Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Көлікке жан бітірген шебер

Көлікке жан бітірген шебер

Кез келген істің өркендеуіне өзіндік үлес қосатын маңызды сала маманы болатыны анық. Осы орайда Нағи Ілиясов ауылының кәсіпкері Жанәділ Әділбекұлы – автоэлектрші саласын қолға алып, сүйікті ісі арқылы табыс тауып отыр.

Жас кәсіпкер 1994 жылы Нағи Ілиясов ауылында дүниеге келген. Ауылда орналасқан Т.Айтбаев атындағы №132 орта мектепте 9-сыныпқа дейін білім алып, орта білімді аяқтағаннан кейін аймақтағы Қызылорда гуманитарлық колледжіне «Ағылшын тілі: аудармашы» мамандығына оқуға түседі. Бірақ бала кезден автоэлектрші саласына қызығушылығы артып, оқыған мамандығы бұл саламен жұмыс істеуге еш кедергі келтірмеген. Араға көп уақыт салмай 2012 жылы әскер қатарына шақырылып, Павлодар қаласында Ұлттық ұлан әскерінде Отан алдындағы борышын өтеген.


Еңбек жолын 2014 жылы туған жерінде «Мағжан және К» ЖШС қарамағында автоэлектрші қызметін атқарып бастаған. Өзінің қызығушылық танытқан саласы арқылы еңбек етіп, адал табысын тауып жүр.


– Бастапқы кезде әкемнің, бауырларымның көлік­терін жөндеп, қызығушылығым одан әрі арта түсті. Содан кейін ауыл тұрғындары да келіп, көліктерін жөндетіп, ризашылығын білдірді. Осы кәсібімнің әрі қарай жандануына ауыл әкімінің ұсынысы сеп болып, мемлекеттік бағдарламаға қатыса бастадым. 2021 жылы «Бизнестің жол картасы – 2020-2025» бағдарламасы аясында «Техника жөндеу орталығы» атты жобаммен қатысып, 2 млн теңге грант жеңіп алдым. Ұтып алған қаржыға кәсібіме керекті құрал-жабдықтарды алып, өзімнің жеке үйімнің ауласынан шағын техника жөндеу орталығын аштым. Қазіргі таңда тұрақты қызметіммен қатар, бос уақытта жеке кәсібімді де қоса алып жүрмін, – дейді кәсіпкер Жанәділ Найманов.

Бұл кәсіпті бастағанына көп уақыт өтпесе де жас шеберге қызмет алуға тек ауыл тұрғындары ғана емес, қаладан, өзге ауыл, елді мекендерден адамдар көліктерін, техникалық құралдарын жөндету үшін келеді екен. Бұл әрине, кәсіпкердің жас та болса білікті маман екенін көрсетеді.


Бүгінде жас кәсіпкер көлік саласының маманы ғана емес, 2 қыз, 1 ұлдың әкесі. Шаңырағын шаттыққа бөлеп, түтінін тұтатып отырған зайыбы Ақмарал Бекболатқызы – мейірбике. Арқасүйер азаматының бастаған ісіне қолдау білдіріп, үйінің тіршілігін тындырып отырған аяулы жар.


Техниканың тілін тауып, ақау қай жерден кеткенін бірден ұғатын маманның бірі ол – Жанәділ Әділбекұлы. Жалпы бұл сала, автоэлектрші – көзге көрінбейтін, бірақ аса маңызды істің иесі. Оның қолында сым ғана емес, дәлдік пен жауапкершілік бар. Жыл ағымына қарай жарыққа шығып жатқан көліктердің барлығы электроникаға тәуелді болған­дықтан, бұл мамандықтың маңызы күн сайын артып келеді. Сондықтан осындай шағын кәсіптен басталған жауапкершілігі мол жұмыс қашанда қолдау табуы керек.

Гүлсезім ЖАНСЕРІКҚЫЗЫ

14 қазан 2025 ж. 221 0