Еңбекші аналар – құрмет төрінде
Аудандық мәдениет үйінде «Еңбекші аналар» форумы өтті. «Еңбек етсең – еленерсің» жобасы аясындағы форум жұмысына аудан әкімі Берік Сәрменбаев, Қызылорда облысы бойынша «Әйелдер күші альянсының» төрайымы Рахима Ахметова, «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы Сәрсенкүл Бихожа, Қызылорда облысы бойынша іскер әйелдер қауымдастығы төрайымының орынбасары Мирамкүл Махамбет және ауданның ардақты аналары мен қыз-келіншектері қатысты.
Ауданның ақ жаулықты аналарына арналған іс-шарада аудан әкімі Б.Сәрменбаев еліміздің дамуында әйелдердің үлесі өлшеусіз екеніне тоқталды.
– Дана халқымыз «Әйел бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербейді» дейді. Сондықтан да қазақ әйелі – мәңгіліктің, елдіктің, биіктіктің өлшемі. Өңірдің дамуында әйелдердің үлес салмағы басым. Сол себепті де аймағымызда әйел-аналарға ерекше құрмет жасалып, оларға зор қолдау көрсетілуде. Кеше ғана аймақ басшысының қолдауымен аймақтың 85 жылдығы аясында ашылған «Анаға тағзым» ғимараты осы сөзіме дәлел. Бұл орталық ұрпақ тәрбиесіндегі аналардың рөлін күшейтетіні анық.
Қазіргі қоғамда «әйел – кәсіпкер», «әйел – саясаткер», «әйел – қайраткер» деген ұғымдар пайда болды. Аяулы жандар билік пен бизнесте, ғылым мен мәдениетте ерекше қабілетімен танылуда. Әйелдердің қоғамдық жұмысқа етене араласуы, саяси қызметтерде өсуі, мемлекеттік қызметте үлесі артып, Отанымыздың жетістіктеріне дем беруде, – деді Берік Әбдіғаппарұлы.
Мұнан соң ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосып жүрген бірқатар ана аудан әкімінің «Алғысымен» марапатталды. Сондай-ақ, аудан басшысы жас отау иелері Хамзе Ікрам мен Айгерім Мінажатқа неке куәлігін, 8-ші баласын дүниеге әкелген көпбалалы ана Мереке Аяповаға перзентінің туу туралы куәлігін табыс етті.
Іс-шарада аудан әкімі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы, Шаған ауылынан келген Үмбетаевтар отбасына, ақ жаулықты Ибагүл Үмбетаеваға құрмет көрсетіп, алтын құрсақты ана көпшіліктің қошеметіне бөленді. Сонымен қатар «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Рақымжан қажы Бәйменов жас отау иелеріне ақ батасын берді.
Мән-маңызы зор форумда Қызылорда облысы бойынша «Әйелдер күші альянсының» төрайымы Р.Қаржаубайқызы қоғамдағы әйелдердің рөлі, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық құндылықтарды сақтауда аналарға жауапкершілік жүктелетіні жөнінде атап өтті.
– Қазақ шаңырағының тынысы болған ардақты аналар, алтын күздің шуақыты күнінде ауданда өткізіп отырған форумға сәттілік тілеймін. Сырдария ауданы өзіміздің туған жеріміз, алтын бесігіміз. Ауданда қадірменді аналарымыз жеткілікті. Осы орайда билік тұтқасын ұстаған, қажыр-қайратын болашақ үшін жұмсаған, жан дүниесі таза Алмагүл Божанова, Алмагүл Бақтиярова, Ұлмекен Жанәлиева, осы апалардың ізін қуып келе жатқан Балшекер Өтегенова секілді зиялы тұлғаларды әрқашан қастерлеуге дайынбыз. Кетпендеп егін егіп, ел несібесін молайтқан, ерен еңбектің үлгісін көрсеткен Балдырған Мұстафаева, Күләнда Әбдіраманова сынды апаларымыздың өмір жолдарын өнеге ету азаматтық парызымыз. Сыр елінің аналары қайсар да, қаһарман да, еңбекқор.
Қаншама қазақ әйелдері шаңырағын шайқалтпаймын, балаларымды ешкімнен кем қылмаймын деп қарапайым еңбек етіп жүр. Олардың бірі көше сыпырса, бірі ауруханада тазалықшы, енді бірі ауыр сөмкені арқалаған газет таратушысы. Міне, біздің мақсатымыз – қазақ әйелінің қанына сіңген еңбекқорлығын, ержүректілігін жырлап, бағалау, қоғамның назарын аудару. Әйел болып жаратылу Алланың сынағы, әрі баға жетпес сыйы. Әйел адам жаратылысының ерекшелігі –өмірге ұрпақ әкелетінінде, – деп Рахима Қаржаубайқызы отбасы жауапкершілігі, еліміздегі ажырасудың көптеп орын алуы төңірегінде пікірін білдірді.
Қайраткер ана облыстық Аналар кеңесі төрайымының «Алғысымен» сырдариялық сауыншы Айткүл Жолбарысованы, аудандық ауруханасының акушер-гинекологы, осы күнге дейін 8000 сәбидің кіндік шешесі атанған Нейлә Әбішеваны марапаттап, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті редакциясында 30 жылдан аса еңбек еткен Орынкүл Жұманазароваға «Еңбек куәлігін» табыстады.
Өз кезегінде «Ақмешіт ақшамы» газетінің бас редакторы С.Бихожа да аналар әркез отбасының алтын діңгегі екенін тілге тиек етті.
– Еңбек тақырыбы баршамызға да қатысты. «Еңбек етсең еленерсің» дегендей, осы отырған баршамыз еңбектің арқасында абыройға кенелдік. Заманның қиын кезеңі болды. Елімізде зауыт-фабрика жабылды. Балалық шағымызда ауылда әрбір үйде шағын цех болатын. Әр үйде күбі пісілді, май шайқалып, құрт жасалды. Әжелеріміз төргі бөлмеде кілем тоқыды, киіз басты. Барлық қажетті зат қолмен жасалатын. Ол заманда да зейнетақы мен еңбекақы жетпейтін. Ата-анамыз қызмет етсе де, қажетті бақша дақылдарын егіп, артылғанын сатып күн көріске жаратты. Осы отырған ақ жаулықты аналар еңбектің арқасында абыройға кенелді. Қоғамның дамуына атсылысып жүрген еңбек адамдарының абыройы арта берсін, – деді Сәрсенкүл Бихожа.
Форумда аудан өнерпаздары тақырыптық қойылымдар арқылы концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ, форум аясында көрмелер ұйымдастырылды.
Айта кетейік, аудандағы 40 мыңға жуық халықтың 51 пайызын әйел-аналар, қыз-келіншектер құрайды. Олардың басым көпшілігі білім, денсаулық, мәдениет салаларында қызмет істейді. Ауданда 270 «Алтын алқа», 617 «Күміс алқа» иегерлері, 56 Батыр ана, 3 аудандық мәслихат депутаты, 7 әйел мектеп директоры, 24 қыз-келіншектер балабақша меңгерушісі, 49 әйел мемлекеттік қызметте және мекеме-ұйым басшылығында әйел азаматтар елге қызмет етуде.
Бибісара ЖАНӘЛІ