Түлектер тартуы: Киелі Тереңөзекке құрмет
Тереңөзек тұрғындарын әр сағат сайын әсем әнмен әуелеп, жергілікті уақыттан хабар беретін «Алтын сағат» кент орталығына көрік беріп, халыққа керемет көңіл-күй сыйлап тұр. 1980 жылы қазіргі Ә.Тәжібаев атындағы мектеп-лицейді тәмамдаған, мектеп бітіргендеріне қырық жыл толған түлектердің ұйымдастыруымен аудан орталығындағы орталық алаңнан орын алған алып сағат сырттан келген қонақтарға да Сыр елінің символындай ерекше әсер қалдырады.
«Алтын сағат» орталық алаңға орналастырылған 2020 жыл пандемиямен тұспа-тұс келіп, дендеген дерт халықты әуре-сарсаңға салған кезеңдер еді. Тиісінше, көпшілік іс шаралар мен жиынға рұқсат етілмегені де бәріне аян. Сағат іске қосылғанымен, аудандағы ахуалға орай, алып сағаттың ашылу салтанаты кейінге қалдырылған еді. Осы жағдайдың орнын толтырып, көпшіліктің сүйікті демалыс орнына айналып үлгерген «Алтын сағаттың» ресми ашылу салтанатын өткізу үшін түлектер қайта бас қосты. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, игілікті іске бастамашы болып, мұрындық болған азамат, Парламент Сенаты Төрағасының орынбасары Жақып Асанов арнайы Сырдария ауданына ат басын бұрды. Туған жерге тәу етіп, арнайы жиналған түлектер ең алдымен білім ордасына барып, киелі ордаға сәлем берді. Одан кейін орталық алаңға келіп, «Алтын сағаттың» ресми түрде ашылу салтанатын өткізді. Салтанатты жиынға Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев, Сенат және Мәжіліс депутаттары А.Әлназарова, Р.Рүстемов, М.Ергешбаев бастаған азаматтар, биыл мектеп бітіргеніне 43 жыл болған, «Алтын сағатты» орнатуға үлес қосқан түлектер мен ардагерлер, аудан тұрғындары қатысты.
Келелі жиын жас ақын Мұхамеджан Мансұровтың арнауымен бастау алды. Құрметті қонақтарды зор қошеметпен күтіп алғаннан кейін қонақтарға сөз берілді. Тереңөзек кентінен түлеп ұшып, республика көлемінде беделді қызметтерді атқарып жүрген абзал азамат Жақып Қажыманұлы сөз алып, жерлестеріне, сыныптастарына деген ыстық лебізін білдірді.
– Біз №36 мектепті 1980 жылы бітіргенбіз. Бала кезімізден осы киелі Тереңөзектің жұпар ауасын жұтып, қара топырағында ойнап, жидесін жеп, суына шомылып өстік. Солай туған жердің топырағынан нәр алып, үлкен өмірге қанат қақтық. Биыл мектеп бітіргенімізге – 43 жыл. Мектеп бітіргеннен кейін тарыдай жан-жаққа шашырап кеттік. Бірақ қалай дегенмен адамның балалық шағы ешқашан естен кетпейді, ол кезеңдердің естелігі санадан өшпейді. Қанша алыста жүрсек те, туған жерде болып жатқан жаңалықтарды назардан тыс қалдырмай, әрбір қуанышына қуанып, жетістігіне мақтанып отырамыз. 2020 жылы біздің мектеп бітіргенімізге 40 жыл толды. Сыныптастармен ақылдаса келе мектеп бітіргенімізге қырық жыл толғанда алдыңғы буын үрдісін жалғастырып, туған жерге тарту жасауды дұрыс деп таптық. Содан көпшіліктің ойымен санаса отырып, халыққа пайдалы, көпшілікке тиімді, демалыс орнына айналатын дүние деп үлкен сағат орналастыруды құп көрдік. Уақыттан асқан жүйрік жоқ. Уақыт әр адам үшін маңызды. Сол себепті осындай Сыр елінің символындай күріш бейнесіне келетін алып сағат орналастыру жұмыстары өз дәрежесінде жүрді. Осы жобаға қолдау көрсетіп, жан-жақты ақылын да, көмегін де аямаған ел азаматтарына, мектеп бітіріп, үлкен өмірге қанат қаққанына биыл 43 жыл толған сыныптастарыма ерекше алғыс білдіргім келеді, – деді Жақып Қажыманұлы.
Одан кейін облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы сөз алып, Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген Абай күні мерекесімен Сырдария халқын құттықтады. Одан кейін түлектердің туған жерге тарту жасауы, кәсіпкерлер қолдауымен туған жердің түлеп, гүлденіп келе жатқаны, бұл алдыңғы буыннан кейінгі буынға үлгі болып жалғас тапқан үрдіс екенін тілге тиек етті. Кәсіпкерлер мен ел ағаларының қолдауымен бой түзеп, бүгінде облыс халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп тұрған нысандар туралы сөз қозғады. Сондай-ақ, Тереңөзек кенті орталығына орналастырылған «Алтын сағаттың» мәні мен маңызына тоқталып, алып сағаттың кент келбетін айшықтап тұрғанын айтып өтті.
Содан соң сөз алған ардагер ұстаз Гүлбар Әбілова да өз кезегінде «Алтын сағаттың» аудан көркін айшықтай түскенін тілге тиек етіп, елге қызмет етіп, ауданымызды көркейтіп жатқан түлектерге шексіз ризашылығы мен алғысын білдірді.
Салтанатты жиын барысында бүгінде халыққа әр сәттің маңыздылығын білдіріп, сәт сайын белгі соғып тұратын «Алтын сағатты» орналастырып, іске қосуда аянбай еңбек еткен азаматтар марапат төрінен көрінді. «Алтын сағатты» орталық алаңға орнату ісіне, оның айналасын абаттандыруға және әсем гүлдердің егілуіне қолдау көрсеткен Сыр өңіріне ғана емес, бүкіл республикаға танымал тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері, аудан патриоты ретінде бірталай игі істерге ұйытқы болып жүрген Абзал Жұмашұлы, «Алтын сағатқа» лайықты әуен таңдау бағытында құрылған комиссияның құрамында болып, өз ұсыныстарын айтып, көпшіліктің қолдауымен таңдалған «Сыр сұлуы» әнін сағат тіліне лайықтап, «Алтын сағаттың» әр сағат сайын соққандағы үнінің жаңғыруына қолтаңба қалдырған, жерлестер мақтанышына айналған жанашыр азамат Рамазан Тайманов, «Алтын сағат» атауын таңдауға, қоғамдық комиссия жұмысын ұйымдастыруға, сондай-ақ атқарылған жұмыстарды жергілікті газет пен әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандыруға қолдау көрсетіп, түлектер мен аудан жұртшылығының арасында алтын көпір рөлін абыроймен атқарған аудандық газеттің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы республика көлемінде ауданымыздың даңқын асырып, елге абыройлы қызмет етіп жүрген жанашыр азамат Жақып Қажыманұлының арнайы алғысына және сый-сияпатына ие болды.
Одан кейін орталық алаңның төрінде тұрған «Алтын сағаттың» ресми түрде лентасы қиылды. Алып сағат алдына орналасқан ескерткіш тақтада «Бұл ескерткіш – туған жерге тартуымыз. Сағат – уақыттың өлшемі. Ал, уақыт – баға жетпес байлық. Әрбіріміз уақыт үнін тыңдасақ, шеберлікті шыңдасақ, еңбектенуден тынбасақ, болашағымыз жарқын болары анық. Әр сағатымыз сәтті өтсін! №36 мектептің 1980 жылғы түлектері. 2020 жыл» деген жазу қашалған.
Туған жерге тағзым еткен түлектердің игі бастамасы мен жергілікті әкімдіктің тікелей қолдауы негізінде қойылған «Алтын сағаттың» орнатылуы, оған ерекше атау мен әр сағат сайын ойнап тұратын әуен табу да ерекше болды. Маңызды шаруа аудан тұрғындарының назарына ұсынылып, көпшіліктің пікірі негізінде жүзеге асты. Ауданды көркейтуге бұл да халықтың үлес қосуы болып табылады. Көпшілік өзі атау қойып, арнайы құрылған комиссия мүшелері әуенін таңдаған «Алтын сағат» үш жылдан бері Тереңөзек халқына қалтқысыз қызмет көрсетіп тұр.
Орталық алаңға көрік беріп тұрған «Алтын сағат» естелік-стеллаға атау мен әр сағат сайын соғылатын әуенін таңдау ісін лайықты жүзеге асыруда аудандық «Тіршілік тынысы» газеті ұжымының еңбегі елеулі десек болады. Себебі түлектер мен аудан тұрғындары арасында алтын көпір болып, ескерткішті орнатушылар мен халық пікірін тоғыстырып отыруда газет бетіне бірнеше рет хабарландыру, одан кейін ақпараттық материалдар жарияланды. Сондай-ақ газеттің бас редакторы жеке парақшасында маңызды істі халықпен бірге талқылап, бірнеше мәрте ақпарат, конкурс жариялап отырды. Көпшіліктің пікірі ескеріліп, сағатқа лайықты атау мен ән таңдалды.
Бастапқыда әнді де, атауды да халық таңдағаны жөн деп келісілгенімен, әуен таңдауда арнайы, білікті мамандар кеңесіне жүгіну орынды деп танылған. Сондықтан арнайы комиссия құрылып, жергілікті жердің тарихы мен мәдениетінен хабардар азаматтар ақылдасты. Комиссия құрамында сазгер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Р.Тайманов, ҚР Мәдениет саласының үздігі С.Сәдуақасов, аудандық мәдениет үйінің директоры Н.Көшербаев, ескерткіш-стелланы орнатушы түлектердің бірі Т.Ибраева, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі А.Ибрагимұлы болды. Бұл ретте де комиссия мүшелері ашықтық саясатын барынша ұстанып, әрбір ұсыныс халыққа жарияланып, халық үнімен комиссия мүшелері санасып отырды. Осылайша ең дұрыс, лайықты нұсқа таңдалып, «Алтын сағат» әр сағат сайын «Сыр сұлуы» әнін шырқайтын болып келісілді. Сырдария ауданында жазылып, дүниеге келген «Сыр сұлуы» әнінің үзіндісіне Р.Тайманов сағатқа сай етіп аранжировка жазып берді. Бір айға созылған талқылау тиісті жұмыстарынан кейін таспа зауытқа жөнелтіліп, әсем әуен алғаш рет сағаттан 2020 жылдың 31 шілдесі күні сағат 12.00-де шырқалды. Бұл аудан тарихы үшін тарихи сәттердің бірі ретінде есте қалды.
Ал сағатқа «Алтын сағат» атауын беру әлеуметтік желіде көпшілік пікірін ескере отырып, талқыланды. Ол үшін арнайы конкурс жарияланып, ол үш кезеңнен тұрды. Көпшіліктің көңілінен шыққан әуендер іріктеу кезеңіне өтіп, ең соңында «Алтын сағат» атауы жөн деп танылды. Оған дейін көпшілік «Ақ маржан», «Алтын дән, «Алтын уақыт», «Мәңгілік ел», «Сыр сыңғыры» секілді ерекше атауларды ұсынды. Ең соңғы шешуші кезеңге «Алтын сағат», «Алтын уақыт», «Сыр сағаты» атаулары таңдалған еді.
Айта кетейік, алыстан менмұндалайтын алтын түстес алып сағаттың ұзындығы 14 метр болса, ені 5 метрді құрайды. Сағаттың кескіні Сыр маржаны – күріштің бейнесіне ұқсайды. Мамандардың айтуынша, сағатты құрастыруға екі айға жуық уақыт кеткен.
Әр кезеңдегі аудан басшыларының ұйытқы болуымен орталық алаңда түрлі жаңашылдықтар орын алып, көркейіп-гүлдеді. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сағаттың маңын абаттандыру жұмыстарын қолға алып, әсем гүлдер егілді. Кейін түлектердің ұсынысы негізінде игі іс жалғасын тауып, бюджеттен қаржы бөлініп, орталық алаң толықтай жаңартылды. Алаңға жалпы саны 79 тал мен бірнеше сортты гүлдер егілді. 79 талдың егілу себебі туған жерге «Алтын сағат» тарту еткен түлектер мектеп бітіргенде 79 оқушы болып үлкен өмірге қанат қаққан. Сондай-ақ, демалушылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түнгі мезгілде кент келбетіне сән беретін жарықшамдар орнатылды. Сахна мен алаңдағы тас төсеніштер де жаңаланып, қазақы ою-өрнекпен кіші архитектуралық пішіндер қойылды. Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдер тамшылатып суару әдісімен суарылып келеді. Бұған дейін тек іс-шаралар өткізіліп келген алаң жайлы демалыс саябағына айналды. Одан бері де әр жылдары орталық алаңды абаттандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Нәтижесінде бүгінде демалыс орнына айналған алаңда көздің жауын алатын құрылымдармен қатар 93 ағаш және әсем алаңға сән беріп тұрған жайқалған гүлдер тұрғындардың таза ауамен тыныстауына жағдай жасап тұр. Бүгінде демалыс орны әрі көрікті орталыққа айналға орталық алаңға арнайы серуендеп, демалып қайту үшін келетін тұрғындардың қарасы қалың.
Бұл ретте айта кету керек, түлектер өздері үшін ең қасиетті мекенге құнды дүниені тарту етуді мақсат еткен. Ал, қазақ халқы құнды нәрсені ықылым заманнан бері алтынмен өлшеп, әспеттеген. Мысалы, алтын уақыт, алтын адам, алтын дән, алтын бесік, алтын босаға, алтынмен апталған, алтындай жарқыраған секілді тіркестер бар. Сондықтан ескерткіш-стелла алтын түстес болуы оның құнды екенін айшықтайды. Екіншіден, алтын түстес сағаттың кескіні күрішке ұқсайды. Себебі, күріш – Сырдария ауданының бренді және аграрлы ауданның аты күрішпен шыққан. Сырдария ауданы мен күріш – егіз ұғым. Үшіншіден, ескерткіштің уақытты көрсетуі мен сағат сайын соғатын дабылының өзара үйлесімі. Бұл әрбір күннің әр сағаты, әр сәті құнды екенін, оны босқа өткізуге болмайтынын аңғартады.
Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ