Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы

Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы

Біз Тереңөзек қыстағындағы М.Калинин атындағы №35 орта мектепте 1966-1976 жылдары оқыған едік. Біздің ескі мектептің орны қазіргі «Халық Банкі» ғимараты орналасқан жерде еді. Қамкесектен салынған мектебіміздің дәлізі ұзын және кластары кең болатын. Қоңырау үні естілген сәтте ана басынан мына басына қарай жүгіргенімізде едені сықырлап, сонау соғыстың алдында салынған мектебімізде оқыған біздің әке-шешеміздің ізі қалғандай сезінетінмін.

Қыстың күні әр класта орналасқан контрамарка пешке еден жуушы апаларымыз жыңғылмен тас көмір жағып көк түтін болып жататын. 1968 жылы оқуды жаңадан салынған қазіргі Иса Тоқтыбаев атындағы мектепке барып жалғастырдық. Мектеп директорымыз ҚазССР-не еңбек сіңірген мұғалім Сақыбек Алданазаров болды. Сол кез­дегі бастауыш кластың балаларына сабақтың үстінде сырлы шелекпен класқа әкеліп таратқан ыстық сүттің дәмі әлі есімде. Алғашқы мұғаліміміз яғни класс жетекшіміз – Күлшім Әубакірова.

Апайдың жолдасы – соғыс және қаржы саласының ардагері Әсербай Айкөпешов. Апайымыз бізді өз баласынан кем көрмей, бар мейірімін төгіп тәрбиеледі. Ұлы Тойымды сабағына ертіп келіп, бізге бауыр бастырып класымызға қосып кетті. Тоқаң мамасының арқасында елу жылға жуық біздің кластың төрінде отырып бас мүжіп келеді. Мектептің аға пионер вожатыйы, қазіргі өмірдегі ұстазымыз, ауданның әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жаналиева еді. Сабақтан тыс уақытта бізбен тынбай жұмыс істеді. Қазіргі қоғамдық жұмысқа белсенді араласуымыз да осы кісінің тәрбиесінің арқасы болар. Оқушылар үйінде сурет, ән мен би, қолөнер тағы да басқа үйірмелерге тіркеліп, міндетті түрде қатысатынбыз. Әр үйдің отынын бұтау, суын тасу, малын бағу, оны жайлау, картоп бақша егу жұмысы балдардың мойнында еді. 5-6 сынып оқып жүргенімізде Гүлсім Көкішова қалған уақыттары мектеп бітіргенше Сұлтан Абдуов класқа жетекшілік етті. Оқушыға «Сіз» деп сөйлейтін Алмат Пірімбетов, жібектей мінезді Ұлбике Ерімбетова, Рахима Қызылқожаева, Патыма Алданова, Райкүл Мұхамбетжанова сапалы сабақ беруіне, сауаттылығына әлі таңғаламыз. Ол кезде қазіргі қаламсаптың орнында сия сауыт «дәуіт», қаламсаптың басындағы «перо» деген құралдармен жазып, сия-сия болып жүретінбіз. Біздің сыныптың ұл-қыздары жақсы оқыды және тәртіпті болды. Әрине, тәртіп бұзуға икемді, бір орында отырмайтын, мұғалімдердің жүйкесін тоздыратын Үсекең сияқты арамызда балалар болды. Ол кездері мұғалімдеріміз қолдарында ұшталған бір-бір жуан ағаш «указка» ұстап жүретін. Басы­мыздың мықтылығынан кейде ол таяқтың да жаңқалары ұшып, ортасынан қақ бөлініп жататын. Қазіргідей үйге арыз айтып бару жоқ. Біреуден таяқ жеп үйге жылап барсаң, үйдегілер өзіңді кінәлап қайтадан таяқтың астына алатын. Таяқ жесек мұрнымызды қорс-қорс тартып, қораның сыртында жылап алатынбыз. «Бас жарылса бөрік ішінде, қол сынса жең ішінде» қала беретін. Мұғалімге қарсы шығу, ренжу деген мүлде ойға келмейтін. Ол кезде еркелігіміздің жынын қағып алатын, атынан ат үркетін ұстаздарымыз көп еді. Ұстаздардың басым бөлігі ер кісілер және соғыста қан көрген майдангер ағаларымыз болатын. Олар Қасымхан Смайлов, Аққайыр Қоржынбаев, Қайысбек Байсалбаев, Ибадулла Байдаулетов, Мырқайдар Мәмбетов еді. Сабақта партаның арасымен аяғы сықыр-сықыр етіп жүретін Қасымхан ағайдың екі аяғы жоқ, «протез» екенін кейін ес жиған соң білдік емес пе?! Қасымхан ағай өмірінде сабақты жіберіп, иә кешігіп көрген адам емес екен. Ауыл­дан келіп оқитын балаларға осы мектептің ішінде арнайы жатақхана бөлмелері орналасқан заман да болды. Кластасымыз Үсен ауыл балаларын қаужап, жұдырығымен тиын-тебен тауып жүргенін еститінбіз. Бірде бір апта сабаққа келмей қалды. Сөйтсе, әбден ауызы күйген Шіркейлі ауылының баласы автобусты күтіп алған Тереңөзектің балаларын велоси­педтің тросымен қуып жүріп сабапты. Тросс Үсекеңнің де басынан жалап өтіпті. «Аюға намаз үйреткен таяқ» дегендей, адамына кездескен Үсекең, сол таяқтан кейін «момын, тәртіпті бала болдық қой» деп маңдайындағы тыртығын анда-санда сипап қоятын.


Тереңөзек – аудан орталығы деге­ні болмаса, ол кезде ауылдан айырма­шылығы шамалы. Жаздай оқушылар көрпе-төсегін арқалап күріштің ота­ғына, шөп дайын­дауға, күзде егіннің масағына баратын. Қызықтың бәрі сол қос басын­дағы масаға таланып, кластас­тармен бірге қашпақ, ортаға түспек, паровоз, кис-брысь ойнаған кештер еді. Ол кездің мықты тамағы вермишель мен макарон. Повидло мен маргарин жағылған тәтті қара нанды айтсайшы. Осы жұмыстардың басында өмірлерін бала оқытуға арнаған сүйікті, білімді ұстаздарымыз Берікбол Ермаханов, Бақтығали Сүйіндіков, Кеңес Иноятов, Ибрагим Танабаев, Аманқос Ақылбеков, Балашбек Шағыров, Жоламан Ерманов жүретін. Анда-санда үйге бір күнге демалысқа жібергенде әке-шешеміз балаларға пряник, кәмпит, печенье, базарлық беріп жіберетін. Ол – заңды. Жаздай Татихан ағаның қауын базасында ұл балдар жәшік шегелеп, дайындаймыз.

Бір жәшік сегіз тиын болатын. Ол кезде көп ақша. Кино – 10 тиын. Автоделодан және физикадан сабақ берген Біткенбай Мәдіраймов құлаққа құйған білімі, Құдайға шүкір, әлі жарап келеді. Екі кәріс мұғаліміміз еңбек сабағынан балға ұстап, шеге қағуды үйреткені әлі есімде. Хан Петр Яковливич, екінші ағайдың аты-жөнін ұмытып қалыппын.


Уақыт өз дегенін істеп, бізге сабақ берген ұстаз ағай-апайларымыздың басым бөлігі өмірден озды. Жандары жәннатта болғай. Ұлы Абай айтқандай, «Өмір – үлкен көл, заман – соққан жел. Алдыңғы буын – ағалар, соңғы буын – інілер кезегімен өлінер, баяғыдай көрінер». Анда-санда балаларымыз бен немерелеріміз оқитын мектебімізге барғанда өмірден өткен ұстаз­дарымыз, оқушы күндеріміз ес­ке түседі. Сол бізді оқытқан ұс­таздарымыздың салған сара жолын қазір өскелең ұрпақ, жас ұстаздар жалғастыруда. Ұрпақ сабақ­тастығы деген осы шығар. Ұлы Абай «баяғыдай көрінер» деп біліп айтып кеткен екен, жарықтық.

Біздің кластың мұғалім қыздары да қазір зейнетке шығып, немере-шөбере сүйіп, ұрпақ тәрбиелеуде. Олардың қатарында Күлайым Әбдіомарова, Гүлсім Майханова, Гүлнәр Ысқақова, Айымкүл Балабаева бар.


Айтпақшы кластас досым Үсен Жаңабатыров Мәскеуден жоғары оқу орнын бітіріп, өрт сөндіру мекемесінен білдей майор шенінде зейнетке шық­ты. Келіншегі Гүлнар екеуі ауылда, жаңа үйде ұрпақтарының қызығын көруде.


Марат Омаров,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

14 қазан 2025 ж. 280 0