Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ахмет Байтұрсынұлы – заманның заңғар тұлғасы

Ахмет Байтұрсынұлы – заманның заңғар тұлғасы

Қазақ халқы ерте заманнан өзінің ата тегі мен дәстүрі мен салтын, дала заңдарын қалыптастырған. Адамның өмір сүру дағдысы мен қаншама замандар өзгергенімен, өшпейтін құндылықтарды ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдырған. Ұлттық құндылықтарға сусындап, жастайынан жігерлі, қабілеті мен дарыны елге жайылған, қазақ қоғамында ерекше орын алатын, елдің еңсесін көтеріп, жігерін құм етпеген, әрқашан қазақ жастарын оқуға үндеген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ел үшін еңбегі ерен. Тарих беттеріне көз жүгіртетін болсақ, талай кезеңде тас төсекке жастанып, түн мен күнінде «қайтсем қазақты жарыққа шығарамын» деген жанкешті жанның бірі болды.

А. Байтұрсынұлы – ұлт мақтанышы. Оның әр еңбегі бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін жазылған. Асыл азаматтың алтын қаламынан тамған ақ өлеңдей сөздері ұлт жадында.

Ахмет атамыздың аудармалары – түпнұсқадан ерекшеленіп, өзгеше өн мен бояу арқылы жаңа бір өнер туындысы деңгейіне дейін көтерілген көркем туындылар. Оның Крыловтан аударған мысалдары барлығымызға етене таныс. Крылов та өз заманында ежелгі грек мысалшысы Эзоптан аударған мысалдары жетерлік. Крылов мысалдарында жануарлардың іс-әрекетін көрсете отырып, түп-түкіясында адамдардың іс-әрекетін жасырып қояды. Онда орыс ұлтының өзіндік бояуы, ұлттық танымы мен өзіндік мәдениеті айқын байқалып тұрады.

Ахмет Байтұрсынұлының аудармаларын аударма деуге ауыз бармайды. Құдды ұлттық мүддені ой елегінен өткізе білетін, елінің келешегін ойлаған қазақ ақынының кезекті бір өлеңі ме деп ойларсыз. Ахмет атамыздың мысал жазуына себеп болған бірден-бір мәселе – ол сол уақыттардағы қазақ халқының қараңғы түнекте ұйқыда жатуы, яғни надандық дәуірі өршіген сәтте, халықтың ілім-білімге ден қоймай, ел ісі, жер ісі дегенде кері тартуы. Өзі надан болып қана қоймай, ілім қуған қазақ зиялыларының аяғынан шалғанына қатты ренішін білдіреді.

Ойды қорыта келе, Ахмет атамыздың аудармаларынан этнолингвистикалық теңеулерді топтастыруымыздың өзіндік ерекше мәні бар. Қазақ тілінде теңеулер жайлы ең алғаш пікір айтқан – Ахмет Байтұрсынұлы еді.

Аударма саласының үздіктеріне Пушкин: «Аудармашылар – ұлттық ағарту ісінің негізгі күретамырлары», – деп баға берген [2, 3].

Кінәсіз репрессияға ұшыраған «Оқу құралының» ендігі екінші тағдыры қалай болар екен? Бүгінгі ұстаздар, әдіскерлер, жас ұрпаққа бағыт-бағдар, білім беретін зиялы қауым А. Байтұрсынұлы мен Т. Шонанұлы жазған «Оқу құралының» әдістемелік ұстанымдарын меңгерсе, оқушыны жалықтыратын жансыз оқулықтардан арылар едік.
«Оқу құралы» – қазақ елінің сауатты, отаншыл ұрпақ өсіруіне әбден лайық басылым екені анық.
А. Байтұрсынұлының: «Біз әуелі елді түзетуді бала оқыту ісін түзетуден бастауымыз керек», – деген ойын алға тартатын кез келді деп санаймыз, деп пікір қалдырған А.С. Ісімақова, филология ғылымдарының докторы, профессор [4].

Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» жинағындағы өлеңдеріне талдау жасап, назарларыңызға ұсынамын. Бұл кітапта жан-жануарлар мен түрлі кейіп нәтижесінде мысалдар арқылы ұйқастырып, көптеген сол кезеңдердегі қазақ қоғамында болып жатқан істерді әшкерелегені анық көрініс тапқан. Мәселен, «Егіннің бастары» деп аталатын салмақты өлеңінде әкесі мен баласының әңгімесін өлеңге арқау еткен. Мысал өлең арқылы: жалғыз жүріп жетістікке жете алмайсың, сонымен қатар білімсіз ғана мұрын шүйіріп, көкіректенеді дегенге саяды. Бұл – сол кезде де, бүгінгі күні де жастар арасында кең тараған мінездің түрі.

Жалғыз-ақ бір бидай тұр көкке қарап,
Бейне бір жалғыз өзін көпке балап.
Баланың сол бидайға көзі түсіп,
Білмекке кетті көңілі жөнін сұрап. [26]

Ұлының осындай қалт еткенді жібермей сұрағанына риза болған әкесі, көп қазақтың ұлдарына қажет мынадай өсиет сөз айтады:

Айтайын мұның мәнін, балам, саған:
Шырағым, түрін көріп таңданба оған.
Өзгесі төмен қарап бүгілгенге,
Ойлама, кем екен деп бәрі сонан.

Және де әкесі айтты баласына:

Сұқтанба, құр сорайған қарасына!
Құдайым өзгесіне дән бергенде,
Бұл бидай дәнсіз қалыпты арасында. [27]

Осы бір шумақ өлеңде қаншалықты салмақты ойдың жатқандығы көрініп-ақ тұр.

«Екі шыбын» аталатын мысал өлеңі кейбір басшыларды сынға алғандай ой тастайды. Өгіз күні бойы жер жыртып келе жатады. Мүйізінде бір шыбын отыр екен. Келесі шыбын кезігіп, жөн сұрағанда:

Сонда бұл мұрнын көкке көтереді,
Адамсып, маңызды боп жетеледі.
Жер жырттым күні бойы, шаршап келем,
Мазалап, сұрап саған не керегі?

Адамды кейбір түрлі алып еске,
Қарасақ, ғибрат бар бұл кеңесте.
Біреудің я қайратын, я дәулетін,
Өзімсіп жүретіндер бар емес пе?! [35]

Барлығын білікті мамандар атқарып, ол мұрнын шүйіріп, барлығын өзім істедім дейтіндер де бар. Бұл да бүгінгі күнгі қоғамымыздың көрінісі екені анық. Ол қай заманда болсын, қарапайым халықтың арқасында, еңбек адамдардың қажырлы қайратының нәтижесінде жетістікке жетіп келеміз.

«Маймыл мен көзілдірік» мысалында, маймылдың көзі нашар көре бастайды. Оған көзілдіріктің пайдасы бар екендігін айтады. Сонда маймыл көзілдірікті алып, оны құйрығына байлап қояды. Одан ешқандай нәтиже болмағанына ашуланып, көзілдірікті тасқа ұрып сындырады. Өлең түйінінде автор былай дейді:

Алғанда бұл кеңесте ғибрат бар,
Маймылша іс ететін көп надандар.
Пайдалы затты орнына жұмсай алмай,
Сөгетін пайдасыз деп — жоқ па адамдар?! [45]

Бұл үш мысал өлеңінде де барша адамзатқа ортақ құндылықтар өлеңмен өрнектеліп жеткізілген. Ұғынуға да, түсінуге де ыңғайлы. Қаншама жылдар өтсе де, ұлт ұстазының өлеңдері құндылығын жоймаған. Ешқашан жоймайтынына бек сенімім мол.


Аруза Албекқызы
Қорқыт Ата атындағы
Қызылорда университетінің
І курс студенті
Фото: Ашық дереккөзден

29 мамыр 2025 ж. 224 0