Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Орталық алаңға тал егу жұмыстары басталды

Орталық алаңға тал егу жұмыстары басталды

Қазіргі таңда Тереңөзек кентіндегі Орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл өткен жылы мектеп бітіргендеріне 40 жыл болған сырдариялық түлектердің ұсынысы негізінде қолға алынып, жергілікті бюджеттен қаржы бөлунің нәтижесінде іске асырылуда. Орталық алаңға былтыр түлектердің тартуымен «Алтын сағат» орнатылды. Енді биыл бұл жер толықтай жаңартылуда. Осыған орай бүгін аудан әкімі Талғат Дүйсебаевтың, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлының, Тереңөзек кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Муса Келдібаев және 1980 жылғы мектеп бітірген түлектердің қатысуымен тал егу жұмыстары басталды.

– Орталық алаң ауданның айнасы саналады. Кең көлемді іс-шаралар осы жерде өтеді. Сондықтан Орталық алаңның көркейіп, гүлденіп тұрғаны өзімізге абырой. Бұл жер көпшіліктің тынығатын демалыс орнына айналуы тиіс. Осыған байланысты біз Орталық алаңды жайлы демалыс саябағына айналдыруға басымдық беріп отырмыз. Осы маңға ағаштар отырғызып, гүлдендіретін боламызі, – деді аудан басшысы.

Игі шарада аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы Орталық алаңның көркеюі қуанарлық жағдай екенін атап, ақ батасын берді. Тілектестік білдірген соң аудан басшысы қариялармен бірге ағаш отырғызды.

Айта кетейік, Орталық алаңға жалпы саны 79 тал мен бірнеше сортты гүлдер егіледі. Сондай-ақ, демалушылар үшін жайлы орындықтар қойылып, түнгі мезгілде кент келбетіне сән беретін жарықшамдар орнатылады. Сахна мен алаңдағы тас төсеніштер де жаңаланып, қазақы ою-өрнекпен кіші архитектуралық пішіндер қойылады. Орталық алаңға егілген талдар мен гүлдер тамшылатып суару әдісімен суарылады.

Ердос БЕРКІНБАЕВ 
09 сәуір 2021 ж. 613 0