Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Екпе – аурудан қорғайтын тиімді жол

Екпе – аурудан қорғайтын тиімді жол

Адам денсаулығын қорғаудың негізгі тетіктерінің бірі – уақытылы екпе алу. Осыған орай аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақы­лау басқармасының мамандары тұрғындар арасында түсіндіру жұмысын күшейтіп, екпе егу тақырыбында брифинг өткізді.

– Екпе – бала күтіміндегі ең маңызды сұрақтардың бірі. Өкінішке орай, ата-аналардың көпшілігі қандай аурулардың алдын алуға болатынын, сонымен қатар, қашан және қай уақытта жоспарлы екпені алуға болатынын білмейді. Екпе алу арқылы адам ағзасында кейбір ауруларға деген жасанды иммунитет пайда болады. Қазақстан Республикасында халық­аралық алдын алу екпелерінің күнтізбесі бар. Бұл құжатта екпенің түрі мен егілу уақыты нақтыланған. Екпе алу уақыты бала ағзасының иммундық жауабының толық жүзеге асырылу мүм­кіндігіне байланысты болып келеді. Сондай-ақ екпе күнтізбесіндегі барлық екпелер ақы­сыз түрде жүргізіледі. Вакцинация – балалар мен халықты көптеген жұқпалы аурулардан қорғайтын ең тиімді жол. Вакцина инфекциямен қатынаста болған кезде микроорганизмдердің дамуына тосқауыл болатын қорғаныш антиденелерді шығарады. Сол кезде ауырған жағдайдың өзінде, ауру жеңіл түрде өтеді. Вакцинация арқылы әртүрлі инфекциялық аурулардың санын азайтуға, ал кейбір ауруларды мүлдем жоюға болады. Вакцина уақытылы салынса, адам көптеген жұқпалы ауруға қарсы иммунитет қалыптастырады, – деді брифингте басқарма басшысы Құралай Омарова.

Негізінде жұқпалы аурулардың түрлері әртүрлі болады. Оларға тұмау, көкжөтел, қызылша, сіреспе және В гепатиті сияқты аурулар жатады. Солардың ішінде қызылша – вирустық жолмен тарайтын, көбіне балалар арасында жиі кездесетін ауру. Сондай-ақ қызылшаға, эпидемиялық паротитке және қызамыққа (ҚҚҚ) қарсы вакцина әсер еткеннен кейін 72 сағат ішінде енгізілсе, қызылшаның алдын алуға немесе оның ауырлығын төмендетуге көмектеседі. Бұл әсіресе иммундалмаған адамдарға, соның ішінде эпидемия кезінде 6 айдан асқан нәрестелерге ұсынылады.

Қазіргі таңда күз мезгілінде тұмаудың өршитін кезеңі. Сондай-ақ ДДСҰ мәліметтері бойынша созылмалы аурулары бар және 65 жастан асқан адамдар, жас балалар мен жүкті әйелдер тұмау вирусының әсеріне өте сезімтал болады. Сол себепті денсаулықты бірінші орынға қою адам өмірінің бас­ты мақсаты деп есептеледі. Саламатты өмір салтын сақтай отыра, дәрігердің нұсқаулығымен екпені уақытылы алған орынды.
Денсаулықты сақтау – тек дәрігердің емес, әрбір азаматтың өз парызы. Себебі, сау ұрпақ – елдің ертеңі, қоғамның қуаты. Сондықтан «Бірінші байлық – денсаулық» деген сөз әрқайсымыздың өмірлік ұстаны­мымызға айналуы тиіс.


Ақтоты ӨТЕПБЕРГЕНОВА


18 қазан 2025 ж. 397 0