қалып қойған көрінеді. Табақ тартылып жатқанда қолына қойдың басын ұстаған Рәкең Нұрлан ағамызға қарап тұрып «Нұрлан інім, бізден бір алғырттық кетіп ұятты болып тұрмыз. Мына жеңешең балалармен арпалысып жүріп абыр-сабырда қазанға басты салуды ұмытып кетіпті» деп, ағынан жарылып қолындағы басты жоғары көтеріп, көңілді отырған қонақтарды күлкіге қарық қылыпты.
Дастархан басында сөз кезегі келгенде сыйлы қонағымыз аудан әкіміне қарап отырып, былай деген екен: «Рамазан ағамызға сәлем берейін деп ауылдарыңызға әдейі іздеп келдім. Біз осындай талантты композитор ағаларымызбен шығармашылық байланыстың арқасында елге танылып киелі сахна төріне шығып жүргеніміз жасырын емес. Сіздерге рақмет! Мені құда күткендей күтіп жатсыздар. Мен ағамды атына сай еңселі үйде тұрады деп ойлағанмын. Тәуелсіздігіміз бен егемендігіміз үшін бас көтерген жастардың естелігі ретінде жазылған ән «Мен қазақ қыздарына қайран қалам» немесе «Декабрь оқиғасынан кейінгі ой» әнінің авторы Рамазан ағамыздың тұрмыстық жағдайын бұдан да жақсы жағдайға жеткізу керек екенін ойлап отырмын. Қазақ атамыз бұрыннан салт-дәстүр бойынша елдің арасынан шыққан ерекше талант иелерінің алдына мал салып би, болыс, байлардың арқасында үнемі қамқорлық жасап отырған. Сондықтан Рамазан ағадай табиғи талантты кісілерге жергілікті басшылар үнемі көңіл бөліп отыру керек. Ол шығармашылық адамының қанатын алысқа сермеуіне мүмкіндік береді. Әлі талай мықты әндер жазатынына сенімдімін. Бұндай кісілер биліктен ешнәрсе дәметпейді, тіпті өз мүмкіншілігін де пайдаланбайды» депті. «Алма апай сол жылы-ақ Рамазан ағаның отбасына жаңа үйдің кілтін табыстап, қоныс тойында да бірге болды» деп еске алады мәдениет саласының ардагері Жантемір аға.
Одан бері қанша жыл өтті. Талай ән жазылып, марапаттар болды. Соңғы жылдары облыста мәдениет саласына ерекше мән беріліп, біздің түсімізге келмеген өнер ошақтары салынып, пайдалануға берілгеніне куә болып отырмыз. Соның ішінде, ауылда Тереңөзекте тұратын қазақтың біртуар азаматы Рамазан Сағындықұлы Тайманов ағаның отбасына облыс басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың облыс орталығынан ойып тұрып жаңа пәтердің кілтін беруі, «Құрмет» орденімен марапаттауы, «Қызылорда облысының құрметті азаматы» атануы өнерсүйер қауымды ерекше қуантты. Бұл – Сыр бойының рухани дамуына, мәдени мұрамызды дәріптеп шығармашылықпен айналысып жүрген жандарға арналған айрықша құрмет деп білеміз. «Ай мен жұлдыз болмаса, қараңғы түнде адамдар адасар еді. Өнер дүлділдері болмаса, мына күйбең тірлікте көңіліңді кір басар еді» деп Шерхан Мұртаза осындай талантты жандар туралы айтып кеткен болар.
Марат ОМАРОВ,
ҚР Журналистер
одағының мүшесі










