Ақын шығармашылығы дәріптелді
Қазақтың дана ақыны, хәкім Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай Іңкәрдарияда «Қазақ халқы – Абайдың халқы» атты аудандық мәдениет үйлері мен клуб басшыларының арасындағы көркемсөз оқу шеберлері байқауы өтті. Оны аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің және Іңкәрдария ауылдық округі әкімі аппаратының қолдауымен ауылдық клуб үйі ұйымдастырды.
Алғы сөзде Іңкәрдария ауылдық округі әкімдігінің бас маманы Думан Бейсенов биылғы жылдың ерекшелігіне тоқталып, ақынның 175 жылдық мерейтойы ел үшін айтулы қуаныш екенін жеткізді. Халық ақынының шығармаларынан жұртшылық рухани азық алатынын айтып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Байқау мақсаты – ақынның шығармалары мен өлең құдіретінің асыл сөз маржандарын өнер адамдары арқылы жастардың бойына сіңіру, шығармашылығын ұрпақтан-ұрпаққа дәріптеу. Осы мақсаттағы аудандық байқау екі кезең бойынша өрбіді. Бірінші кезеңде байқауға қатысушылар Абай өлеңдерін жатқа оқыса, келесі кезеңде қара сөздерін жатқа айтты. Екі кезең қорытындысында Асқар Тоқмағамбетов ауылдық клуб үйінің басшысы Әсел Ибраева жүлделі бірінші орынды иеленді. Жүлделі екінші орынды Аманкелді ауылдық мәдениет үйінің басшысы Жұмағазы Оразов пен Шаған ауылдық мәдениет үйінің басшысы Ербол Медет алса, үшінші орынды Жетікөл ауылдық клуб үйінің басшысы Алмат Өтеуов, Қалтай Мұхамеджанов атындағы Шіркейлі ауылдық мәдениет үйінің басшысы Мақсұт Әбсадық және Сәкен Сейфуллин ауылдық клуб үйінің басшысы Нағипа Алданиязова өзара бөлісті. Сондай-ақ байқауға қатысқан өзге де өнерпаздар Алғыс хат алды. Жүлдегерлер арнайы дипломмен марапатталып, бағалы сыйлық табыс етілді. Шара соңында қоғамдық кеңес төрағасы Әбжаппар Сырлыбаев пен ауыл мешітінің имамы Кемалбай Тәуекелов ақ батасын берді.
Ердос БЕРКІНБАЕВ