Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Баланы қиындықпен жалғыз қалдырмаңыз...

Баланы қиындықпен жалғыз қалдырмаңыз...

Бала тәрбиесі – бүгінгі күннің бас­ты мәселесі. Ұрпағының болашағына алаңдайтын ата-ананың алдында дені сау, еңбексүйгіш, білімді, әдепті, ойлау қабілеті жоғары етіп тәрбиелеу міндеті тұр. Десек те бүгінгі таңда тәрбиеге көп ретте ұстаздар қауымы көбірек алаңдайды. Өйткені бала белгілі уақытын мектеп қабырғасында өткізеді. Сондай-ақ соңғы кезде оқушылар арасындағы келеңсіз жағдайлардың орын алуы ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Әдетте бала жас шыбық секілді дейміз. Оған қалай күтім жасасаң, қалай баптасаң, солай ер жетеді, өседі. Жастайынан көрген-білгенін құлағына сіңіре отырып, сол тәрбие өмірінің негізіне айналады. Бұл ретте, баланың тәлім-тәрбиесіне өскен ортасы мен отбасы әсер ететіні сөзсіз.

Негізінен үлкендер өз баласының ортасын, кіммен, қайда жүретінін біліп отыруы керек. Мектепке кешікпей баруын, үйге уақытылы қайтуын қадағалағаны жөн. Себебі, балалардың ойда-жоқта жарақат алуы көп ретте мектеп пен үй арасында болады. Осындай сәтте қиыншылыққа тап болатын бала бөтен адамнан зәбір көріп, соңы қайғылы оқиғаға әкеледі. Сондықтан ата-ана баласымен ерте жастан құлағына тәртіп мәселесін құйып, өзгеге қиянат жасаудың салдары жайында ашық әңгімелесуі керек.

Иә, қазір ата-аналардың көбісі жұмысбасты. Таң атқаннан кеш батқанға дейін отбасын асырау үшін жұмыс істейді. Сондағысы баласын ештеңеден тарықтырмай, ішіп-жемін мол ету, киім-кешегін бүтін қылып, молшылықпен өмір сүргізу. Осындай кезде бала көбіне үйде жалғыз қалады. Ең алдымен, бала ойындағысын істегісі келіп, жұғымсыз нәрсеге әуестенеді. Қолындағы сматрфонынан түрлі ойын көріп, көруге болмайтын бейәдеп видеоны байқайды. Ал ондай нәрсе бала психикасына әсер ететіні анық. Қазіргі кезде балалардың ашуланшақ, есте сақтау қабілетінің төмендігі, көру қабілетінің нашарлауы – барлығы осы смартфонға байланысты. Осыдан баланың бойында қатыгездік пайда бола бастайды. Ешкімге жанашырлық танытпау, өзін ғана алға қою, айтқанын істету секілді әдет қалыптасады. Бұны ата-ана көре тұра «бала өтпелі кезеңде жүр» деп аса мән бермейді.

– Бала психологиясы нәзік келеді. Оның тілін табу үшін өзің бала болуың керек. Жөн-жосықсыз ұрысуға, талап қоюға болмайды. Ең біріншіден, балаға өзің үлгі болуың керек. Бір мезгіл баламен әңгімелесу, таза ауада серуендеу, үй тірлігін бірге атқару, кейбір мәселеде ақылдасып-кеңесу баланың өз ойын ашық айтуға мүмкіндік береді. Ал егер сіз «баламның барлық жағдайын жасап отырмын, басқасын өзі реттеп алады десеңіз» қателесесіз. Ең алдымен, баланың ортасын, оның сырттағы мінез-құлқын білуіңіз керек. Достарымен араласуын, әлеуметтік желідегі көретін қызығушылығын қадағалап отырсаңыз, сіз балаңызға келетін қандай да бір қауіптен қорғайсыз. Қазір айналамыздың барлығы дамып жатыр. Бала сіз білмегенді біліп алады. Бірақ ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбиені беру – сіздің міндетіңіз. Үлкенді сыйлау, үлкен тұрып, кішінің сөйлемеуі, тіпті дастарқан әдебі барлығы айналып келгенде отбасындағы тәрбиені көрсетеді. Бұрынғы заманмен қазіргі кезді салыстыруға болмайды. Балаңыз сәтсіздікке ұрынбауы үшін онымен дос болыңыз, – дейді аудандық емхананың психологы Мейірбек Маханбетжанов.

Шын мәнінде жас бала еліктегіш келеді. Мәселен, балалар арасында шылым шегу, тіпті сыра ішу секілді нәрсе бар екені рас. Бұл жайында мектеп мұғалімдері айтудан бас тартса да, көбіне осындай көрініске алдымен мұғалімдер куә болатыны жасырын емес.

– Мектептің әжетханасы бұрын сыртта болатын. Үзіліс кезінде балалар топтасып тысқа шығады. Қоңырау біткенде балалар сыныпқа кіргенде шылымның иісі мүңк ете қалатын. Ер балалардың мұндай әрекетінің дұрыс еместігін, денсаулықтарына зиян келтіріп жатқанын айтудан жалықпаймыз. Ал қазір ер балалар түгілі қыздардың да арасында темекіге әуестері бар. Ата-аналарын шақырып сөйлесеміз. Ата-ананың да, баланың да ашуына тиюден аулақпыз. Дегенмен отбасындағы тәрбиенің осалдығы осындай келеңсіз әрекетке жеткізеді. Қазір электронды темекілер бар. Оны балалар қайдан сатып алатынын білмейміз. Сонда дүкеншілер неліктен жасөспірімдерге ондайды сатады екен. Заң бар емес пе? Қалтасын ойлап, ақша табуды ойлаған сатушылар баланың болашағын неге ойламайды, – дейді есімін айтудан бас тартқан мектеп мұғалімі.

Иә, мұндай жағдайды көзіміз көріп жүр. Темекіге әуестік қыздардың да арасында кездесетіні өкінішті. Бұл – темекі немесе жастар арасында «хитке» айналған электронды темекіге қатысты ғана емес, энергетикалық сусындар мен алкоголь, наркотикалық заттарға да қатысты өзекті мәселе. Айналып келгенде, жас ұрпақтың денсаулығын құртып жатқанымызға өзге емес, өзіміз кінәліміз.

Үкімет тарапынан мұндай мәселені шешу туралы Мемлекет басшысы талай жерде айтып жүр. Үлкен жиындардың бірінде Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев: «Қоғамда энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салу қажеттігі жиі айтылады. Үкімет бұл мәселені мұқият зерделеп, нақты шешім қабылдауы керек. Бұл ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай» деді.

Президент бізде алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған азаматтарға сатуға тыйым салынғанын да еске салды. Бірақ бұл талап іс жүзінде орындала бермейді. Құзырлы органдар бақылауды күшейту керек. Заң талаптарына сәйкес жазасын тағайындап, қоғам алдында атын атап, түсін түстеу де ұрпақ тәрбиесіне көмегін тигізбек. Сонда ғана жеткіншек ұрпағымызды осындай пәледен қорғай аламыз.

Айтпағымыз, балаға келетін қауіп мұнымен бітпейді. Яғни, сана сезімін улайтын жат әдеттермен қатар, от, су қаупі де жоқ емес. Тілсіз жаудан келетін зиян да орасан. Сондықтан бала қауіпсіздігіне аса мұқият болу – ата-ананың міндеті.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, ата-ана баласының жат әдеттен бойын аулақ ұстауына жауапты. Жамандықтан барынша қорғауға тырысу керек. Десек те балаңыздың мінезінен өзгеріс байқасаңыз, жанында болыңыз. Баланы басындағы қолайсыздықпен жалғыз қалдырмаңыз. Кез келген қиындық уақытша екенін және өтіп кететінін айтып түсіндіріңіз. Бұл өмірден алынған тәжірибе және міндетті түрде келеңсіз жағдайда көмектеседі. Қарым-қатынасты бұйрықпен емес, өтінішпен, тапсырма берумен алмастыру әлдеқайда оң өзгерістер әкелетініне сеніңіз.


Бибісара ЖАНӘЛІ
Фото:ашық дереккөз

18 қазан 2025 ж. 172 0