Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ана аманаты

Ана аманаты

Ілгеріде Рамазан аға Гүлнәр жеңгемізбен бірге Нарынқолдағы құдаларына қыдырып баруға жолға жиналыпты. Қазақ «Құда болғанша, хал-жайын сұрас, құда болған соң, қолда барымен сыйлас» деген. Ол кезде біздің Шағанның «Ақмаржан» күріші бренд болып тұрған еді. Нарынқолда оны қатты бағалайды екен. Тіпті ауыл ішіндегі құдайы-тойдағы палауды айтпағанда, әйелдер айран-қатық қосқан күріш көжені емге пайдаланатын болыпты.

Осы әңгімені естіген ағамыз «Атақты көк Москвичке» базарлыққа деп құдаларына жетпіс келілік үш кенеп қап күріш тиегенде ол құрғыр жатып қалады. Оны көрген көршісі Әбдіханның Кенжебегі балаларымен жабылып рессорын теріс қаратып балғалап, багажникті қайқайтып көтеріп береді. Рәкең осы әйгілі көк жорғасымен жолда бір түнеп, Қытайдың шекарасындағы құдаларына жақындайды. Шекара аумағында төлқұжат тексеретін бекетке тап болады. Жеңгеміз куәлігін ұмытып кеткен, оның үстіне көлікте ақ күріш тиелген. Содан не керек, бұларды әрмен қарай өткізбей қояды. Болмаған соң ұяла-ұяла «мен «Қазақ қызы» әнін жазған Рамазан Тайманов едім» деп бара жатқан жұмысын айтады. Шекарашы балалар сөзге тоқтап, құрмет көрсетіп, өткізіп жібереді. Баяғыда осында ұзатқан қызы Гүлнәрдің құдалығына келгенде Сәнтәй анамыз (Рәкеңнің анасы) «Құдай-ау, тоғыз асудан асып келдік, қызым-ау Қытайға кетіп қала жаздаған екенсің, ауылдан осындай қара домалақ бала табылмады ма?» деп ренжіген екен. Оғанда біраз жыл өтіпті. Құдалары тұратын «Сарыжаз», «Аққошқар» ауылдарына осылай алыс та болса қуаныш-қайғыларына ортақтасып келіп тұрады.

Табиғаты ерекше көркем жердің тұрғындары мал шаруашылығымен айналысады екен. Бақшаға картоп егіп, бұйырғанын алады. Мұнда жұмыстың үлкені – егін тастау, қалған несібені Жаратқан бұйыртады. Біздегідей арық қазып, жаздай кетпен арқалап суғару жоқ...

«Қазақ қызының» авторын бүкіл ауыл болып күтеді. Тау­дан аққан салқын бұлаққа түсіп, сыбағалы малын жеп, саумалы қымызын ішіп бір-екі күн демалады. Ақ көңілмен апарған «Сырдың Ақмаржанына» Албан құдалары осы күнге дейін риза болып айтып жүрген көрінеді. Қайтарда баяғы Кенжебек жөндеген көліктің арты спортшы машинасындай қайқиып қалыпты. Албандар қанша базарлық тиесе де түзелмейді. Ана машина бүкірейіп жүруге ыңғайсыз болады. Олардың да көрші «механик» ағайындары ақылдасып, базарлықтарының астына таудың тас құмын тиеп, Рәкеңе білдірмей тепе-теңдікке келтіреді. Осылай көлікті жөндеген соң, қонақтар «Қызылордам, қайдасың?!» деп жолға шығады.

Рамазан ағамыздың әкесі Сағындық Тайманұлы 1910 жылы Теренөзекте туған. Ұлы Отан соғысының ардагері, аудандағы құрылыстардың алғашқы прорабы. Басқа салған құрылыстарын айтпағанда, кент орталығындағы қос қабатты бұрынғы №36 А.Жданов мектебін, білім бөлімінің, спорт клубының қазіргі ғимаратын осы кісі салған. Соғыстан алған жарасы майдангерді өмірден ерте оздырды.

Сәнтай анамыз тоғызыншы сыныпта оқитын ұлы Рамазан және оның артынан ерген төрт қарындасымен өмірдің ауыртпалығын арқалап қала берді. Біраз қиындықты артқа тастап, ол ерте ер жетті. Анасына қолғабыс болды. Сәнтай анамыз осы балаларды «қатарынан кем қылмаймын» деп, ақын ағамыз айтқандай, «Жетем деген ұлды бағып, кетем деген қызды бағып, өмір өтер сырғып ағып» дегендей, бәрін жетілдірді. Рәкеңе қалдырған анасының аманаты да осы қыздар. Отбасының жауапкершілігін мойнына алған ағамызды да түсінуге болады. «Бірге тумақ бар да, бірге өлмек жоқ» дегендей, қарындастарының бәрі салт-дәстүрімізге сай тұрмыс құрып, үйлі-баранды болған. Алыс-жақындағы құдалармен осылай «қыздар артына алаңдамасын» деп араласып жүрген жағдайы бар.

Ауылға қарай тартқан көк жорғасы жолда ауыр жүктен қайта-қайта қызып, өкпесін сүйретіп әрең жетіпті. Көлігін гаражға қояйын десе, «запаска» балон кілтімен соның алдында жатыр дейді. Шығарда күріш тиеумен әлек болып жүріп, оларды ұмытып кеткенін естігенде, біразға дейін есіме түсіп күліп жүрдім. Үш мың шақырым жүргенде ескі москвичтің дөңгелегі бір жарылмапты-ау. Жеңгеміз­дің айтуын­ша, ол кісі мінген көлігін ерекше жақсы көріп, баласындай баптайды екен. Жаны ашып келісімен көлігін­дегі базар­лықтарды түсіргенде салмақты басып тұрған Нарын­қолдың тас аралас құмын көріп, мәселені түсініп, ашуға салынбай, өзін-өзі сабырға шақырған екен.

«Ағайынның қызығы – алыс-беріс, құдалықтың қызығы – барыс-келіс» дегендей, «Қыз бала – өрісің, ұл бала – қонысың» деп қазақ бекер айтпаған. «Қыздар үшін не істе­мейсің, Қытайдың шекарасынан Қызылордаға тас аралас құм да тасығанбыз» деп биыл жетпісті бағындырған ағам мен жеңгем бірде осы оқиғаны еске түсіріп, күліп отыр екен.

Рамазан Сағындықұлы Тайманов ағамыздың өнерден ал­ған ел алдындағы жетістіктерін әр қазақ біледі. Өнер жолы өзінше бөлек әңгіме. Бүгінде артынан ерген қарын­дас­тары Света, Роза, Зоя, кенжелері Гүлнәр – бір-бір әулеттің түтінін түтетіп отырған тілектес жандар. Жеңгеміз Гүлнәр Серікбайқызы екеуі немере сүйіп, ұрпақ қызығын көруде. Атақты композитор Рамазан ағамызды мағыналы ғұмырының биік белесі – 70 жасымен құттықтаймыз!


Марат ОМАРОВ

21 мамыр 2024 ж. 207 0