«Дара тұлға» төрінде ардақты журналист
«Журналистің жегені жантақ – арқалағаны алтын» дейді қазақтың халық жазушысы Шерхан Мұртаза. Ауданның ақпарат саласының дамуына өлшеусіз үлес қосқан ардақты журналист Сәуле Сұлтанқызының баспасөзге сіңірген еңбегі зор. Қаламы қуатты ардагер саналы ғұмырын аудандық басылымға арнаған дара тұлға. Жақында кент мәдениет үйінің ұйымдастыруымен «Дара тұлға» бағдарламасының қонағы ретінде есімі аудан, облыс көлеміне белгілі журналист Сәуле Ерімбетпен кездесу өтті.
Кеш қонақтары ретінде өзі еңбек еткен ұжым қызметкерлері мен шәкірттері, ардагерлер, ұстазы мен құрбылары, ардақты аналар мен оқушылар қатысты.
Алдымен бағдарлама жүргізушісі, мәдениет қызметкері Эльмира Тілеубергенова ардақты журналистің жүріп өткен өмір жолымен көпшілікті таныстырды. Тұлғасы дара Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сәуле Сұлтанқызы алғаш еңбек жолын 1977 жылы корректорлықтан бастап, тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары секілді барлық сатыдан өтті. 43 жылғы еңбек өтілінде 18 жыл басшылық қызметте болып, аудан басылымының жұмысын ілгері жылжуына аянбай еңбек етті. Бүгінде саланың құрметті ардагері Сәуле Сұлтанқызы – аяулы жар, көпбалалы ана, Алтын алқа иегері.
Журналистика – қоғамның келбеті, жақұт көзі және тілі, елдің жүрегі. Халық пен қоғам арасындағы алтын көпір. Сондықтан журналистің қоғамдағы орны бөлек. Аудан басылымының тарихында ұзақ жыл редакторлық еткен қаламгер есімі шын мәнінде құрметпен аталады. Жиналған қауым ұзақ жылғы еңбек жолын абыроймен атқарған дара тұлғаның журналист ретінде қалыптастқан жолын өз аузынан тыңдады.
– Балалық шағым туып-өскен жерім Асқар Тоқмағанбетов ауылында өтті. Жоғарғы сыныпты аудандағы №35 орта мектептен бітірдім. Бала кезімнен кітап оқуғы құмар едім. Бала арманым журналист немесе полиция қызметкері болу еді. Арманыма жету мақсатында мектеп бітірген жылы аудандық басылымға келіп, корректорлық жұмысқа орналастым. Алғашқы күнім есімнен кетпейді. Сол кездегі мықты журналистер қауымы менің шыңдалуыма көмектесті. Әрбір жарыққа шыққан газетте қате болмауына күшімді салдым. Әрине, ол кездегі жұмысты қазіргімен салыстыруға келмейді. Зиянды еңбекте қол күшімен әріп теріліп, газет шығатын. 8 жыл бойы корректорлық қызметті атқардым. Жұмыс істеп жүріп КазГУ-дің журналистика факультетіне оқуға түстім. Отбасылы болдым. Сол кездегі басылымның редакторы болған ардақты журналистердің көп қамқорлығын көрдім. «Айналайын» деген сөзінен айнымады. Үйдегі қарт кісінің, бала-шағаның қамын алдымен жасауыма жағдай жасады. Жұмысқа кешігіп келсем де қатты сөзін айтпады. Кейін өзім басшылық қызметке келгенімде де осы ұстанымда болдым. Әр қызметкер бір-бір отбасының асыраушысы, алдымен оның жағдайы болуы керек, содан соң жұмыс алға жылжиды деген қағиданы ұмытпадым, – деді Сәуле Сұлтанқызы.
Ардақты ана, белгілі журналист атанған жан туралы ұстазы Сұлупан Шамшадинова, қамсыз бала күннің куәгерлері болған сыныптас құрбыларының атынан Жанат Жансейітова, әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева, байырғы әріптесі, қазіргі таңда Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамдық бірлестігі аудандық филиалының төрағасы Шаһарбек Нұрсейіт, шәкірттері, бүгінде «Amanat» партиясы аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы мен редакцияның бүгінгі шығармашылық ұжымы, туыстары мен ұрпақтары ұрпақтары сөз алып, дара тұлға туралы жылы лебіздерін білдірді.
Әсерлі өткен кездесуде «Суреттер тарихы» айдарымен экраннан суреттер көрсетілді. «Әр сурет жеке бір тарих»дегендей, естелікке айналған суреттер туралы сыр шерткен Сәуле Сұлтанқызы әрбір тарихи кезең өмірінің бір бөлшегіне айналғанын айтты. «Сұрақ-жауап» кезеңінде оқушылар қойған сұрақтарға ұтымды жауап берілді.
Жарты ғасырға жуық өмірін қызметке арнап, отбасының алтын діңгегі бола білген ардақты ардагер халықтың жоғын жоқтайтын, мұңын мұңдайтын журналистер қауымының жұмысын алға сүйреді. Небір өтпелі кезеңге қарсы тұрып, газет редакциясының жұмысын ұтымды ұйымдастырды, беделін көтерді. Қашанда газет жұмысында күрделі мәселе туындағанда дұрыс шешім қабылдануына жағдай жасады. Қанатымен су сепкен қарлығаштай, түйткілді мәселенің оң шешімін табуға атсалысты.
– Журналистиканың озығы да тозығы да жоқ, бірақ уақыт ағымына сай жаңашылдық керек-ақ. Қазір жаңалықтарды әлеуметтік желіде жарыса жар салатын блогерлер көбейіп кетті. Олардың арасында жаңалыққа сауатты, салқынқанды қарап, саралай алатындары некенсаяқ. Көбіне мақсаты бөлек болып келеді. Ал дамудың даңғыл жолындағы кәсіби журналист тек шын ақпаратқа сүйенеді. Қазіргі журналистерге көңілім толады. Аудан баспасөзінің жұмысын жастар қолға алды. Оларға әрқашан ақылымызды айтудан жалықпаймыз. Басымыз қосыла кетсе, мәселені талқылап, оқырманның ойынан шығатын дүниені қалай дұрыс жазу керектігін ақылдасамыз, – дейді ардагер-журналист.
Тұлғалық, аналық болмысымен қызметін терең ұғынып, елінің мұңымен мұңайып, қуанышына шаттанған қаламгер газет жұмысынан қол үзсе де, әлі күнге дейін күнделік жүргізеді. Өмірде болған жағдайлар мен түйген ойын қағазға түртіп отыруды әдетке айналдырды. Алдағы уақыт еншісіне кітап шығару жұмысын жоспарлады.
Кеш соңында аудандық газеттің бас редакторы Аружан Мұханбетқали сөз алып, бағдарламаны ұйымдастырушыларға, кеш қонағына алғысын айтты. Керемет естеліктер кеші болған әсерлі кездесуде аудан өнерпаздары Абылайхан Байділдаев, Руслан Садықов өнер көрсетті, адақты өнерпаз ана Шолпан Жанбосынова домбырамен ән айтты.
Ортағасырлық философ Сұлтан Санжар: «Жаратушы дүниеге келген әр пендесінің кеудесіне жан салып, бойына алуан қасиет дарытады. Адам баласы тіршілігінде осы аманатты асқан ыждаһаттылықпен пайдаланып, өзінің ғана емес көптің қажетіне жаратуға тиіс» деген. Ардақты жан өмір бойы тағылымды ісімен халыққа қызмет етті. Бойындағы қасиетімен ерекшеленді. Сәуле Сұлтанқызы – дара тұлға, дара ұстаз атанды. Ол ұлық қызметте «редакция» деген қарашаңырақта өшпестей етіп өз атын алтын әріппен қалдыра білді.
Бибісара ЖАНӘЛІ