Тыңнан түрен салған
Дарынды тұлғалар мен өнер майталмандары шыққан Айдарлы ауылында тағылымы мол іс-шараның куәсі болдық. Сахнада сан түрлі өнерімен танылған мәдениет саласы мамандарының басын қосқан аудандық семинар жоғары деңгейде өткізілді.
Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің ұжымы ұйымдастырған семинарға облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Мұхтар Ниязов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев, ауыл әкімі Айбол Ержанов, ауданға қарасты мәдениет ошақтарының басшылары, әдіскерлер, мәдени ұйымдастырушылар, сала мамандары мен қонақтар қатысты.
Тыңнан түрен салған семинар ауылдық клуб үйі мен «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығынан ашылған үйірмелер жұмысымен танысудан басталды. Меймандар арнайы қызыл кілеммен жүріп өтіп, әріптестерінің зор қошеметіне бөленді. Арнайы көрмеге қойылған ұлттық бұйымдар мен жәдігерлерді тамашалады. Өз кезегінде Ғафурдин Жанұзақов атындағы ауылдық клуб үйінің меңгерушісі Анар Қалдыбаева үйірмелердің атқаратын қызметін, бағыт-бағдарын, ерекшеліктерін көпшілікке түсіндірді.
– «Ұлт мәдениеті – рухымыздың темір – қазығы, алтын ордасы» деген дана халқымыз. Шын мәнінде, ұлт пен мәдениетті бір-бірінен ажырата алмаймыз. Өркениет көшіне ілескен адамзат баласы белгілі бір бағытта өздерін дамыта түседі. Үйірме – үлкен сахнаға апарар жол, жетістіке бастар баспалдақ. Біз үшін үйірмесі жоқ ауылдарда жаңа орталықтар аша білуіміз маңызды. Халықаралық, республикалық деңгейдегі байқаулар жеңімпаздарын, жүлдегерлерін үйірмелерге тартып, олардың жастарға берер тәлімін, білімін нәтижелі жұмысқа пайдалана білу ұтымдырақ. Аудан көлемінде «Сұлу-ай» шығармашылық өнер орталығы ашылды. Түрлі жанрдағы 9 үйірменің ашылуы ауылымыздағы балалар шығармашылығына жаңа серпін болды. Сонымен бірге Жетікөл, Бесарық, Шіркейлі, Ақжарма, Нағи Ілиясов, Іңкәрдария, Асқар Тоқмағамбетов ауылдарында үйірмелер тұрақты түрде жұмыс жасап келеді. Шындығында тың жобаны қолға алмас бұрын балаларға берер пайдасын зерделеп шықтық. Қазіргі таңда әрбір ауылда үйірме жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асуда, – деді Анар Қалдыбаева.
Аудандық семинардың екінші бөлімінде ауыл өнерпаздары Айжан Атымтаеваның «Кім патша?» ертегісін сахналады. Білікті режисер Рахия Абдукаримова жетекшілігімен қойылған ертегі желісінде үйірме мүшелері концерттік бағдарлама ұсынды. Жиналған жұртшылықтың жүрегінен жол тапқан қойылым ерекше әсер қалдырғаны рас. Өзгеше форматта ұйымдастырылған семинар жұмысына облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының басшысы Мұхтар Ниязов жоғары баға берді.
– Бүгін біз Айдарлы ауылындағы жаңаша үлгідегі семинардан үлкен дайындықты көре білдік. Ұйымдастырушылардың еңбегі орасан зор. «Кім патша?» ертегісін тамашалау арқылы қоғам өміріндегі түрлі жағдайды, өмірлік сабақтарды сезіне алдық. Иә, мәдениет қызметкерлері қашанда ұлттың идеологиясын қалыптастыра біледі. Жас өренді өнерге баулиды. Адамдардың рухын көтереді. Аудан көлемінде ұйымдастырылып отырған семинарға жоғары баға береміз. Ізденіс, шығармашылық, өнер туындылары бір арнаға тоғысқан деп білемін. Адамға мейірім, адалдық, қамқорлық жетпей тұрған уақытта қойылым барлық құндылықты бағалау керектігін ұғындырды – деді Мұхтар Мәуленұлы.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жеңіс Төрәлиев бір күнге созылған семинарды қорытындылады.
– Мәдениет саласының қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында жыл көлемінде аудандық семинар өткізіліп келеді. Бұған дейін бірнеше ауылда жүзеге асқан семинар Айдарлы ауылында жалғасын тапты. Қашанда үйірме жұмысын жандандыру арқылы бала қабілетін шыңдау керекпіз. Оған барлық сала маманы жауапты. Өйткені ата-ана баласын бізге сеніп тапсырады. Міне, семинар барысында ауылдағы үйірме жұмысының жаңашылдықтарын көрдік. Өз ісінің мамандары шәкірт тәрбиелеуде. Айдарлы ауылы дегенде ең бірінші кезекте халық театры есімізге түседі. Ұжымның жұмысына сәттілік, шығармашылық табыс тілейміз, – деді Жеңіс Үсенұлы.
Іс-шара соңында келесі семинар өткізу кезегін Нағи Ілиясов ауылдық мәдениет үйінің ұжымы қабылдап алды.
Балтабай Аябекұлы