Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұлағатты ұстаз рухына құрмет

Ұлағатты ұстаз рухына құрмет

Ұстаз – ұлы есім. Оның атқаратын қызметі ел болашағына, ұлт келешегіне тікелей байланысты. Кез келген ұстаздың жолында өшпес із қалдыратындай еңбегі айқындалып тұрады. Соның бірі Сырдария ауданының Құрметті азаматы, «Құрмет белгісі» орденінің, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалінің иегері, ардагер-ұстаз – Камаладин Наурызбаев. Бүгінде ардақты ардагердің құрметіне Шіркейлі ауылында орналасқан Ә.Жәмішев атындағы №129 мектеп-лицейінде Камаладин Нау­рызбаев атындағы пән кабинеті ашылды.

Тағылымды іс-шарада алдымен, аудандық олимпиада ұйым­дастырылып, жеңімпаздар арнайы дип­ломмен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Одан әрі іс-шара пән кабинетінің ашылу салтанатымен жалғасты. Жиынға Сырдария аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудан­дық білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар және ар­дагер-ұстаздар мен білім беру сала­сының қызметкерлері қатысты. Заманауи үлгіде жабдықталған кабинетте оқушылардың білім алуына барлық жағдай жасалған. Камаладин Нау­рызбаев атындағы бұл сыныпта кітап сөрелері оқулықтармен толығып, қажетті жиһаздармен, интерактивті панель тақтамен, парта орындықтар орнатылған. Ұстаздың өмір жолы, қоғамдық қызметіне байланысты қабырға стендтері, алған марапаттары мен портреті сынып төрінен орын алған. Бұндай құнды деректер жинақ­талған кабинетте оқушылардың шығармашылық қабілеті артып, білім­нің өркендеуіне үлес қосары анық.

Әрі қарай ұлағатты ұстаздың өмір естелігімен дайындалған видеоролик көрсетіліп, көпшіліктің жүре­гінен орын алды. Іс-шара со­ңын­да зайыбы, ардагер-ұстаз Әлима Нақыпова сөз сөй­леп, қатысу­шыларға ал­ғы­сын білдірді. Сондай-ақ Сырдария ау­дандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиа­лының Атқарушы хатшысы Ақтөре Ибрагимұлы, аудан­дық білім бөлімі кәсіподақ комитетінің төрағасы Алмас Есназар өз ойларымен бөлісіп, сыныптың ашылу салтанатымен құттықтады.

– Адам өмірінде өшпес із қалдыру – екінің бірінің қолынан келе бермейді. Ал ғұмырының басым бөлігін білім саласына арнаған Камаладин Наурыз­баев секілді ұстаздар жоқтың қасы. Ол үшін ұстаздық – жай мамандық емес, жүрек қалауымен атқарылатын ұлы міндет болды. Бүгінде ұстаздың атына арналып ашылған сынып – тұлғаға деген құрметтің белгісі. Оның жүріп өткен жолы жас ұрпаққа үлгі болары анық. Бұл кабинет тау тұлғалар шығуына, елі мен жеріне қызмет ететін азамат пен азаматшалардың өсіп-өркендеуіне септігін тигізері анық, – деді аудандық мәслихат төрағасы Ержан Әжікенов.

Г.ТАБЫНБАЙ

14 қазан 2025 ж. 255 0