Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі аналарды қабылдады

Аудан әкімі аналарды қабылдады

Бүгін «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні» мерекесіне орай аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың мерекелік қабылдауы ұйымдастырылды. Мерекелік қабылдауға аудандық мәслихат хатшысы Ержан Әжікенов, ауданның дамуына саналы ғұмырын арнаған ақ жаулықты аналар мен қыз-келіншектер қатысты.

Кездесуде аудан басшысы барлық аналар мен аруларды көктемнің шуақты мерекесімен құттықтады.

– Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Әйелдер Тәуелсіздік жылдарының бәрінде менің ең сенімді тірегім болды. Сіздер біздің қоғамдағы жасампаздық пен тұрақтылықтың бейнесіне айналдыңыздар», – деген сөзі әйелдердің қоғамдағы рөлін айқындайды. Қазіргі қоғамда әйелдердің орны ерекше. Оған бір ғана мысал, аудандық деңгейде мемлекеттік мекемелердің 9-ын қыз-келіншектер басқарып отыр. Ал мемлекеттік қызметшілердің нақты саны 140 адам болса, оның 50-і немесе 36 пайызы қыз-келіншектер. Бұл мемлекетіміздің нәзікжандыларға деген қолдауы мен қамқорлығы. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына әйелдердің қосып келе жатқан үлесі зор. Бүгінде ауданымызда 1431 көпбалалы ана бар. Олардың 415-і «Алтын алқа», 690-ы «Күміс алқа» иегерлері. Көпбалалы аналарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп келеді. Сондай-ақ ауданда жылдан-жылға кәсіпкер әйелдердің белсенділігі де артуда. Қазіргі таңда 847 қыз-келіншек кәсіпкерлік саласында жемісті еңбек етіп жүр. Осы орайда, қоғам мен мемлекет дамуына белсене араласып жүрген әйел-аналарға зор алғысымды білдіремін. Баршаңызды мерекемен құттықтаймын, – деді аудан басшысы.

Мерекелік қабылдауда ардақты аналар Ұлмекен Жанәлиева, Сұлупан Шамшадинова, Ұлпан Елеусінқызы, Люба Махмурзаева мерекеде құрмет көрсеткен аудан әкіміне алғыстарын айтып, ауданның өркендеуіне тілектестігін білдірді.

Кездесу барысында мерекелік қабылдауға қатысушы ардақты жандарға сый-құрмет көрсетілді. Ауданның өнерпаздары әннен шашу шашып, мерекелік көңіл-күй сыйлады.

Е.БЕРКІНБАЕВ
05 наурыз 2021 ж. 1 072 0