Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Тілсіз жаудан келер қауіп көп

Тілсіз жаудан келер қауіп көп

Сырдария аудандық төтенше жағдайлар бөлімі және №12 өрт сөндіру бөлімі қызметкерінің қатысуымен жылу беру маусымына дайындық жұмыстары бойынша брифинг өтті. Іс-шараға коммуналдық қызмет өкілдері қатысты.

Брифинг барысында тұрғын үй мен әлеуметтік нысандардың жылыту жүйесін жөндеу, отын қорымен қамта­масыз етілуі, жылыту маусымында туындауы мүмкін төтен­ше жағдайдың алдын алу мәселелері айтылды.

Сондай-ақ жауапты сала қызмет­кері Салтанат Джалмухамбетова мау­сым­ға дайындық барысы жөнінде баяндама жасап, жылу жүйелерінің техни­калық дайындығы мен қауіпсіздік талаптарын сақтау бағытындағы атқа­рылып жатқан жұмыс­­тар туралы айтты.
Іс-шара барысында өткен жылу беру мау­сымында аудан аумағындағы тұрғын үй секторында 5 өрт оқиғасы орын алғанын атап өтті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 72 пайызға азайған.

Бұл ретте өрт оқиғасынан қаза бол­ған адамдар жоқ және өткен жылмен салыс­тырғанда жүз пайызға азайған. Сондай-ақ өрт барысында жарақат алған адам жоқ. Табиғи газдан және көмірқышқыл газынан улану оқиғасы тіркелмегенін атап өтті.

– Орын алып жатқан жағдай көбіне­­се тұрғындардың өрт қауіпсіздік шараларына салғырт қарауынан, яғни тұрмыстық пештердің техникалық жағ­дайына мән бермеуінен немесе балаларды қараусыз қалдыруынан пайда болуда.

Қазіргі уақытта «Өрт қауіпсіздігі айлы­ғын өткізу туралы» Департамент бастығының 2025 жылғы 12 тамыздағы №197 бұйрығының негізінде 15 тамыздан бастап әлеуметтік осал топ­тағы тұрғындардың үйлері аралануда. Сырдария ауданының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағ­дарламалар бөлімі аудан бойынша әлеуметтік аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар 2673 тұрғын үй тізімі нақтыланып, бөлім қызметкерлері тізім бойынша тұрғын үйлерге өрт қауіпсіздігі шараларын сақтау туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізуде, – деді Салтанат Джалмухамбетова.

Сонымен қатар Қазақстан Рес­публикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына арнал­ған «30 игі іс» шарасы аясында әлеу­меттік осал тұрғындардың, оның ішінде жалғызбасты қарттар мен мүге­дектігі бар тұрғындардың жылыту пештеріне жөндеу жүргізу және қатты отынмен жылытатын үйлердің түтін мұржаларын тазалау жұмыстары жүргізілген.

Одан бөлек әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйлеріне жер­гілікті бюджет есебінен сатып алынған 60 дана табиғи газды анықтайтын датчиктер орнатылған. Аталған датчиктер тұрғындардың улы газдан улану фактілерінің алдын алуға көмектеседі.

Әр аптаның сәрсенбі, жұма және сенбі күндері аудан бойынша полиция бөлімі және басқа жергілікті атқарушы органдарының өкілдерімен бірлесіп, өрттің пайда болуын, адамдардың қаза болуын және жарақат алу қауіп-қатерін азайту мақсатында профилактикалық жұмыстар атқарылады. Барлығы 3698-ден астам тұрғын үй секторын аралау барысында 21188 тұрғынға үгіт-насихат жұмыстары жүргізілген. Көпқабатты тұрғын үй аулаларында 57-ден астам тұрғынды тарту арқылы 7 рет кездесу ұйымдастырылып, электр және газ баллон жабдықтарын, пешті және газ пештерін орнату, қолдану барысындағы өрт қауіпсіздігі талаптары туралы түсіндірілгені хабарланды.

Ұйым қызметкерлеріне 5 рет нұс­қаулықпен дәріс оқылып, білім беру ұйымдарында 8 рет интерактивті және ашық сабақ өткізілгені де атап өтілді.


Қыстың қытымыр суығында әр үйдің жылы әрі жарық болуы – бүгінгі дайын­дықтың нәтижесі. Сондықтан жауапты қызметтердің жүйелі еңбегі – халықтың қамы, қауіпсіздігі.

Ақтоты ТЕМІРХАНҚЫЗЫ

18 қазан 2025 ж. 222 0