Марапат биігінен көрінді
Аудандық басылымның бас редакторларының ішінде Сәуле Ерімбеттің есімі зор құрметпен аталады. Саналы ғұмырын журналистика саласына арнап, оның ішінде он сегіз жыл аудандық газеттің бас редакторы болған ардақты жан өнегелі өмір иесі ретінде аудан халқына сыйлы, қадірлі, құрметті.
Кәсіби мереке қарсаңында біздің ортақ ұстазымыз, қарымды қаламгер, «Алтын алқалы» ана, ардақты ардагер Сәуле Сұлтанқызы ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды. Марапатты облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев табыстап, еңбек ардагерінің журналистика саласына сіңірген еңбегі өлшеусіз екенін атап өтті.
Сәуле Ерімбетті өзгелерден ерекшелейтін қасиеті – көңілінің кеңдігі, пейілінің тазалығы, жүрегінің мейірім мен адалдық деп соғатыны болса керек. Ол кісінің алдына мұңайып кірген адам, күліп шығады, ешқашан ешкімнің меселін қайтарып, ауыр сөз айтқан емес. Қай кезде де, тазалықтың шырағданы болып, жанашырлық туын өзгелерден биік ұстауы тектілігіне тікелей байланысты болар. Бір сөзбен айтқанда, ол біз үшін қарапайымдылықтың, кішіпейілділіктің үлгісі.
Отбасы мен қызметті қатар алып жүру және екі ортада да құрметті болу әйел азаматы үшін оңай емес. Сәуле Сұлтанқызы қызметте басшы ғана емес, қамқоршы болды, әріптестерінің қуанышы мен қайғысын бірге сезінді, сынақты сәттерде ұжымдастарының жанынан табылды. Ұжымдастары да басшының айналасына топтасып, ортақ абырой жолында еңбек ете білді, бас редактордың бастамаларын қолдады, қуаттады, сөзбен де, іспен де өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады. Жақсы істердің жаршысы болған жайсаң жан отбасында сүйікті жар, аяулы ана, кемеңгер әже ретінде отбасының берекесін бекітіп, ырысы мен ынтымағын арттырды. Сірә, әйел-ана үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар...
Біз әркез Сәуле Сұлтанқызының қарамағында жұмыс істегенімізді мақтан етеміз, өзімізге ұстаз санап, үлгілі істерін дәріптеуді парызымыз деп санаймыз. Жеке өзім ол кісіден кейін аудандық газетті басқарудың жауапкершілігін терең сезінемін және биік үдеден шығу жолында барынша еңбек етіп келемін. Бізге бағыт-бағдар беріп, өмірлік мол тәжірибесімен бөлісіп келе жатқан ардақты жанға шынайы алғысым мен ризашылығымды білдіремін.
Мереке қарсаңындағы тағы бір сүйінші жаңалық, ол – аудандық газет бас редакторының орынбасары Ердос Беркінбаевтың облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталуы. Бұл марапатты да өңір басшысы Н.Бекежанов атындағы облыстық қазақ академиялық музыкалық драма театрында өткен салтанатты жиында табыстады. Бұл – ұжым үшін ортақ қуаныш болды.
Ердос – қарапайым отбасынан шыққан азамат. Аудан орталығындағы №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектептің түлегі. Қарағанды қаласында жоғары білім алған ол 2014 жылдан бастап аудандық газет редакциясында жемісті еңбек етіп келеді. Алғашында тілші болды, кейін сатылап өсіп, қазір жауапты жұмысты абыроймен атқаруда. Екі жыл бұрын еңбегі еленіп, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі атанған еді. Биыл облыс әкімінің алғысын арқалауда. Біз Ердос Сәрсенбекұлының алдағы уақытта да абырой биігінен көрініп, ақпараттық-насихаттық жұмыстардың көш басында жүреді деп сенеміз.
Кәсіби мерекеде «Еңбек ардагері» медалімен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, абыройы артып жатқан сала үздіктерін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, мол бақыт, шығармашылық сәттілік тілейміз! Лайым, тек қуаныш, той және жақсы жаңалықтар көп болсын!
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ