Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Әйел – отбасының ұйытқысы

Әйел – отбасының ұйытқысы

Қазіргі қоғамда әйел адамдардың рөлі күшейіп келеді. Олар өздерін білім беру, медициналық қызмет көрсету және басқа салаларынан бөлек, кәсіпкерлік саласында да белсенді жұмыс атқарып келеді. Нәзік жандылар жұмыспен қатар отбасы шаруасын да қатар алып, жанұяның ұйытқысы болуда. Олар отбасының шырайын келтіріп, ұрпақ тәрбиесінде ерекше орын алады. Шындығында, әйел отбасында ғана емес, жалпы қоғамда да бейбітшілік пен тыныштықтың шырақшысы саналады. «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген де соны білдірсе керек. Осындайда Мемлекет басшысының «Әйел – шексіз құдірет иесі. Тарих тағылымында ең айтулы өзгерістердің барлығы әйелдердің қолымен немесе әйелдер үшін жасалады» деген сөзі еске оралады.
Жалпы, Сырдария аудандық полиция бөлімінің тарапынан әйелдердің құқығын қорғау үнемі назарда. Бұған қатысты нақты жұмыс жоспары бекітіліп, әйелдердің құқығы қорғалуда және олардың қоғамда алатын орны дәріптелуде. Атап айтқанда, қыркүйек айындағы «Отбасы күніне» байланысты отбасылық инстутты қалыптастыру, әйел аналардың қоғамдағы рөлін арттыру мақсатында бірнеше отбасына түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның барысында әйелдерге құрмет көрсетіп, олардың құқығын шектеуге болмайтыны айтылды.
Алайда, қабылданып жатқан бірқатар іс-шараларға қарамастан қоғамда әйелдердің ар-намысы мен абыройын кемсітушілік, құқықтары мен бостандықтарын шектеу, оларға қатысты зорлық-зомбылық көрсету, қылмыс жасау фактілері кездесуде. Бұл ретте, қоғамның ұйытқысы саналатын әйелдердің ар-намысын таптамай, оларға құрмет көрсету баршаның міндеті саналады. Ал оларға зорлық-зомбылық көрсеткендер жауапкершілікке тартылатынын еске саламыз.

Нұрбол БАЙЖАНОВ,
Сырдария АПб-нің ЖПҚ-нің
ӘЗЗҚт-ның инспекторы,
полиция лейтенанты
08 қыркүйек 2021 ж. 521 0