Орталық алаң толықтай жаңартылады
Былтыр мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған сырдариялық түлектердің тартуымен Тереңөзек кентіндегі орталық алаңға «Алтын сағат» орнатылып, аудан орталығының ажары айшықтала түскен болатын. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сағаттың маңын абаттандыру жұмыстарын қолға алып, әсем гүлдер егілген еді. Биыл түлектердің ұсынысы негізінде осы игі іс жалғасын тауып, бюджеттен қаржы бөлініп, орталық алаң толықтай жаңартылмақ. Бұл туралы аудандық мәслихат депутаты, "Тіршілік тынысы" газетінің бас редакторы Ақтөре Ибрагимұлы "Facebook" әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында хабарлады.
"Өздеріңізге белгілі, былтыр мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған сырдариялық түлектердің тартуымен Тереңөзек кентіндегі орталық алаңға «Алтын сағат» орнатылып, аудан орталығының ажары айшықтала түскен болатын. Өз кезегінде жергілікті әкімдік сағаттың маңын абаттандыру жұмыстарын қолға алып, әсем гүлдер егілген еді. Биыл түлектердің ұсынысы негізінде осы игі іс жалғасын тауып, бюджеттен қаржы бөлініп, орталық алаң толықтай жаңартылмақ.
Орталық алаңның жөндеуді және жаңартуды қажет ететіні бірнеше жылдан бері көтеріліп, тұрғындар арасында талқыланып келе жатқаны белгілі. Биыл осы олқылықтың орны толып, аудан тұрғындарына тамаша сый жасалмақ. Тереңөзек кенті әкімдігінің мәлімдеуінше, орталық алаңды жаңарту және сәнді де қолайлы саябаққа айналдыру жұмыстары осы аптада басталады. Атап айтқанда, алаңға жалпы саны 79 тал мен бірнеше сортты гүлдер егіледі. 79 талдың егілу себебі былтыр туған жерге «Алтын сағат» тарту еткен түлектер мектеп бітіргенде 79 оқушы болып үлкен өмірге қанат қаққан. Сондай-ақ, демалушылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түнгі мезгілде кент келбетіне сән беретін жарықшамдар орнатылады. Сахна мен алаңдағы тас төсеніштер де жаңаланып, қазақы ою-өрнекпен кіші архитектуралық пішіндер қойылады. Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдер тамшылатып суару әдісімен суарылады. Яғни, бұған дейін тек іс-шаралар өткізіліп келген алаңды жайлы демалыс саябағына айналдыруға айрықша басымдық беріледі.
Тереңөзек кенті ауданның айнасы болғаннан кейін оның сәні мен салтанаты аудан әкімінің тікелей назарында. Жергілікті әкімдік түлектердің жанашырлығын жоғары бағалайды және ауданның дамуына атсалысқан азаматтардың барлығына шынайы ризашылығын білдіреді. Алдағы уақытта орталық алаңда жүргізілетін жұмыстардың сапасы бақылауда болады және тұрақты түрде ақпараттандыру жұмыстары жүргізіледі. Сіздерге сүйінші жаңалық жөнінде ақпарат ұсынып, орталық алаңның эскизін жариялағаныма өте қуаныштымын. Тамыры терең, тарихы кенен Сырдария ауданы дами берсін!" делінген жазбада.