Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жалғасын тапқан жақсы істер

Жалғасын тапқан жақсы істер

Іс пен сөз бір арнаға тоғысып, нақты нәтижеге қол жеткізу үшін бекем бірлік пен шынайы ниет керек. Бұл қасиетті құндылықтар 1980 жылы аудан орталығындағы №36 А.Жданов атындағы орта мектебін бітірген түлектердің көңіліне нық ұялаған. Туған жерге деген жанашырлық туын тік ұстап келе жатқан түлектер жалғасын тапқан жақсы істердің ұйытқысы болуда. Биыл Тереңөзектегі орталық алаңның жөнделіп, абаттандырылуы да түлектердің бастамасымен, жергілікті әкімдіктің қолдауымен жүргізілуде.

Көпір құрылысындағы түлектер қолтаңбасы

Аудан орталығы мен 10 ауылды жалғайтын сапалы көпірдің жоқтығынан сырдариялықтардың ұзақ жылдар қиналғанын айтудың өзі артық. Арғы беттегі ауылдарға көршілес ауданды айналып барудың тауқыметін аталарымыз да, әкелеріміз де тартты. Ел Тәуелсіздік алғаннан кейін өмірге келген біздің өзіміз қалқымалы көпірдің үстінен қалт-құлт етіп өткен көліктерді өз көзімізбен көріп өстік. Тәуекелге бел байлап, әлі толық қатып үлгермеген мұзға қыстың күні төтелеп жол салған жүздеген азаматтың салы суға кеткенін де жасыра алмаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бұл 2014 жылға дейін бүтін бір ауданның нөмірі бірінші мәселесі болатын. Осы мәселені түбегейлі шешуде, яғни көпір құрылысының басталуы мен пайдалануға берілуінде әкімдермен қатар, Тереңөзектен түлеп ұшқан түлектердің де зор еңбегі бар. Әсіресе, ауданның 1980 жылғы түлектерінің қолтаңбасын айтпай өту мүмкін емес. Ол үшін уақытты сәл кейінге шегеруіміз қажет.

1980 жылы аудан орталығындағы №36 А.Жданов атындағы орта мектебін бітірген түлектердің бірі – жерлес­тер мақтанышына айналған Жақып Асанов. Ол Мәжіліс депутаты кезінде көпір мәселесін көтеріп, бірнеше депутаттық сауал жолдап, атқарылған істердің барысы аудандық басылым арқылы жарияланып отырды. Мысалы, біздің қолымыздағы осыдан 11 жыл бұрынғы ресми құжаттарға зер салсақ, Жақып Қажыманұлы бастаған сырбойылық бір топ депутаттың Үкімет басшысына бірнеше депутаттық сауал жолдағынын аңғаруға болады. Осы мәселе 2014 жылы толық шешіліп, бюджеттен барлығы 2,5 млрд теңге бөлініп, көпір 2014 жылғы 20 қыркүйек күні салтанатты түрде пайдалануға берілді. Көпірдің ашылу салтанатында Жақып Асанов туған жер үшін адал еңбек ету әр азаматтың парызы екенін айтып, сыныптастарымен бірге Тереңөзектің түлегі ретінде игі істің нәтижелі аяқталуына атсалысқанын жеткізген еді. Яғни, көпір құрылысында түлектердің жарқын қолтаңбасы қалды және ол аудан тарихына алтын әріппен жазылды деп айтуымызға толық негіз бар.

Дария үстіне салынған үлкен көпірдің қуаттылығы 180 тонна болса, ұзындығы 220 метрді құрайды. Көпір пайдалануға берілгеннен кейін Сырдария өзенінің сол жағалауында орналасқан Іңкәрдария, Ақжарма, Шаған, Шіркейлі, Н.Ілиясов, Қоғалыкөл, Бесарық, Жетікөл, Аманкелді, Айдарлы елді мекендерінің тұрғындарына аудан орталығына іркіліссіз қатынауға жол ашылды. Бірліктің нығаюына, берекенің артуына дәнекер болған алтын көпір Сырдария ауданының тыныс-тіршілігін кеңейтуде. Аудан халқы игі іске ұйытқы болған түлектерге, үлкен жұмысты жүзеге асыруға қолдау білдірген облыс, аудан әкімдеріне шынайы ризашылығын білдіріп келеді. Көпір құрылысындағы түлектер қолтаңбасының әлі талай жыл, талай ғасыр кейінгі буынға үлгі-өнеге ретінде айтылып, насихаттала береріне сенім мол.

Алаңға сән берген «Алтын сағат»

Жақсы істердің жаршысы болған 1980 жылғы түлектердің бастамасымен былтыр Тереңөзек кентіндегі орталық алаңға алтын түстес алып сағат орнатылды. Халықтың пікірі ескеріліп, түлектер тарту еткен ескерткішке нақты атау беріліп, әр сағат сайын соғатын әуені де жария түрде таңдалды. Көпшіліктің дауыс беруімен «Алтын сағат» атауы көп дауыс жинады және білікті сазгерлерден, қоғам белсенділерінен құралған комиссия «Сыр сұлуы» әнін таңдады.

Атау таңдауға қатысты жүргізілген жұмыстар жөнінде қысқаша ақпарат берер болсақ, үш кезеңде де «Алтын сағат» атауы көп дауысқа ие болды. Әлеуметтік желі белсенділері мен жергілікті тұрғындар бұл атау күнделікті қолданысқа ыңғайлы әрі ескерткіш-стеллаға сәйкес келетінін айтты. Атауға «алтын» сөзінің қосылуы заңдылық. Өйткені, алтын сөзі қазақ халқында қымбат, құнды нәрсеге қарата айтылады. Сондай-ақ ескерткіш-стелланың негізгі мақсаты әрі ерекшелігі – оның белгілі бір уақытты, яғни сағаттың неше болғанын көрсетуінде. Сондықтан атауға «сағат» сөзінің қосылуы да заңдылық. Ал атауды «Алтын сағат» деп қоса атағанда уақыттың алтындай қымбат екенін айшықтай түседі. Сонымен бірге Тереңөзек кентіне өзге өңірлерден, ауылдардан келген адамдар бір-бірімен кездескенде «Алтын сағаттың» қасындамын», «Алтын сағаттың» қасына келсеңіз», «Алтын сағаттың» қасында кездесейік» деген сөздерді қолданса, қарапайым, ұғынықты болады.

Әуен таңдау үшін түлектердің ұсынысымен құрылған комиссияның шешіміне сәйкес «Сыр сұлуы» әні бірауыздан таңдалды. Айта кету керек, қоғамдық комиссия құрамына ауданның тарихынан, өткені мен бүгінінен хабардар азаматтар мен қоғам белсенділері енді. Олардың қатарында мәдениет саласының майталманы, «Сырдария ауданының Құрметті азаматы» Сансызбай Сәдуақасов пен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, республикаға белгілі сазгер Рамазан Тайманов ұсынылған әндердің ырғағын жан-жақты талдады. Осы ретте, комиссия мүшелері бірауыздан қолдаған «Сыр сұлуы» әнінің Сырдария ауданында дүниеге келгенін атап өту қажет. Сондықтан комиссияның бұл таңдауы тарихи және идеологиялық маңызға ие болды.

Бүгінде айналасы әсем гүлдермен көмкерілген «Алтын сағат» кент келбетіне көрік қосып, аудан тұрғындарының серуендейтін, демалатын орнына айналды. Қазірдің өзінде көршілес Жалағаш ауданынан және Сырдария ауданына қарасты ауылдық округтерден арнайы келіп, суретке түсушілердің қарасы қалың. Алдағы уақытта бұл маң толықтай жаңғыртылып, жаңартылмақ.

Тал егу жұмыстары басталды

Қазіргі таңда Тереңөзек кентіндегі орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткен жылы мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған сырдариялық түлектердің ұсынысы негізінде қолға алынып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлудің нәтижесінде іске асырылуда.

Өткен аптаның сенбі күні аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлының, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаевтың және 1980 жылғы мектеп бітірген түлектердің қатысуымен тал егу жұмыстары басталды.

– Орталық алаң ауданның айнасы саналады. Кең көлемді іс-шаралар осы жерде ұйымдастырылады. Сондықтан орталық алаңның көркейіп, гүлденіп тұрғаны өзімізге абырой. Бұл жер алдағы уақытта көпшіліктің тынығатын демалыс орнына айналуы тиіс. Осыған байланысты біз орталық алаңды жайлы демалыс саябағына айналдыруға айрықша басымдық беріп отырмыз. Осы маңға ағаштар отырғызып, гүлдендіретін боламыз. Туған жерді түлетуге атсалысып жатқан түлектерге ризашылығымды білдіремін, – деді аудан басшысы.

Игі іс-шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы орталық алаңның көркеюі қуанарлық жағдай екенін айтып, ақ батасын берді. Тілектестік білдірген соң аудан басшысы қариялармен және түлектермен бірге ағаш отырғызды.

Айта кетейік, бұл жерге түлектердің тікелей ұйымдастыруымен және демеушілігімен ағаш егілуде. Сондай-ақ, орталық алаңға демалушылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түнгі мезгілде кент келбетіне сән беретін жарықшамдар орнатылады деп жоспарлануда. Сахна мен алаңдағы тас төсеніштер де жаңаланып, қазақы ою-өрнекпен кіші архитектуралық пішіндер қойылады. Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдер тамшылатып суару әдісімен суарылады. Қорыта айтқанда, жақсы істер алдағы уақытта да өз жалғасын таба бермек.
Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ
13 сәуір 2021 ж. 776 0