Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанның Әзербайжанмен қарым-қатынасы бауырластық пен сенімнің негізінде құрылған – Ильхам Әлиевпен сұхбат

Қазақстанның Әзербайжанмен қарым-қатынасы бауырластық пен сенімнің негізінде құрылған – Ильхам Әлиевпен сұхбат

Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Қазақстанға мемлекеттік сапары қарсаңында Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында екі ел арасындағы саяси диалогтың жоғары деңгейі, көлік-логистика мен мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамуы, сондай-ақ «жасыл» энергетика саласындағы бірлескен жұмыс пен Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы бастамалардың болашағы жайында айтып берді. KAZINFORM

Құрметті Президент мырза, жақын арада Сіздің Қазақстан Республикасына мемлекеттік сапарыңыз болады. Осы орайда Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы саяси байланыстардың қазіргі деңгейін қалай сипаттар едіңіз және алдағы сапардан не күтесіз?

— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы саяси қарым-қатынас бүгінде жоғары өзара сенімділікпен сипатталады. Өткен онжылдықтарда тарихи тұрғыдағы бауырластық, достық және өзара қолдауға, ортақ түркі бірегейлігіне, ұқсас мәдени дәстүр мен рухани құндылықтардың берік іргетасына сүйене отырып, біз шын мәнінде нағыз стратегиялық және одақтас серіктестікті орнаттық.

Екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететін маңызды фактор ретінде белсенді және сындарлы диалогты атап өтер едім. Себебі осы іс-қимылдар жоғары деңгейде жүріп жатыр және барлық деңгейдегі мемлекетаралық қатынастарды жан-жақты тереңдетуге серпін беріп отыр. 

Кейінгі үш жылда бауырлас елге осымен жетінші рет сапарламақпын. Қазақстанға әр сапарымда қарқынды даму мен жаңа табыстардың куәсі болғаныма қуаныштымын. Бұл жетістіктер Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың басшылығымен жүргізіліп жатқан мақсатты және дұрыс жоспарланған мемлекеттік саясаттың айғағы.

Елді жаңғырту мен экономиканы әртараптандыруға бағытталған реформалардың сәтті жүзеге асырылуы ерекше әсер қалдырып отыр. Бүкіл бауырлас Қазақстан халқын ауқымды нәтижелермен құттықтағым келеді. Аталған кезеңде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Әзербайжанға алты рет сапармен келді.

Осының барлығы елдеріміз арасындағы жан-жақты серіктестік пен стратегиялық өзара іс-қимылды дамытуға деген ұмтылысымызды көрсетеді. Сонымен қатар, тұрақты байланыстар күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді жедел шешуге және ынтымақтастықтың негізгі бағыттары бойынша келісілген ұстанымдарды әзірлеуге мүмкіндік береді.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, азат етілген Физули қаласында Құрманғазы атындағы Балалар шығармашылығы орталығын салған бауырлас Қазақстанға тағы да ризашылығымды білдіргім келеді. Бұл орталық бүгінде 100-ге жуық бала білім алып жатқан маңызды мәдени әрі ағарту мекемесіне айналды.

Өткен жылдар ішінде біз берік келесім мен құқықтық базаны – 170-ке тарта құжатты әзірледік, саяси, сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салалардағы жемісті ынтымақтастықтың тетіктерін белгіледік.

Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы Стратегиялық әріптестік және одақтастық туралы шарттың маңыздылығына ерекше тоұқталғым келеді. Бұл ретте, биыл осы маңызды құжатқа қол қойылуының 20 жылдығын атап өттік. Бұл құжат әртүрлі салада Әзербайжан-Қазақстан ынтымақтастығын дамытуға берік негіз қалап, өткен жылдары елдеріміздің ынтымақтастығы барлық бағытта айтарлықтай кеңейді.

Сондай-ақ, Жоғары мемлекетаралық кеңесті өткізудің маңыздылығын атап өткен жөн. Оның алғашқы отырысы былтыр Қазақстан Президентінің Әзербайжанға мемлекеттік сапары барысында өткен. Астанада алдағы екінші отырыс барысында өзара тиімді ынтымақтастықтың перспективасы мен Әзербайжан-Қазақстан қарым-қатынасын жаңа деңгейге шығару қадамдары талқыланады.

Әзербайжан мен Қазақстан көпжақты форматтарда, оның ішінде халықаралық және өңірлік ұйымдар аясында тиімді ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр. Атап айтқанда, БҰҰ, Түркі мемлекеттері ұйымы, Ислам ынтымақтастығы ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес және басқа ұйымдар аясында жемісті қарым-қатынас орнаған. Екі ел халықаралық аренада бір-бірін үнемі қолдап келеді, көптеген мәселелер бойынша ортақ ұстанымды жариялап отыр.

— Соңғы жылдары Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық қалай дамып жатыр?

— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықтың ауқымы өте кең. Сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың тұрақты дамып отырғанын ерекше атап өткім келеді. Екі ел де бірлескен бастамаларды дәйекті түрде жүзеге асырып, экономиканың түрлі салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл ілгерілеу мемлекеттік мақсатты саясаттың, бизнес-қоғамдастық өкілдері арасындағы белсенді диалогтың, сондай-ақ өзара тиімді әрі серіктестік қарым-қатынасты дамытуға қатысты ортақ міндеттеменің арқасында мүмкін болды.

Қазіргі кезде елімізде қазақстандық капиталдың қатысуымен 250-ге жуық коммерциялық құрылым тіркелді. Бұл өз кезегінде инвестициялық климатқа деген сенімнің жоғары деңгейін растап, экономикалық ынтымақтастықты одан әрі кеңейту үшін берік негіз құрды. Өзара саудада да оң серпін анық байқалды. 2024 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 470 млн долларды құрады, ал 2025 жылдың қаңтар-тамызы аралығында 547 млн долларға жетті. Бұл өсім Орта дәліздің әлеуетін тиімді пайдаланудың және көлік-логистикалық инфрақұрылымды жүйелі түрде жаңғыртудың арқасында болды. 

Сонымен бірге, Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы инвестициялық ынтымақтастық нығая түсуде: Әзербайжанның Қазақстан экономикасына құйған инвестициясының көлемі 225 млн долларға жетті, ал Әзербайжандағы қазақстандық инвестиция 136 млн долларды құрады. Бұл көрсеткіштер ұзақ мерзімді серіктестік пен тұрақты дамуға тараптардың өзара мүдделі екендігін байқатты.

— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы көлік-логистика, мұнай-газ секторы мен «жасыл» энергетика саласындағы ынтымақтастық деңгейін қалай бағалайсыз? Орта дәліздің екі ел үшін маңызы қандай? Ақтау және Алят порттары арқылы тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін қандай шаралар қабылданып жатыр?

— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы көлік-логистикалық ынтымақтастық экономикалық өсу мен өңірлік нарықтардың интеграциясы үшін жаңа мүмкіндікті ашатын стратегиялық маңызды сала. Инфрақұрылымның үздіксіз дамуы және тариф пен логистикалық артықшылықтардың кеңеюі тасымалдау көлемін ұлғайту мен екіжақты қарым-қатынастарды одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдай жасайды.

Қазіргі кезде ынтымақтастықтың бұл саласы айтарлықтай ілгерілеп келеді. Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы транзиттік тасымалдау 2024 жылы 3,5 млн тоннадан асты, бұл көрсеткіш оның алдындағы кезеңмен салыстырғанда 20%-ға артқан. Орта дәліз елдер арасындағы тұрақты және тиімді байланысты қамтамасыз етуде шешуші рөл атқарады. 

2022 жылы Ақтауда Орта дәлізді дамыту және пайдалану бойынша «2022–2027 жылдарға арналған Жол картасына» қол қойылды. Бұл тұрғыда Түркия, Әзербайжан және Қазақстан арқылы өтетін аумақ қамтылған. Құжатта үш елдің көлік-логистикалық инфрақұрылымын қатар дамыту, жұмыстарды оңтайландыру, қосымша жүк ағынын тарту, бірыңғай тарифтік саясатты жүзеге асыру, логистикалық орталықтар желісін дамыту, басқа да негізгі мәселелерді шешу қарастырылған.

Маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі – Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы Каспий теңізінің түбімен суасты талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу. Құрылыс келісімшартына 2025 жылдың наурыз айында Бакуде қол қойылды, ал жұмыстардың аяқталуы 2026 жылдың соңына жоспарланған. Бұл қадамдар цифрлық интеграцияны күшейтеді.

Мұнай-газ саласында SOCAR мен «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы Ақтау-Джейхан бағыты бойынша жылына 1,5 млн тонна қазақстандық транзиттік мұнайды тасымалдау туралы бас келісімге қол қойды. 2024 жылы транзит көлемін кезең-кезеңмен ұлғайту және тарифтерді төмендету туралы келісімге қол қойылды.

Ақтау және Алят порттары арқылы тасымалдаудың тиімділігін арттыру үшін инфрақұрылымды жаңғырту, жылжымалы құрамды жаңарту және басқа да шаралар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өз кезегінде Еуропа мен Азия арасындағы негізгі транзиттік бағыт ретінде Орта дәліздің позициясын нығайтады.

Өнеркәсіптік кооперацияда кеме жасау саласындағы серіктестік те маңызды бағыт саналады.
Екіжақты күн тәртібінде «жасыл» энергетиканы дамыту басты орын алады. 2024 жылы Әзербайжан, Қазақстан және Өзбекстан энергетикалық жүйелерді біріктіруге және жаңартылатын энергия көздерін ілгерілетуге бағытталған бірқатар стратегиялық келісім мен меморандумдарға қол қойды. Бұл бастамалар мемлекеттердің орнықты дамуға және экологиялық таза технологияларға көшуге деген ортақ міндеттемесін көрсетеді.
— Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтудағы Түркі мемлекеттері ұйымының рөлін қалай бағалайсыз?

— Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы бауырластық байланыстарды нығайтуда маңызды рөл атқарып отыр және саяси диалогты тереңдету, экономикалық қарым-қатынасты кеңейту, сондай-ақ гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуда тиімді алаң ретінде қызмет етеді.

2009 жылы Әзербайжанның ежелгі жерінде — Нахчыванда құрылған Түркі мемлекеттері ұйымы түркі халықтары мен елдері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға зор үлес қосты. Былтыр Шушада бірінші бейресми Саммит өтті, ал жуырда Габалада ТМҰ Мемлекет басшылары кеңесінің 12-ші Саммиті ұйымдастырылды. Осы жоғары деңгейдегі кездесулер барысында ұйым аясында елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың негізгі мәселелері талқыланып, Түркі мемлекеттері ұйымының нығаюына, түркі әлемінің тығыз ынтымақтастығына, оның саяси әрі экономикалық және әскери қуатының өсуіне, жаһандық аренада күш-қуат орталығына айналуына ықпал ететін декларацияларға қол қойылды.

Мәдени-гуманитарлық және білім беру саласында елдеріміз арасындағы ынтымақтастығы жүйелі әрі прогрессивті сипатқа ие. Бірлескен бастамалар фестивальдер, көрмелер, әдеби кештер мен конференциялар ұйымдастырудан бастап, ғылыми және білім беру мекемелерінің белсенді ынтымақтастығына дейінгі кең ауқымды салаларды қамтиды.

ТМҰ аясында Халықаралық Түркі академиясы табысты түрде жұмыс істеп тұр. Оның зеттеу жүргізудегі, ғылыми және білім беру байланыстарын нығайтудағы маңызы зор. 

Мұнымен қоса, ТҮРКСОЙ, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, Түркі мемлекеттерінің Парламенттік Ассамблеясы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында тығыз ынтымақтасып отырмыз. Осының бәрі Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы сенімнің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. 

1926 жылы Бакуде өткен Бірінші түркологиялық съездің тарихи маңызын ерекше атап өткім келеді. Бұл оқиға түркі ғылымының, мәдениетінің, бірлігінің дамуындағы маңызы жоғары қадам болды. Келер жылы бұл айтулы форумның өткеніне 100 жыл толады. Сондықтан ТМҰ аясында Бірінші Түркологиялық съездің мерейтойын салтанатты түрде атап өту жоспарланған.

Фото: ӘР Президентінің баспасөз қызметі

https://kaz.inform.kz/news/kazakstannin-azerbayzhanmen-karim-katinasi-bauirlastik-pen-senmnn-negznde-kurilgan-ilham-alievpen-suhbat-78f4ca/
18 қазан 2025 ж. 148 0