Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Бір дабыл – бір сынақ: құтқарушылар жолы

Бір дабыл – бір сынақ: құтқарушылар жолы

Құтқарушы – ол қайсарлық пен жауапкершілікті, дәлдік пен тәуекелшілдікті, үздіксіз дайындық пен батылдықты талап ететін мамандық. 19 қазан – Құтқарушылардың кәсіби мерекесі. Олар кез келген жағдайда жедел әрекет етіп, тілсіз жау мен апатты оқиғаларда да еш ойланбастан адам өмірін сақтап қалу үшін өз өмірін қатерге тігетін ержүрек жандар. Бүгінде Қазақстан Республикасы бойынша төтенше жағ­дайлар қызметінде 19 мыңға жуық маман еңбек етеді. Ал Сырдария ауданы бойынша 45 қыз­меткер осы бағытта жұмыс атқаруда.

1995 жылдан бері адам өмірін сақ­тап қалу үшін жанын шүберекке түйетін ауыр әрі жауапты саланың мамандары өз кәсіби мерекелерін қазан айында атап өтеді. Биыл төтен­ше жағдайлар қызметінің құрыл­ғанына – 30 жыл. Яғни, 1995 жылы Қазақстан Республикасы Президенті­нің Жарлығымен ҚР Төтен­ше жағдайлар министрлігі құрылған.


Қазақстан бойынша жалпы 439 өрт сөндіру бөлімі жұмыс істейді. 2025 жылдың соңына дейін 20 жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға бері­леді. Жалпы аумақтарды толы­ғымен қамту үшін әлі қосымша 119 бекет қажет екен. Бұл көрсеткіш әлі де өзгеретіні анық. Себебі, төтенше жағ­дайлар қызметі жыл сайын даму үстінде.


Қазіргі таңда елімізде төтенше жағ­дайлар қызметінде еңбек ететін мемлекеттік қызметкерлердің жағ­дайы барынша жасалып, қолдау көрсетілуде. Сондай-ақ олардың қоғамдағы мәртебесі де өзектілік тауып, «бейбіт күннің батырлары» ретінде назардан тыс қалмауда. Құтқарушылардың еңбегі – көз­ге көріне бермейтін жұмыс. Төтен­ше жағдай кезінде жұмыстың дұрыс үйлестірілуі мен ұжымның ауыз­біршілігі маңызды. Лаулаған өрттің ішіне беттеп, қою қара түтіннің арасынан адамды аман сау алып шығу құтқарушылардың күнделікті қызметі. Ендігі кезекте Сырдария ауданының төтенше жағдайлар қыз­метіне тоқталсақ.

ОҚЫС ОҚИҒАНЫҢ
АЛДЫН АЛУ – МІНДЕТІМІЗ

Ауданның тыныштығын тәртіп сақшылары күзетсе, қауіпсіздігі мен оқыс жағдайларды бақылайтын – төтенше жағдайлар қызметі. Аудан орта­лығында орналасқан өрт сөндіру бөлімінің ғимараты 1962 жылы ірге­тасы қаланып, пайдалануға 1968 жылы берілген. 50 жылдан астам тарихы бар ғимаратқа қосымша ауданға қарасты 4 елді мекенде өрт сөндіру бекеті ашылды. Қазіргі таңда Сырдария аудандық төтенше жағ­дайлар бөлімінде 5 адам қызмет атқарса, №12 өрт сөндіру бөлімінде 40 құтқарушы еңбек етуде. Күннің аптап ыстығында, қақаған қыстың бел ортасында, жүйткіп соққан желмен алысып лапылдаған өртке тойтарыс беретін өрт сөндірушілердің күнделікті жұмысы ерлікпен пара-пар. Аудандық төтенше жағдайлар бөлімі бастығының міндетін атқару­шы азаматтық қорғау подпол­ковнигі Темірбек Еркебаев биыл оқыс жағдай өткен жылмен салыстырғанда айтар­лықтай азайғандығын айтып өтті.

– Биылғы жылу беру маусымында өрттің алдын алу және тұр­ғындардың қауіпсіздігін қамтама­сыз ету мақсатында бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Өткен жылу беру мау­сымында аудан аумағында 5 өрт оқиғасы тіркелген болатын. Алдың­ғы жылмен салыстырғанда көрсеткіш 72 пайызға азайған. Сон­дай-ақ материалдық шығын мен өрт оқиғасынан қаза болған, жарақат алған адам жоқ. Табиғи газ­дан және көмірқышқыл газынан улану оқиғасы тіркелген жоқ. Сонымен қатар әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері аудан бойын­ша полиция бөлімі және басқа жергілікті атқарушы органдарының өкілдерімен бірлесіп, өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында профилактикалық жұмыс­тары ат­қарылу үстінде. Осы уақытқа дейін 3698-ден астам тұрғын үйді аралау арқылы 21 188 адамға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді. Көпқабатты үй аулаларында да 57-ден астам тұрғынды тарту арқылы 7 рет кездесу ұйымдастырылып, электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату және қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары туралы түсіндірілді.


Биылғы жылдың екінші жартысында аудан көлемі бойынша мектеп оқушыларымен «Табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағ­дайлардың алдын алу және оны бол­дырмау» мақсатында сынып жетекшілері өткізетін іс-шара жос­пары аясында 8 рет дәріс пен ашық сабақ өткізілді. Яғни, 4 білім беру ұйымынан 146 оқушы қатысты, сондай-ақ өрт сөндіру бөлімінде оқу­шыларға арналып 8 рет экскурсия ұйымдастырылып, 45 оқушы өрт қауіпсіздігі мен техникаларымен танысты. Жалпы құтқарушылар жиі-жиі оқу-жаттығу жұмыстарынан өтіп тұрады. Оған жалғыз өрт сөн­дірушілер ғана емес, төтенше жағ­дайлар бөліміне кіретін полиция, жедел-жәрдем және арнайы мамандар қатысады. Бұл жат­тығу қызметкерлердің әрдайым оқыс оқиғаға дайын болып, ши­рақ қимылдауына, іс-әрекетіне жауап­кершілікпен қарауына көмек­те­седі. Ауданның қауіпсіздігі, оқыс оқи­ғаның алдын алу – біздің басты міндетіміз, – дейді азаматтық қорғау подполковнигі Темірбек Асқарұлы.

30 ЖЫЛДЫҚҚА – 30 ИГІ ІС

Қазақстан Республикасы Тө­тен­­ше жағдайлар министрлі­гінің 30 жылдығына орай «30 игі іс» акциясы еліміздің түкпір-түкпірінде өтуде. Бұл іс-шараның басты қағидасы адамдарға қызмет ету, олар­дың өмірі мен қауіпсіздігін сақтау. Еліміз­дің әр өңірінен түрлі іс-шара ұйымдастырылып, қыз­меткерлер белсенді қатысуда. Қызылорда облысы бойынша аймақта өрт сөндіру және құтқару техникаларының шеруі ұйымдастырылды. Қала тұрғын­дарына төтенше жағдайлар қыз­метінің дайындығы мен техникалық мүмкіндіктері көрсетілді. Осы шеру арқылы халықтың назарын қауіпсіздікке аудару, алдын алу және құтқарушылар еңбегінің маңыз­дылығын ұғындырды. Сонымен қатар қызылордалық құтқару­шылар жалғызбасты аналар мен мүгедектігі бар тұрғындардың жылы­ту пештеріне жөндеу жұмыс­тарын жүргізді. Яғни облыс бойын­ша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 6 825 үй тізімі нақтыланып, қызметкерлер тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын атқарған. Сондай-ақ жер­гілікті бюджет есебінен 484 дана табиғи газды анықтайтын датчиктер орнатылды.


Ал аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 2673 үй тізімі анықталып, аудан­дық өрт сөндірушілер тізім бойынша өрт қауіпсіздігі туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қа­тар, құтқарушылар жалғызбасты қарттар мен мүгедектігі бар тұр­ғындардың жылыту пештерін жөн­деп және қатты отынмен жылытылатын үйлердің түтін мұржасын тазалап, алғысқа бөленді. Одан бөлек әлеуметтік осал топтағы адам­дардың үйлеріне жергілікті бюджет есебінен 60 дана табиғи газды анықтайтын датчиктер орнатылды. Бұл – төтенше жағдайлар қызметінің адам өмірін сақтап қалудағы игі бас­тамасы. Кішкене құрылғы арқылы қаншама отбасының өмірі сақталып, өрт жағдайлары мен табиғи газдан улану оқиғаларының алдын алады.


ЕРЛІГІМЕН ЕЛЕНГЕН

Құтқарушы – қауіпті, өмірді тәуекелмен байланыстыратын маман­дық. Тілсіз жау болсын, апат­тық жағдай орын алсын, оқыс оқиға болсын ең бірінші кезекте өрт сөндіруші-құтқарушы межелі орын­ға бет алады. Қай уақытта да құтқарушылардың мәртебесі биік. Олар қарапайым адамдар сияқты еш уайымсыз жүре алмайды. Жұмысқа келген бойда ойлары тек адам өмірін арашалап қалу, оқыс жағдай болдырмау. Ал тілсіз жаудан тек сақтану маңызды. Осы орайда бір емес, екі өмірді сақтап қалған Азамат жайлы сөз қозғамақпыз. №12 өрт сөндіру бөлімінде бөлімше командирі азаматтық қорғау аға сержанты қызметін атқаратын Азамат Бектиярұлы – бүгінгі күннің батыры. Оқиға 2023 жылдың 11 қаңтарында орын алған. Аудандық өрт сөндіру бөлімінің байланыс бекетіне «тұрғын үйден түтін шығуда» деген хабарлама түседі. Аталған мекенжайға құт­қарушы­лар санау­лы минут­та жетіп, қызметіне кіріседі. Сол арада үй иесі жанып жатқан аумақта баласы мен немересі бар екендігін айтады. Еш ойланбастан бөлімше командирі Азамат Баймаханов жанып жатқан үйге терезе арқылы кіріп, алдымен бесікте құн­дақтаулы сәбиді алып шығады. Одан кейін екінші адамның қауіпсіз екеніне көз жеткізіп, анасына табыс­тайды.


– Адам өміріне қауіп төнген сәтте бір минут та жоғалтпау қажет. Құтқарушылық қызметіме сай біздің оқиға орнындағы әр іс-әрекетіміз өте маңызды рөл атқарады. Нұс­қаулық бойынша атқарған іс-әре­кетіміз арқылы өртті дер кезінде ауыз­дықтадық. Адам өмірін сақтап қалу, өрттен аман-есен алып шығу, жалынды уақытында өшіру – біздің міндетіміз. Бұл іс-әркетім қыз­метімнің бір бөлігі. Сондықтан еңбек ететін саламмен мақтанамын, – дейді Азамат Бектиярұлы.


Тілсіз жаудан үйі мен балаларын аман алып қалған өрт сөндіруші­лерге үй иесі Базаркүл Назарова шексіз ризашылығын айтып, аналық алғысын білдірді.

Қызметін батырлыққа теңемейтін осындай ер-азаматтар қаншама?! Жалпы аталған мамандықта қыз­мет ететін кез келген азамат батыр­лықтың айқын бейнесі. «Бейбіт күн­нің батырлары» деп адам өмірін сақтап қалған ержүрек азаматтарды бекерден-бекер атамаған. Бүгінде Азамат Баймахановтың бұл батырлығы ҚР-ның «Айбын» орденінің ІІ дәрежесіне ұсынылған. Бұл қызметте құтқарушылар күнде­лік­ті ерлік көрсетеді десек артық емес. Өйткені кез келген жердегі өрт сөндіру бекетінде еңбек ететін әрбір жан тілсіз жау орын алған жағдайда өз өмірлерін қатерге тігеді. Бұл екінінің бірінің қолынан келе бер­мейтін ерлік іс.

ӨРТ СӨНДІРУШІНІҢ БІР КҮНІ

Сағат таңғы 8:00. Ауданның тынысы оянып, жұртшылық күн­делік­ті күйбең тірлігін атқаруда. Құтқарушылардың кәсіби мере­кесіне орай арнайы репортаж дайын­дауға өрт сөндіру бекетіне бет бұрдым. Ал өрт сөндіру бөлімін­де кезекші қарауылдың ауысымы жүріп жатыр. Кезекші ауысымнан шыққан құтқарушылар өткен күннің есебін басшылыққа өткізіп, жұмысын аяқтауда. Ал ауысымға түсіп жатқан қарауыл қызметкерлері күнделікті теориялық сабаққа дайындық үстінде. Кесте бойынша сабақ өтіліп, оқу-жаттығу кезінде және дабыл қағылып, тілсіз жау орын алған уақытта қалай дұрыс әрі дәл әрекет ету жолдары түсіндіріледі. Сонымен қатар өрт қауіпсіздігіне дайындық шаралары өтіп, кез келген жағдайға сақадай сай тұрады. Осы тұста өрт сөндіру бөлімінің ішкі жай-күйімен таныс­тырып жүрген төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері азаматтық қорғау майоры Салтанат Джалмухамбетова құтқарушылардың хабарлама түспеген жағдайда қандай іс-әркетпен айналысатынына көз жүгіртті. Сол уақытта кезекшілікте төртінші қарауыл қызметкерлері екен. Аталған қарауылдың бөлімше командирі азаматтық қорғау старшинасы Арын Нұрланұлымен танысып, бір қарауылда қандай қыз­меткерлер болатынын сұрадық.


– Өрт сөндіру бөлімінде 4 қа­рауыл кезекшілік етеді. Әр қара­уылда қарауыл бастығы, бөлім­­ше командирі, аға өрт сөн­діруші-құтқарушы, екі өрт сөн­діруші-құтқарушы, екі жүргізуші қыз­меткер және байланыста отыратын радиотелефонист болады. Әрқайсысының өзінің атқаратын қызметі бар. Барлығы өрт сөндіру техникасына және оның құрал-жабдықтарына күнделікті күтім жасайды. Өйткені кез келген жағдайда қызметкерлер ғана емес, техника да, сондай-ақ қосымша құралдар да дайын тұруы міндетті. Сонымен қатар арнайы жоспарланған оқу-жаттығу да уақытында өткізіліп, өрт сөндірушілердің дайындығы жіті қадағаланады. Міндетіміз оқыс оқиғаның алдын алу, болған жағдайда дер кезінде іс-әрекет етіп, адам өмірін сақтап қалу бол­ғандықтан біз үшін теориялық және тәжірибелік дайындық өте маңызды, – дейді Арын Адай.


Расында тілсіз жаумен бетпе-бет келіп, өз өміріңді қатерге тіге отырып басқа адамның өмірін сақтап қалу – батырлық. Олардың әр күні ерлікпен өтетіні айдан анық. Бірақ бұл салада нәзік жанды бола тұра қауіп-қатерге толы қызметте еңбек ететін аяулы жандар да бар. Жастайы­нан құтқарушылық маман­дыққа дағдыланып, ер аза­маттардың арасында жүріп, ер мінезді болған 5 ару аудандық өрт сөндіру бөлімінде қызмет етеді. Олардың екеуі – енді ғана салаға аяқ басқан жас мамандар. Бүгінгі қарауылда кезекшілік етіп отырған, жұмыс өтіліне бір жыл толмаған жас маманнан сұхбат алып, бұл қыз­мет­ке келгендегі алғашқы сезімі­мен бө­лісуін сұрадым.

– Өрт сөндіру саласына алғаш рет радиотелефонист болып келген күнім әлі есімде. Бұл мен үшін үлкен жауапкершілік пен толқу сәті болды. Күні бойы бойымда ерекше сезім мен мақтаныш қатар жүрді. Себебі, мен енді адамдардың қауіпсіздігі жолында еңбек ететін үлкен ұжымның бір бөлшегімін. Алғаш рет рация арқылы дабыл қабылдап, қызметкерлердің бай­ланысын қамтамасыз ету сәтінде жүрегім алай-дүлей болды. Әрбір сөздің, әр хабардың қаншалықты маңызды екенін сол сәтте ұқтым. Радиотелефонист – тек байланысшы ғана емес, ол бөлім жұмысының жүрегі іспетті екенін сезіндім. Жаңа орта, жаңа міндеттер мені шыңдай түсті. Тәжірибелі әріптестерім ба­ғыт-бағдар беріп, үйретіп отырды. Сол үшін оларға шексіз алғысымды білдіремін. Әлі де сол кісілерден үйренерім көп, шыңдалу үстіндемін, – дейді жас қызметкер Назерке Оңғарқызы.


Иә, әр дабыл – қауіп төнген өмір. Сондықтан бұл сала қателікті кешірмейді. Әр оқиға орнына уақы­тында жетіп, адам өмірін сақтап, тілсіз жаудың таралуына тосқауыл болады. Бұл салада еңбек ететін ер азамат болсын, нәзік жанды әйел адамы болсын құрметке лайық.
Әрі қарай мекеме ішін аралап, өрт сөндіру техникасымен таныс­тым. Олардың өртке қарсы киімі соншалықты ауыр екенін көріп, ішімнен бір толқыныс пайда болды. Бұл толқыныс – құтқарушыларға деген тағы бір құрметтің белгісі сияқты...



Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ



18 қазан 2025 ж. 174 0