Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет

Қажырлы еңбекке – лайықты құрмет

Қоғам қайраткері, ел ағасы, саналы ғұмырын Сыр өңірінің дамуына арнаған абырой биігіндегі ардақты азамат Ибрагим Әбибуллаев «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атанды. Облыстық мәслихаттың сессиясымен бекітілген марапатты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев табыстап, тағдыр жолы тағылымға толы тұлғаның еңбегін жоғары бағалады.

Бүгінде ардагерлік кезеңге абыроймен жеткен тұлға еңбек жолын механик қызметінен бастап, Жамбыл атындағы кеңшар директоры, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін абыроймен атқарған.

Сонымен қатар Жаңақорған аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, облысымыздағы Жаңақорған, Шиелі, Сырдария аудандарының әкімі, облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ретінде аймақтың әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси және рухани-мәдени дамуына айрықша үлес қосты.

Әр салада өзіндік дара қолтаңбасын қалдырып, халықтың ыстық ықыласына бөленген азамат білік­ті де білімді азаматтардың сатылап өсуіне қолдау білдіріп, мемлекеттік қызметтегі азаматтардың ұстазы атанды. Бүгінде ел басқару ісіне араласып жүрген азаматтар Ибрагим Сражадинұлының тәлім-тәрбиесі мен тағылымынан көп үлгі-өнеге алғанын әркез зор мақтанышпен айтып жүреді. Бұл ардақты тұлғаның дара болмысын, қажырлы еңбегін және қоғамдағы беделінің биік, абыройының асқақ екенін білдіреді.

Облыс дамуында өзіндік орны, мәртебелі төрі бар Ибрагим Сражадинұлының Сырдария, Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласының және Америка Құрама Штаттарының Аризона штаты, Туссон қаласының құрметті азаматы екенін айта кеткеніміз орынды. Ардақты азамат «Құрмет» орденімен және түрлі мерекелік медальдармен марапатталған. Қайраткердің ұл-қыздары мен ұрпақтары да бүгінде әке жолын жалғап жоғары лауазымды қызметтерде Тәуелсіз Қазақстанды өркендету ісіне атсалысуда.

Дана халқымызда «Тарихты тұлғалар жасайды» деген тағылымы мол сөз бар. Осы тұста музейді тарихи жәдігерлерді сақтау орны деп қарастырар болсақ, сол құндылықтарға құрметпен қарайтын тұлғалар тарихымызды түгендеуге елеулі еңбек сіңіретіні белгілі. Ибрагим Сражадинұлының ұсынысымен бірер жыл бұрын ауданымызда «Музейге сый» атты тамаша жоба жүзеге асты. Сырдария ауданын басқарған тұста өңір экономикасымен қатар рухани-мәдени құндылықтарымыздың түгенделуіне, мәдени мұралардың сақталуына айрықша еңбек сіңірген азамат біздің ауданды басқара жүріп, руханияттың дамуына ерекше көңіл бөліп, маңдайын күн сүйген даңғайыр еңбек майталмандары, әдебиет пен өнер марқасқалары жақұттарының сақталуына айрықша мән берді. Сол арқылы ұрпақтар сабақтастығының жалғасуына септігін тигізіп, кейінгі толқын небір қиын сәттерде ел үшін ерен еңбек еткен аудан тұлғаларын танып, білуде. Ардақты азаматтың елге деген жанашырлығына біз де куә болып, құрметті ел ағасының музей қорына құнды жәдігерлерді өткізіп, тарихымыздың түгенделуіне сүбелі үлес қосқан іс-шараға қатысқан едік. Мұны біз ел азаматының ауданға деген жанашырлығы, құрметі деп білеміз. Мұндай істің басы-қасынан Ибрагим ағамызбен бірге Жиентай жеңгеміздің, сондай-ақ ел ағаларының да табылуын, арнайы уақыт бөліп рухани-мәдени іс-шараға қатысуын тарих пен қоғам үшін тағылымы мол іс деп санаймыз. Сондықтан бұл жолғы марапат пен құрметті атақтың, Ибрагим Әбибуллаевтың «Қызылорда облысының Құрметті азаматы» атануының мәні зор. Бұл – мемлекеттік қызмет саласының ғана емес, жалпы қоғамның ортақ қуанышы.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
15 қазан 2024 ж. 99 0