Тәуекелшіл Тәуекелов

Алдағы қараша айында 76 жасқа толатын Асарбек Тәуекелов бүгінде Шаған ауылында тұрады. Шаруа отбасында ер жеткен кейіпкеріміз БЛКЖО-ның 30 жылдығы атындағы орта мектептен 10 сыныптық білім алғаннан кейін қарапайым елдің баласы секілді қатардағы бетоншы ретінде «ПМК-18» құрылыс мекемесінде жұмыс жасаған. Негізінен, ардақты азамат Қызылорда қаласындағы политехникумға оқуға түсіп, инженер-гидротехник мамандығын меңгеріп шығады. Су шаруашылығы саласы бойынша білімін жетілдірген ол ең алдымен қызметке орналаспастан бұрын әскер қатарына шақырылады.
– Кеңес әскерінің қатарында жүріп, ел алдындағы абыройлы борышымызды орындадық. Тереңөзек топырағына табаным тиген сәттен қызметке араласып кеттім. Аудан жастарымен бірге күріш егіп, диқан қауымының санатына кірдік. Сол күннен бастап күріш егудің машақатын айқын сезіне алдық. Талай тізеден су кешіп, егіннің бітік шығуына тікелей атсалыстық. Ірілендірілген күріш звеносында жүрген сәтім әлі есімде. 27 жасымда Шаған кеңшарындағы бөлімшеге меңгеруші ретінде тағайындады. Қатардағы күрішшіден меңгерушілік қызметке келу оңай болған жоқ. Мұнда бас инженер-гидротехник атанып, көптеген ауыртпалықты еңсере білдік, – дейді қазыналы қарт.
«Арық қазсаң кең қаз, қандырар бақша бағыңды» деген ұстанымнан таймайтын тәжірибелі гидротехник егістіктің жайын жақсы біледі. Күні бүгінгідей заманауи технологияға иек арта қоймайтын ол кезеңде әрбір бригадаға су жеткізудің өзі қиямет-қайым саналады. Осындай сәтте баптамаса, күтімін дұрыс жасамаса Сыр салысы мол өнім бермейтінін жақсы білетін Асарбек жанындағы әріптестерімен атыз басынан күні-түні табылатын. Бұл ретте егіннің бітік шығуы тек қана суға қарап қалған емес. Күнделікті тыңайтқышпен қамтамасыз ету, жерді өңдеу, құнарын жоғалтпау, техника қорын жасақтау іспетті қыруар шаруаны Асарбек Тәуекелов Шаған ауылдық кеңесінің төрағасы, Іңкәрдария өндірістік кооперативіне директор болған сәтте айқын сезінді. Расында, кейіпкеріміз тәуекелшіл Тәуекелов өзіне тапсырылған жұмысты аса жауапкершілікпен атқарды. Әрине, ардақты азамат басшылық қызметке келген уақытта қиын-қыстау кезең болатын. Іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілеті зор азамат қоғамдағы өзекті мәселені шешуге бағытталған көптеген бастама көтеріп, олардың орындалуына ықпал етті. Тәуелсіздік алған жылдары ауыл шаруашылығын қайта құру, жекешелендіру саясатын жүргізу ісінде де белсенділік танытты. Тұралап қалған тіршілікке жан бітіріп, мал басын көбейтуге, жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салды. Әсіресе, Асарбек Тәуекелұлының Шаған мен Іңкәрдария ауылында басшылық еткен сәттегі ауылды аяқтан тұрғызудағы ерен еңбегі ел арасында кеңінен айтылып жүр. Табандылық пен қайсарлықты жанына серік еткен ел ағасы толайым істерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Мәселен, өзінің ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында бас-аяғы 3 жыл ішінде Іңкәрдария ауылындағы қой саны 17 мыңнан 19 мың басқа, жылқыны 700-ге, түйені 500-ге көбейту үшін барынша атсалысқан. Сонымен бірге шағын шаруашылық санын арттырып, жергілікті халықтың жағдайын жақсартуға білек сыбана кіріскен.
– «Егін ексең ебін тап, ебін тапсаң жерін тап» дейді қазақ. Расында, егінге қолайлы жерді тауып, дәнді-дақылды орналастыру нағыз еңбекпен келеді. Елу жылға жуық жұмыс өтілімде «Шаған» ЖШС-де кәсіподақ комитетінің төрағасы, мал шаруашылығы цехының бастығы, Нағи Ілиясов атындағы шаруашылықтың директоры қызметін атқаруға атсалыстым. Көршілес Нағи Ілиясов ауылында егістің көлемін 2000 гектарға жеткізіп, қайтадан техника қорын жасақтадық. Шын мәнінде, сол кездегі жағдаймен салыстырғанда бұл көрсеткіш едәуір жақсы еді. Шаруашылық директоры кезімде ауылдың арда азаматтары барынша қолдау көрсетті. Жеке бастың мүддесін емес, елге болсын, халықтың жағдайы жақсарсын деген қатаң қағиданы ұстандық, – дейді Асарбек Тәуекелұлы.
Үнемі табандылығымен, жұмысты үйлестіре білетін қасиетімен дараланатын ел ағасы зейнет демалысына шыққанға дейін Шаған ауылындағы шаруашылық төрағасының орынбасары қызметін абыроймен атқарды. 2004 жылы арда азамат «Тыңның 50 жылдығы» және Қазақстан кәсіподақтары ұйымының «Алтын» белгісімен марапатталды. Зайыбы Балымжан Сырлыбаева екеуі 8 перзентті тәрбиелеп өсірді. Үйдегі отанасы жылдар бойы білім саласының майталман маманы атана білді. Аяулы ана бірнеше жыл бұрын бақилыққа аттануы Асарбек Тәуекелұлына қиын соққаны мәлім.
Балтабай ОРДАБЕКОВ