Шаһарбек Нұрсейітов «Дара тұлға» бағдарламасында қонақта болды
Сырдария аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің жауапты хатшысы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Шаһарбек Нұрсейітов жары Фатима Жолдасовамен бірге «Дара тұлға» бағдарламасында қонақта болды. Журналистика саласының майталманы атанған тұлғаның өмірі мен шығармашылығына арналған бағдарламаны Тереңөзек кенті мәдениет үйі ұйымдастырды.
Бағдарлама жүргізушісі Э.Тілеубергенова қаламына құт қонып, бақ дарыған Ш.Нұрсейітовтің жемісті еңбек жолы жас журналистерге үлгі екенін атап өтті. Сонымен қатар ауданның руханият саласында өзіндік орны бар азаматтың кітаптарына, баспасөз бетінде жарияланған мақалаларына талдау жасады. Бағдарлама барысында Ш.Нұрсейітовке өмірі мен шығармашылығы жөнінде сұрақтар қойылды.
Аудандық газеттің жауапты хатшысы Ш.Нұрсейітов 1985 жылдан бастап журналистика саласында еңбек етіп келе жатқанын айтып, қаламгерлік жолдың қиын, күрделі әрі жауапкершілікті талап ететініне назар аударды. Ол әр шығармасын зерттеп, зерделеп, ой таразысынан өткізіп барып оқырман қауым назарына ұсынатынын атап өтті. Сондай-ақ кәсіби маман атану жолында ізденісті серік еткен жас маманға бағыт-бағдар берген Қ.Қоянбаев, Б.Шағыров, М.Сақтапов, С.Әлімбетов секілді алдыңғы буын өкілдеріне қарыздар екенін жеткізді.
Бағдарламада онлайн видеобайланыс арқылы аудандық «Тіршілік тынысы» газетінің бас редакторы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Ақтөре Ибрагимұлы мен елімізге белгілі мүсінші, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Жәркен Исмағұлов игі тілектерін білдірді. Олар қаламгердің азаматтық болмысына, талантына, кәсіби шеберлігіне, шәкірт тәрбиелеу ісіндегі жетістіктеріне жоғары баға берді.
Бағдарлама жүргізушісі Э.Тілеубергенова шара соңында «Дара тұлға» бағдарламасының қонағы Ш.Нұрсейітовке және жары Ф.Жолдасоваға Тереңөзек кенті мәдениет үйі атынан естелік сыйлықтар табыс етті.