Бөкен би кішкентай бала неге жеңілді?
Есентемір Бөкен би он екі ата Байұлының аға биі атанған елге қадірлі, беделді кісі болыпты. «Жылқының үстінің желі бар – желіктірер, сауық-сайранға еліктірер» деп арғымақ ат, тайпалған жорға мінбепті. Желмая мініп желетін, Жерұйықтан үміт күткен Асанқайғының заманы келмеске кеткелі қашан?! Қазақтан бақыт қайтып, кәпірдің кәрін көрген, қорлық-қуғынның дәмін көрген заман. Сол себепті болар Бөкен бидің көк өгіз мініп ел шаруасын атқаруы. Қамытқа мойыны мықты, терісі қалың, адымы қысқа өгіз – сол кездегі қарапайым қазақ тіршілігінің символы іспетті. Сол Бөкен би бір ауылға келіп түстеніп, енді аттанайын десе өгізін таба алмай қалыпты. Ауыл шетіндегі қозы бағып жүрген баладан: – Шырағым, көк өгіз көзіңе түспеді ме? – деп сұрапты. – Ата, он екі атаның матауын білгенде бір өгіздің тұсауын білмегеніңіз бе? – деген екен сонда әлгі бала. « Бір сөзден жеңілген жерім осы » дейді екен жарықтық Бөкен би.
Ғаламтор желісінен алынды