Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ауылдың ардақты анасы

Ауылдың ардақты анасы

Ұлт құндылығында ақ жаулықты әжелердің алатын орны ерекше. Әулеттің үлкені ел анасы ретінде қай кезде де ұрпағын тура жолдан тайдырмай, дұрыс ізге салуда, жас ұрпақты жастайынан адамгершіліктен алыстатпай тәрбиелеуде айрықша орын алады. Осындай асыл әжелер ұрпақ тәрбиелеп қана қоймай, ел ертеңі үшін аянбай тер төгуде. Сондай жанның бірі – Күләш Есенбаева.

Жетпіс алты жасты еңсерген ақ жаулықты ана Айдарлы ауылында тұрады. Өмірлік қосағы марқұм белгілі ағаш шебері, ұстаз болған Сраждин Әкімовтің есімі ел төңірегіне мәлім. Ардақты жан осыдан 17 жыл бұрын келместің кемесіне мініп кеткен. Асыл жар бүгінде отбасының берекесі, жақ­сы­лықтың шамшырағы іспетті төңі­ре­гіне жылы шуағын шашып, ауылдың бүгінгі тыныс-тіршілігімен біте қайнасып отырған жайы бар.


Жүзінен нұр төгілген асыл ана ғұмырын рухани қазынаның бай­лығы саналатын кітапхана жұмысына арнаған. Жамбыл мәде­ни ағарту училищесінен маман­дық алған кітапханашы ауылдық кеңесте хатшы болып еңбек етіп, кейін зейнеткерлікке шыққанша мектепте кітапханашы қызметін атқар­ған.

– Қызылорда қаласындағы Қы­зылжарма ауылында туып-өстім. Әкем Досқали Сыздықов колхоз бастығы болды. Отбасымызда он баланың үлкенімін. Анам Ибагүл бала тәрбиесімен, үй шаруасымен айналысты. Әкемнің жағдайын жасап, балаларына жақсы тәрбие берді. Бір-бірімізге сүйеніп, тату-тәтті өмір сүрдік. Жиырма бір жасымда Айдарлыға келін болып түстім. Азаматымның қасында жүріп талай жақсы мен жайсаңды көрдім. Ұстаздық еткен жұбайым елімізде алғаш өткен Құрылтайға қатысты. Елдің ауызбірлігі мен бекем тірлігінің арқасында жақсы кезеңде өмір сүрдік. Алты баланы өмірге әкеліп, олардың білім алып, бір-бір шаңы­рақ көтеруіне ұйытқы болдық. Қазір ауылда әйелдер кеңесінің төрайымымын. Әйелдердің басын қосатын ұйым тәрбиеге, әсіресе жас отбасыларды өмірге икемдеу­ге, ұлттық құндылықты сақтауға күш салуға мән береді, – дейді Күләш Досқалиқызы.

Соңғы он бес жылдан бері әйелдер кеңесіне жетекшілік ететін Күләш Досқалиқызы ауыл әкімдігімен, басқа да қоғамдық ұйыммен бірлесе атқарған жұмыс нәтижесі жемісті, жеңісті болғанын айтады. Ауылда тәулік бойы бе­рілетін таза ауызсу, жарықтан­ған көше мен тазалығы, көгалдануы, электр желілерінің толық ауысуы, ауыл еңбеккерлерінің мал бағып, егін егуі барлығы оң өзгеріс, жос­парлы жұмыстың көрінісі.
Күләш Досқалиқызы ауылда қоғамдық жұмыстың белсендісі болуымен қатар әулетінің қадір тұтатын асыл анасы. Қолындағы келіні егіз ұрпақты осымен екінші рет әкеліп, отбасын қуанышқа бөледі. Баласы Ербол мен келіні Азизат көпбалалы отбасы. Азизат ауылда медбике болып, тұр­ғындардың денсаулығының жақ­­саруына үлес қосып жүр.

Айдарлы ауылының үлгілі отба­сының отанасы Күләш Досқа­ли­қызы қазіргі ауыл аналарының жұмысы жастармен байланысты екенін айтады. Ұрпақ тәрбиесіне көп көңіл бөліп, ауылдың әрбір үйінің түтіні түзу шығуына атсалысу алдына қойған мақсаты. Ол үшін асыл ана уақытын да аямайды, денсаулығы барда күшін елдің бірлігіне жұмсап, әрі қарай қызмет жасауға дайын.


– Күләш Досқалиқызы мектеп кітапханасында жұмыс атқарып, зейнетке шықса да қоғамдық жұмыстың бел ортасында жүреді. Ауылдағы әйел адамдарының басын қосып, жастарға тәрбие беруде үлгі көрсетеді. Берекелі тірлігіміз, ауылдың гүлденуі, қандай да мәселенің оң шешілуі ардақты ана­лары­мыздың батасының арқа­сы. Отбасында әйел адамының ор­ны ерекше. Осы күні жастарымыз ерен еңбектің үлгісін көрсетуде. Қайырымдылықтың басы-қасынан табылуда. Мұның барлығы ананың берген мейірімі мен тәрбиесінің арқасы. Сондықтан әйел аналарымыз, қыз-келіншектерге деген құрметіміз ерекше биік, – дейді ауыл әкімі Нұрбол Жұмабеков.

Жан-жағына мейірім сыйлап, ауылдың гүлденуіне үлес қосып жүрген асыл ананың көретін қызығы мен жасайтын қызметі күн сайын күтіп тұр. Сонысымен ана шын бақытты.

Бибісара ТАҢАТАРҚЫЗЫ

14 қазан 2025 ж. 196 0