Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Зухра Нұрманова, жоғары санатты кардиолог дәрігер: жастарға үздіксіз даму мен мызғымас еңбек ету керек

Зухра Нұрманова, жоғары санатты кардиолог дәрігер: жастарға үздіксіз даму мен мызғымас еңбек ету керек

Сырдариялық Зухра Нұрманова қасиетті мекен – Қалжан ахун ауылының тумасы. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» клиникасында кардиокабинетте дәрігер болып қызмет атқарады. Жас та болса тәжірибесі бай кардиологтың медицина саласындағы қызметі ұшан-теңіз. Туған жердің түлегі, жерлесіміздің газет тілшісіне берген сұхбатын оқырман назарына ұсынамыз.

–Зухра Сейтханқызы, әдеттегідей ал­ғашқы сұрақты туған жер туралы, балалық шақтағы естеліктен бастасақ? Қызықты сәттерді жиі еске аласыз ба?

– Ең алдымен туған жерден, аудан халқын жақсы жаңалықтарымен ақпараттандырып отырған «Тіршілік тынысы» газеті редакциясына сұхбат беруге ұсыныс білдіргендеріңіз үшін алғыс айтамын.


Әрине, қасиетті Сыр елі, оның ішінде туған жерім Қалжан ахун ауылы – балалық шағымның куәсі, білім бастауымның ордасы, ыстық ұямның мекені. Қай шаһарда жүрсем де ауылымның ыстық топырағы мен адамдары мен үшін қымбат. Қалжан ахун аты берілген ауылда туып-өскенім мен үшін үлкен бақыт. Ғұлама ұстаздың мешіті орналасқан қасиетті мекенде балалық шағым өтті. Бала кезімізде ата-анамыз, ұстаздар баба туралы көп айтып беретін. Дін қайраткері болған, дін ілімін жетік меңгерген ахун есімін жерлестерім құрмет тұтады. Осындай қасиетті жерде туып өскенім менің болашағымның жарқын болуына, денсаулық саласында еңбек етуіме әсер еткен болуы керек. Қазір қандай да бір жетістікке жетсем, бұл ең алдымен Алланың, кіндік қаным тамған туған жерімнің маған берген сыйы деп білемін. Әрине, балалық шақ жарқын сәттерімен, бірге тай құлындай тебісіп өскен құрбыларыммен есте қалды.

Адамдары мейірімді, бауырмал, өзі шағын, келбетті ауылым туралы достарыма, балаларыма қуана, мақтанышпен айтып жүремін.

– Алтын ұя мектебіңіздегі сүйікті ұстаз­дарыңыздың еңбегін айтсаңыз. Мамандық таңдауға не әсер етті?


– Мектепте үздік оқушы болдым. Алғашқы ұстазым Шолпан Әбілдаева, жоғары сыныпта Самат Жұмаділ және Марат Бакуов ағайлардың, пән мұғалімдерінің өмірімдегі білім мен өмірлік ұстанымдарым үшін орны ерекше. Марқұм Қайрақбай Нұрыбаев мектеп директоры болатын. Ол кісінің сөзі мірдің оғындай еді. Балтөре Мамаева, Рыскүл Құлмағанбетова қазақ тілінің қаймағын маңдайымызға жақты. Математикадан Бердібек Зинабдинов ағай логика мен есептің түкпір-түкпірін үйреткен ұстаздар. Ал Райкүл Нұрманова этиканы ұқтырса, тарих төңірегін тарқатқан Айдан Манасова мен басқа да пән мұғалімдері ескінің сақадай саңлақ ұстаздары еді. Осы сәтті пайдаланып, ұстаздарыма ризашылығымды білдіремін.

Мамандық таңдауда ойып тұрып орын алатын, мен үшін үлгі болып қала беретін асыл анамның еңбегі зор. Негізі адвокат немесе журналист болғым келген. Анам: «Халыққа пайдасы көбірек тиетін сала» деп медицина таңдауыма себепші болғаны мені марқайтады. Аллам ата-анамнан разы болсын.


– Қандай мамандық алдыңыз? Қай оқу орнында оқыдыңыз? Сіз қандай студент болдыңыз?

–2003 жылы мектепті үздік аттестатпен бітір­ген соң, үздіксіз дайындық пен отбасымның күнде кешке тексеріс сұрақтарының астына алуы себепші болып, Ақтөбе өңіріндегі Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан Мемлекеттік медицина академиясына грантқа оқуға түстім. Жақсы студент болдым деп айта аламын. 2009 жылы академияны үздік дипломмен аяқтадым. Көздің майын тауысқан жылдар мені кардиология әлеміне әкеліп тіреді.

– Медицинадағы ең күрделі саланы таңдау сіз үшін қиын болмады ма? Қазір­гі кезде жүрек ауруына шалдығу жас таңдамайды деп айтылып жүр. Шын мәнінде солай ма? Жүрек ауруын алдын алу үшін қандай кеңес бересіз?

– Негізі, реаниматолог немесе кардиолог боламын деп жүргенімде, тағы да анам мен әкемнің бір ауыз: «Қыз баласысың, реаниматологты таңдасаң, аурухана «отбасың» болып кететіні анық. Одан да перспективті мамандық ретінде кардиология саласын таңдағаның дұрыс-ау» деген сөздері дұрыс таңдау жасауыма себепші болды.


Иә, қазіргі таңда жүрек-тамыр жүйесі ауруы кең тарап кетті, тіпті жасарып кетті десе болады. Артериалды гипертензия, жүрек ишемиялық аурулары, туа біткен, жүре пайда болған жүрек ақаулары көбейіп кетті. Көпшілігі экология, дұрыс емес тамақтану, соның әсерінен артық салмақ қосу, салдарынан аз қимылдау, иммундық жүйенің нашарлауы, стресстік жағдай, темекі тарту, алкогольдік ішімдікке, наркотикалық заттарға деген әуес болу сияқты зиянды әдеттер, белгілі бір аурумен толықтай емделмей, жарты жолдан тоқтатып қою, айта берсек өте көп. Сондықтан, «ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген қағиданы ұстанған жөн.

Ал жүрек ауруының алдын алу туралы айтар болсақ, әуелі, ішкен асқа мән беру керек. Мүмкіндігінше табиғи өнімдермен тамақтануды ұсынамын. Суды қажет мөлшерде ішу, иммундық жүйеге қуат беретін шұбат, саумал, қымыз сияқты ағарған ішу өте пайдалы. Дене жаттығуларын тұрақты жасап тұру, ыңғайы келсе, бассейнге тұрақты бару, таза ауада серуендеу, стресстік жағдайларда өзін-өзі басқара білу, зорықпау, ағзаға зиян келетін нәрселерден аулақ болу аса қажет. Ұйқы тәртібін дұрыс қалыптастыру сияқты алдын алу шараларының пайдасы шаш етектен дер едім.


– Медицина саласында сізге қуаныш сыйлаған сәт туралы айтсаңыз? Жүре­гі­ңізді тербеген, «әттеген-ай» деген кез болды ма?


– Бірінші курста оқып жүргенде мен үшін ерекше сәт – әр жұма кешінде «Қазақ­телекомға» барып, тілдесу пунктінде үймен сөйлесу болатын. Ол кезде қалта телефоны болмады. Отбасыңмен телефон арқылы сөйлесу ұзақ уақытқа қуаныш сыйлайтын. «Әттеген-ай» деген кездер бола қоймады, әр сәт өзінше керемет еді. Жырақта жалғыз жүріп көрмеген мен сияқты жандар үшін бөтен қалада, «бөрілер мекенінде» жүргендей болатынмын. Осы жылдар ішінде тұлға ретінде жан-жақты пісіп, толыққанды көзі ашық, парасатты пенде болып қалыптасуыңа берілген уақыт деп білер едім.


– Жас мамандарға айтар кеңесіңіз, дәрігер қандай болуы керек?

– Қандай маман иесі болсаң да, «болған істе болаттай болыңыз» дегім келеді. Алла Тағала сол мамандықты мойныңызға берді ме, мұнда сізге берілген жауапкершілік бар деген сөз. Кез келген маманның шебері болу үшін, қазіргі заман тілімен «асс болу», «эксперт болу» үшін үздіксіз даму мен мызғымас еңбек ету керек. Дәрігер болу үшін – ең әуелі білім, оған қоса адамгершілік, жанашырлық сияқты қасиет болу керек бойыңда. Денсаулығын сізге сеніп келген емделушіге «өз ата-анаңа, балаңа қалай көмектесесің, сондай мүмкіндікте көмек беруге тиіссің» деген ойдамын.


– Қазақстан меди­ци­на­­сының даму дең­­гейіне көңіліңіз тола ма? Бізге не жетіспейді, кадр тапшылығы ма, әлде біліктіліктің деңгейі ме?

– Қазақстан медицинасы даму үстінде келе жатыр дегім келеді. Бізге «ерте жатып, кеш тұратын емес, кеш жатып ерте тұратын» алға ұмтылушылық қасиет көбірек керек. «Баяғы жартас бір жартас» болмау керек. Білімнің қалтасы үздіксіз жаңарып, біліктілік арттыру негізгі міндетке айналу керек дер едім. Кадр жетіспеушілігі әр өңірде бар, бірақ жылдан жылға жас мамандар саны артып келеді.

– Осы уақытқа дейін жеткен жетістігіңіз қандай? Жеке клиникалық кабинетіңізді ашыпсыз? Кабинетіңіздің қызметі туралы айтсаңыз?

– Жетістікке жеттім. Талай мәрте сертификат, министр мен бас дәрігерлердің мақтау қағазын алдым. «Жыл үздігі» де атанып, төсбелгі алдым. Мамандығымның арқасында теледидарда тікелей эфирде жүздесу болды. Баспасөз конференциялары, шетелдік конгресстер өз алдына мәнді. Саны да, сапасы да баршылық, Аллаға шүкір. Бірақ, мен үшін басты жетістік – емделушілерімнің айтқан алғысы мен берген батасы, оларға дұрыс тексеріс пен ем тағайындауым.

Уақыт өзі ыңғайлап бір жүйеге әкеледі екен, тек ауанымен жүре берсең. Алла бұйырып, жеке клиникалық кардиокабинет ашудың сәті туған екен. Кабинетімнің қызметі – кардиолог кеңесі, экг, жүрек ультрадыбыстық тексерісін өткізу, қажетінше СМАД, Холтер, ЭКГ өткізуді ұйымдастыру. Сонымен қатар, Қазақстан қала­лары бойынша дәрігерлерді оқыту, біліктілігін тәжірибелік тұрғыда арттыру, оның ішінде ЭКГ, жүрек ультрадыбыстық тексеруге даярлау қолға алынды. Өз біліміңмен бөлісіп, ізбасар шәкірт шығару мен үшін өте үлкен жетістік.

– Сіздің бос уақытыңыздың бола бер­мейтінін білеміз. Дегенмен бос уақы­тыңызда немен айналысасыз?

– Иә, менде әр уақыт жоспарлы. Студент кезден бастап, жоспарсыз жүрген күнім жоқ. Уақытты тиімді пайдалану – уақытты ұтумен тең. Бос уақыт деген, меніңше, жұмыстан тыс уақыт. Отбасыма көңіл бөлу, көз қуаныштарымыздың сабақтарын қадағалау мен уақыттарын қызықты өткізу, ертеңгі күні олар өсіп кеткен соң өкініп қалмаудың қамын жасау шаралары. Табиғатпен тыныстау, арасында құрбылармен сауда жасау және «бір шәугім шай», қосымша оқу мен ізденістер және тағы-тағылары менің бос уақытымды қалдырмайды.

– Ата-ананыңыз туралы айтсаңыз, қан­дай қасиетін бойыңызға сіңірдіңіз?

– Әкем – Сейтхан Әбдібахитұлы, анам – Ақсұлу Сейісқызы. Олар – тұңғыш ұстаздарым, үлгілерім, ізгі жандарым, асыл қазыналарым, даналарым, біздің өмірімізді өздерінікінен жоғары қойған баға жетпес байлықтарым. Қандай жақсы теңеу болса, менің өмірімдегі соған ең бірінші лайық жандар. Ата-анама әдемі қарттық берсін. Жайлы да ұзақ ғұмыр берсін деп тілеймін. Олардың бойындағы еңбек сүйгіштігі, адамгершілігі, адалдығы, мейі­рім­ділігі, бауырмалдығы, қонақжайлылығы бойы­ыз­ға сіңгені рас. Анамнан көріп өскен тігіншілік ісі, дәмді торт пісіру – менің хоббиім.

– Сырдың қызы, батыстың келінісіз. Қос өңірде салт-дәстүрге байланысты ерек­шелік бар ма? Отбасыңыз туралы айтсаңыз?


– Жат жұрттық кезең Сырдағы табынның қызын Ақтөбе өңірінің шөмекей әулетіне сыйлапты. Қазақшылық батыстан гөрі, өз Сыр еліме тән екен. Салты бір болмағанымен, ұқсастықтары бар. Тілдік диалекттер де ерекшеліктерін көрсетіп қалады. Отағасым – Ерлан. Аманаттықта екі ұл, бір қыздың жауаптыларымыз. Тұңғышымыз Абдулазиз – Назарбаев зияткерлік мектебінің білім алушысы. Қызғалдағымыз Инабат пен кішкентай батырымыз Қаһарман IT мектеп-лицейінің үз­дік­тері. Аллам дені сау, берекелі, парасатты, сали­қалы ұрпақтан болып өсуін нәсіп етсін.

– Туған жерге ыстық сәлеміңізді жеткіз­сеңіз болады, айтар тілегіңіз?

– «Ауылдан адам көшкенмен, адамнан ауыл көшпейді» деп ақын Аян Сейітов ағамыз жырлағандай, шалғайда жүрсем де санамда жүр­ген туған жердің мен үшін орны ерекше. Әр сәті бір төбе. Шалғайдағы жанашырларым бар ыстық ұям – жер бетіндегі жұмақтай. Өскен ел өз келбетін жоғалтпай, сағындыртып, «әр түлегінің жүрегінен орын ала білген қаймақтай маңызын» сақтай берсін, өркендей берсін. Ел аман, жұрт тыныш болсын!


– Сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан
Бибісара ЖАНӘЛІ

14 қазан 2025 ж. 480 0