Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі

№93 газет

06 желтоқсан 2025 ж.

№92 газет

02 желтоқсан 2025 ж.

№91 газет

29 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031 
» » Тамыры терең, тарихы кенен жыр қонған сырдың даласы

Тамыры терең, тарихы кенен жыр қонған сырдың даласы

Түркі өркениетінің алтын бесігі саналатын қасиетті өлке – Сыр елі бүгінде жадырап, жайнап, жаңаша кейіпке енуде. «Бұл той бұрынғы тойдан өзгерек» дегендей, биылғы қала күні мерекесі ерекше атаулы даталармен тұспа-тұс келіп отыр. Яғни биыл Қызылорда қаласының Қазақстанның астанасы болғанына 100 жыл толды. Осы орайда облыс көлемінде қала күні кең көлемде атап өтілуде. Жыл санап бюджеті артып келе жатқан қаламыз өркендеп, көпшілікке үлгі болуда. Республика, тіпті шетелдік қонақтардың Сыр еліне ат басын бұрып, облыстың даму тенденциясын жоғары бағалауы – сөзімізге дәлел.

Мемлекет басшысы Сыр өңіріне келген бір сапарында облысымызға «дамудың үлкен перспективалары бар стратегиялық маңызды аймақ» деп баға берген болатын. Сондай-ақ Бурабайда өткен Ұлттық құрылтайда келесі Ұлттық құрылтайдың Қызылорда қаласында өтетінін хабарлаған еді.


Жаңа стадион келушілеріне
есік ашты

Мерейлі мерейтой қарсаңында облы­сымызда бірқатар жаңа нысан іске қосылып, ел игілігіне берілді. Биылғы ең үлкен жаңалықтың бірі – облыс орталығында 11 мың орындық жаңа стадионның ашылуы болды. Стадионның ашылуына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов, Қазақстан футбол федерациясының пре­зиденті Марат Омаров және бірқатар құрметті қонақ арнайы келгенін айта кету орынды.

– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемел­ұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын дамыту, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәй­кес Қызылорда қаласында жаңа стадион бой көтерді. Жаңа стадионымыздың ашылуы футболдан Қазақстан кубогының финалдық ойынымен тұспа-тұс келді. Жанкүйерлер асыға күтетін спорт мерекесі отандық фут­бол тарихында алғаш рет Қызылорда қаласында өтуде. Бұл – сырбойылықтар үшін үлкен мәртебе, зор мақтаныш! Бар­шаңыз­ды жаңа стадионның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Қаламызда жаңа нысанның салынуына ерекше қолдау білдірген Мемлекет басшысына, Үкіметке барша Сыр жұртшылығы атынан шынайы алғы­сымызды білдіреміз, – деді облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев жаңа стадионның тұсау­кесер рәсімінде.
Айта кетейік, жалпы ауданы 20 мың шаршы метрді құрайтын жаңа спорттық кешен заманауи халықаралық талаптарға сай салынған. Мұнда футбол алаңы ғана емес, олимпиадалық стандарттарға сәйкес келетін бокс, күрес, фитнес, спорттық гимнастика және ауыр атлетика залдары орналасқан. Сонымен қатар, нысанда дүкен­дер мен дәмханалар қарастырылған. Ғимараттың бірінші қабатында спорт залдары, футболшылардың дайындық бөлмелері және сауықтыру орталықтары орналасқан. Екінші қабатта – әкімшілік бөлмелер, ал үшінші қабатта – ауқымды жиындарға арналған мәжіліс залы бар. Мүмкіндігі шектеулі спортшылардың жаттығуына да толық жағдай жасалған. Стадион УЕФА-ның 4-санатына сәйкестендірілген. Жасыл алаң халықаралық стандарттарға сай жасанды төсенішпен жабдықталған, заманауи жарықтандыру және дыбыс жүйелері орнатылған. Бұл өз кезегінде халықаралық деңгейдегі спорттық және мәдени шараларды жоғары сапада өткізуге мүмкіндік береді.

Тұрғындар қоныстой тойлады

Қала күні қарсаңында тұрғындар сүйінші жаңалыққа қол жеткізді. Атап айтар болсақ, 320 пәтерлік 4 тұрғын үй кешені өз егелеріне табысталды. Кейінгі жылдары ерекше қар­қынмен дамыған сол жағалау сәулетті тұрғын үйлермен толыға түсті. Салтанатты рәсімге зиялы қауым өкілдері, ел ағалары, қала тұрғындары қатысты.

Айта кетейік, Сыр өңірінде Прези­дентіміздің, Үкіметтің ерекше қолдауымен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттік әлеуметтік саясат нәтижелі іске асырылуда. Соңғы үш жылда қаржыландырудың барлық көзінен облысымызда 2 млн 500 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Кезекте тұрған аза­маттарға 5 мыңнан астам пәтер сатып алынып, 25 мыңға жуық тұрғын қоныс тойын тойлады.

Барлық аудан орталықтарында жаңадан салынған 1500-ге жуық пәтер табысталды. Биыл бюджеттен тұрғын үй құрылысы мен жеке салушылардан дайын 3800 пәтерді сатып алуға 58 млрд 785 млн теңге бөлінді. Қаржыландырудың барлық көзінен 870 мың шаршы метр тұрғын үй беріледі. Қызылорда қаласының өзінде соңғы үш жылда 5600 пәтер жерлестеріміздің игілігіне айналды. Өткен айда 280 пәтерлік 7 көпқабатты тұрғын үйге кезекте тұрған азаматтар қоныс­танды. Ерекше атап өту қажет, өткен жылдан бастап қаламызда заманауи жаңа дизайнмен 7, 9, 12 қабатты тұрғын үйлер бой көтеруде.

Нан өнімдері кешені 120 адамды жұмыспен қамтыды

Қызылорданың Қазақ елі астанасы болғанына және «Қазақ» атауының қай­тарылғанына 100 жыл толу мерейтойы аясын­да халық игілігі жолында берілген үлкен нысанның бірі – нан өнімдері кешені. Қызылордада алғаш рет 1957 жылы іске қосылған нан зауыты 1995 жылға дейін тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз еткен болатын. Араға отыз жыл салып, бұл игі дәстүр жалғасын тауып, жаңа кешен жұмысын бастады.

Жалпы 5,6 миллиард теңге қаржы жұмсалған бұл кешен – тек өндірістік қана емес, әлеуметтік және ұлттық маңызға ие ірі нысан. Бүгінде мұнда 120 адам еңбек етуде, алдағы уақытта жұмыс орындарының саны 170-ке дейін көбейеді.

Өңір экономикасына тың серпін бере­тін «Қызылорда-Нан» серіктестігінің нан өнімдері кешенінің ашылуы облыс халқы үшін ауқымды жаңалық болды. Айта кетейік, Кешенге мемлекеттік қолдау ретін­де 5 гектар жер телімі бөлініп, қажетті инфра­құрылыммен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, жеңілдетілген несие беріліп, оның пайыздық мөлшерлемесі субсидияланды. Бірінші кезеңде заманауи, толық авто­маттандырылған жабдықтары бар төрт өндірістік цех іске қосылды. Алдағы жылы жобаның екінші кезеңінде ұн комбинатын салу жоспарланған.

Жалпы мереке қарсаңында Қызылорда облысы мен өңірге қарасты аудандарда ауқымды жұмыстар атқарылуда. Жоғарыда атап өткен игі істердің қатары күн санап артуда. Жақында ғана «SYR DARYA» коммуналдық базары өз жұмысын бастаса, бұған дейін Тәуелсіздікке 25 жыл даңғылының екінші кезеңі аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Қарқын­ды қалалық инфрақұрылым мен өмір сүру сапасын арттыру, экономиканы әртарап­тандыру бағытында нақты қадам­дар жасап отырған қалада «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы да жоғары деңгейде ұйымдастырылып, бүгінде қала тазалығы мен әсемдігі көз сүйсіндіреді.

А.МҰХАНБЕТҚАЛИ

18 қазан 2025 ж. 413 0