Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Гендерлік саясат: кеше, бүгін және болашақ

Гендерлік саясат: кеше, бүгін және болашақ

Мектеп бітірген жылы ұлттық бірыңғай тестілеу тапсырдық. Үлкен аудиторияда шахматтық тәртіппен орналасқан оқушылардың көңілінде – қорқыныш, көздерінде – үрей. Біз отырған аудиторияға кіріп келген қолында бір құшақ конверті бар апай «Араларыңнан біреуің келіп, мына конвертті ашыңдар» деп бұйырды. Онысына «Ер адамның ашқаны жақсы, жігіт келсін» дегенді қосты. Бұл – ер азаматты бір саты биік ұстаған қазақы таным.

1908 жылы 15 мыңнан астам әйел АҚШ-тың ең ірі қаласы – Нью-Йорк­те шеруге шығып, өздеріне сайлау құқығын беруді, жұмыс күнін қысқартуды және ер-азаматтармен бірдей жалақы төлеуді талап етті. Содан бері арада 114 жыл өтсе де, осы үш талаптың үшеуі де толыққанды орындалған жоқ. Әрине, бұрынғы мен бүгінгі әйелдердің жағдайын са­лыстырғанда жер мен көктей айыр­машылықты байқамау мүмкін емес. Дегенмен әлемде әйелдер дауыс бере алмайтын бір ел әлі бар. Ол – Ватикан. Рим папасына карди­налдар ғана дауыс бере алады. Ал әйелдер кардинал бола алмайды. Өткен ғасырдағы әйелдердің қал­ған екі талабы өркениетті елдерде орындалғанымен, әлемнің 34 па­йыз елінде әлі күнге дейін гендерлік теңдік туралы заң да қабылданбаған. Демек, әлемде гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әлі де атқарылар жұ­мыс көп.

ӘЙЕЛДЕРДІҢ БЕЛСЕНДІЛІГІ АРТЫП КЕЛЕДІ

Британдық PwC (Pricewater­­­­hou­se­­­Coopers) компаниясы әлем­­нің 88 елін­дегі ерлер мен әйелдер­дің әлеу­меттік жағдайын ескере отырып, зерттеу жүргізген екен. Зерттеу әлем елдерінің 34 пайызында ген­дерлік теңдікті қалыпқа түсіретін заңның мүлде жоқтығын көрсетті. Ал әйелдер мен ерлердің тең құ­қықтылығын көздейтін заңы бар ел­дердің үлес салмағы 43 пайызды құраса, бұл көрсеткіштегі елдерде заңдылық сақталмаса да, ешқандай қарсы шара қолданылмайтын кө­рінеді. Қалған 23 пайыз елде арнайы заң да, заңды орындамағандар үшін қолданылатын санкциялар да бар. Қа­зақстан соңғы топқа енеді.

Еліміздегі нәзік жандылар 1917 жылдан бастап дауыс беру құқығына ие болды. Жұмыс уақыты мен демалыс алу құқығы да заңмен реттеліп отырады. Заң тұрғысынан қарағанда, Конституциямыз халықты ер-әйел деп бөле-жарып қарауға, кемсітуге тыйым салады. Сондай-ақ соңғы жыл­дарда қоғамдағы әйелдердің рө­лі мен теңсіздік мәселесін реттеу мақ­сатында бірқатар заң жобалары қабылданған. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасының 2006-2016 жылдарға арналған ген­дерлік теңдік тұжырымдамасы мен 2009 жылы қабылданған «Тең құқық­тар­дың мемлекеттік кепіл­діктері жә­не ерлер мен әйелдер үшін тең мүм­кіндіктер» заңы бар. Және 2016 жы­лы қабылданып, қолданысқа енген Қазақстан Рес­пуб­ликасындағы отбасы және гендерлік саясаттың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын да ерек­ше атауға болады. Аталған заң­дар мен тұжырымдамалар әйел адам­ның қоғамдағы рөлін айқындау­ды мақсат етеді.

Тәуелсіздік жылдарында Қазақ­­­­­­­­­­­­­­­­­­с­тан ген­дерлік саясатты жүзеге асыруда біршама жетістіктерге қол жет­­­кізді. Халықаралық деңгейдегі ак­­ті­лер қабылданды. Атап айтқанда, 1995 жылғы «Әйелдердің жағдайын жақсарту жөніндегі Бейжің іс-қимыл платформасы», 1998 жыл­ғы БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою туралы» конвенциясы, 2000 жыл­ғы «Әйелдердің саяси құқықтары туралы» заң жобасы мен «Тұрмысқа шық­қан әйелдердің азаматтығы туралы» конвенция, «ХЕҰ-ның ерлер мен әйелдерге сыйа­қы көлемін те­ңестіру туралы» заң­­дары. Сондай-ақ гендерлік саясатты жүзеге асыруда Қазақстан бірқатар халықаралық ұйымдармен ты­ғыз байланыста екенін де атап өт­кен жөн.


ЖЕТІСТІКТЕР МЕН ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР

Бүгінгі күні елдегі гендерлік сая­саттың негізгі қағидаттары, ба­сым­дықтары мен міндеттері 2030 жылға дейінгі отбасы және ген­дерлік саясат тұжырымдамасында айқындалған. 2019 жылы аталған тұжырымдаманы іс­ке асырудың бірін­ші кезеңі аяқталды. Нәтижесі жаман емес. Елде гендерлік теңдік пен саясат мақсатты түрде жү­зеге асып келеді деуге негіз бар.

Сарапшылар мәліметіне сәйкес, соң­ғы жылдары әйелдердің шағын жә­не орта бизнестегі белсенділігі айтарлықтай артып отыр. Тіркелген белсенді кәсіпкерлердің ішінде әйел­­­­дердің үлесі 43,2 пайызды құ­рай­ды. Мемлекетіміздегі әйелдер басшылық жа­сайтын шағын, орта және ірі кәсіп­орын­дардың салмағы 28 пайыз­ға жуық­таған. Әрбір төртінші шаруа және фермер қожалығын нәзік жандылар бас­қарады.

Бұл 2011 жылдан бергі ең жоғары көр­сеткіш деп ауыз толтырып айтуға болады. Сондай-ақ 300-ге жуық үкімет­тік емес ұйым әйелдердің құқықтары мен мүдделерін шешуге белсенді атсалысса, кәсіподақтар мен үкіметтік емес ұйымдардағы басшылық лауа­зым­дардың 32 пайыздан астамын әйелдер құрайды.

Мемлекет әйелдердің саясаттағы рө­лі­не баса назар аударып отыр. ҚР Парламенті Сенаты депутаттарының жалпы құрамындағы әйелдердің үлесі 18,4 пайызға жетті. Пар­ла­менттің төменгі палатасындағы нәзік жан­дылардың да үлесі біртіндеп көбеюде. 1996-1999 жыл­дар аралығын қоса есептегенде Мәжіліс депутаттарының арасында әйел­дердің үлес салмағы 11,76 пайызды құраса, бұл көрсеткіш 2021 жылдан бүгінгі күнге дейін 27,8 пайызға дейін артқан. БҰҰ деректеріне сүйенсек, әлем бойынша төменгі палатадағы әйелдердің орташа өкілдігі 23,4 пайыз. Бұл – біздегі көрсеткіштің едәуір жо­ғары екендігінің анық айғағы. Жергілікті бас­қару­шы органдарда да әйелдердің үлесі бар.

Пайыздық көрсеткішпен айтсақ, облыстық мәслихаттарда жуықтап алғанда 16 пайыз, қалалықта 23 пайыз, ал аудандық мәслихатта 24 пайыздай әйелдердің үлесі бар. Сонымен қатар нәзік жандылар мемлекеттік қыз­меттерде де жиі төбе көрсетеді. Олардың үлесі 2013 жылы 49 мыңнан асса, 2017 жылдың өзінде-ақ 50 мыңнан асқан. Сайлауалды партиялық тізімдерге әйелдер мен жас­тар үшін отыз пайыздық квота енгізілгенін де атап өту орынды.

ТҰЖЫРЫМДАМА ҚАЛАЙ ЖҮЗЕГЕ АСАДЫ?

Жоғарыда жазғанымыздай, 2016 жылы қо­ғам өмірінің барлық саласында гендерлік теңдікті қалыптастыру мақсатында 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік сая­­сат тұжырымдамасы бекітілген болатын. Аталған тұжырымдама үш кезең бойынша жү­зеге асырылып жатыр.

Бірінші кезең 2017-2019 жылдар ара­лығын қамтыды. ҚР Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі отбасы саясатын зерделеу мақсатында арнайы база құрып, алғаш рет «Қазақстандық отбасылар-2019» ұлттық баяндамасын әзірледі. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету стандарттары бекітілді. Пилоттық режимде от­басылық соттар қызметі күшейтілді.

Гранттар бойынша арнайы жобаларды жүзеге асыру басталды. Жалпы айтқанда, алғашқы кезеңді іске асыру барысында аталған салалар жақсы нәтижеге қол жеткізе алды.

Екінші кезең – 2020 жылдан 2022 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Бүгінгі есеп бо­йынша, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жоспарланған 48 тапсырманың 16-сын нақты орындап, халық оның игілігін көре бастаған. Қалған жоспарлар кезең-ке­зеңімен іске асырылуда.

Үшінші кезең 2023 жылдан 2030 жылға дейін созылады. Бұл кезең тұрақты даму мақ­саттарына қолжеткізу мен әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге мүмкіндік беретін мін­деттер мен іс-шараларды іске асыруды көздейді.

ЖОСПАР МЕН НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?

Аталған тұжырымдаманың алғашқы ке­­зеңі аяқталды. Екінші кезеңнің де аяқ­та­луына жақын қалды. Осы ретте алғашқы кезең бо­йынша алға қойылған мақсаттың қан­шалықты орындалғаны туралы нақты қо­ры­тындылар жасауға бола­ды.

Бастапқы жоспар бойынша ер мен әйелдің өмір сүру ұзақтығының ген­дерлік ал­шақтығы 2020 жылға қарай 8,5 жылды құрау керек болған. Нәтиже бойынша айырмашылық 8,44 жас­ты құраған. Бұл дегеніміз, жоспар толық орындалғанын көр­сетеді. Нақты ақпаратты «ranking.kz» сайты ұсынған. Аталған гендерлік алшақтық 2023 жыл­ға қарай 8 жылды, 2030 жылы 7 жылды құрайды деп жоспарлануда. Және тіркелген некелердің ішінде ажырасу көрсеткіші 32 пайызды құрау керек болса, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпа­ратына сенсек, бұл көрсеткіш 37,2 пайызды көрсеткен. Бұл 2023 жылға қарай 30, 2030 жылға қарай 25 пайызға дейін қысқаруы қа­жет.

Репродуктивті жастағы мың әйел­ге шақ­қанда жасанды түсік жасату көрсеткіші жос­пардағы 17 адамнан 16,8-ді құраса, әйел­дер мен балаларға қатысты тіркелген тұр­мыстық зорлық-зомбылық жағдайларын азай­ту көрсет­кіші жоспардағы 20 пайыздан 22,2 пайызға төмендепті. Статистикалық коми­теттің мәліметінше, тұжырымдама қабыл­данған жылы әйелдерге қатысты тұрмыстық зорлық-зомбылықтың 124 298 оқиғасы тір­келсе, 2019 жылға қарай бұл көрсеткіш 96 750-ге азайған. Сарапшылардың айтуынша, 2020 жылы бұл жағдай күрделене түскен, оған елдегі пандемия себеп болуы мүмкін. Аборт жасату мың әйелге шаққанда 2023 жылға қарай 15, 2030 жылға қарай 10 адамға дейін азаюы керек деп жос­парланса, әйелдер мен балаларға қатыс­ты зорлық-зомбылық фактілерін 2023 жылы 30, 2030 жылы 50 пайызға дейін төмендету көзделуде.

Сондай-ақ ерлердің жалақысына қа­ра­ғанда әйелдердің орташа табы­сының үлесі 2020 жылға қарай 70 пайыз болуға тиіс деп жоспарланған. Статистика комитетінің ақпаратынша, 2020 жылы әйел­дердің орташа айлық табысы 173,7 мың теңгені құрап, ерлердің табысынан 55,8 мыңға төмен екенін көрсеткен. Бұл ретте жұмыс істейтіндердің 45,9 пайызын ерлер, қалған 54,1 пайызын әйелдер құрайтынын да атап өткен жөн. Бұл көрсеткіш 2023 жылға қарай 73, 2030 жылға қарай 75 пайызды құрауы тиіс.

Материалдық активтері, яғни жер, мүлік, кәсіпорын, жеке кәсіпкерлігі бар әйелдердің ерлерге қатысты үлесін 2020 жылға қа­рай 5 пайызға ұлғайту көзделген. ҚР Пар­ламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени да­му комитетінің мүшесі Ләззат Рамазанова бүгінгі таң­да қазақстандық әйелдердің жеке кәсіпкерлік пен шағын және орта бизнесте жетекші орынға ие екенін айтады. Ал жоспар 2023 жылға қарай 7 пайызға, 2030 жылы 10 пайызға ұлғаяды деп күтілуде.

Биліктің атқарушы, өкілді және сот органдарында, мемлекеттік, квази­мемлекеттік және корпоративтік секторларда шешімдер қабылдау деңгейінде әйелдердің үлесі 2020 жылы 22 пайызды құрайды деп көзделген еді. Есеп бойынша 2020 жылы жергілікті сайлау органдарына 697 әйел адам қа­тысқан. Сол жылы әйел көшбасшысы бар операциялық компаниялардың үлесі отыз пайызды құраған. Бұл нысаналы индикатор бойынша көрсеткіш 2023 жылға қарай 25 пайызды, 2030 жылы 30 пайызды құрауға тиіс.

Бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамта­масыз етудегі әйелдердің үлесі 2020 жылға қарай 8 пайызды құрайды деп жоспарланса, қазіргі уақытта әскери қызметтегі әйелдер жалпы әскери қызметкерлердің 10 пайыздан астамын құрайды. Көрсеткіш алдағы жоспар бойынша 2023 жылға қарай 8,5 пайызды, 2030 жылға қарай 10 пайызды құрау керек.

Жоғарыда біз ресми деректерге сүйе­не отырып, аталған тұжырымдамада бекітілген тоғыз нысаналы индикаторды санамалап шықтық. ҚР АҚДМ Жас­тар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов аталған тоғыз индикатордың бесеуі нақты орын­далғанын айтады. Ал жоспарда көр­сетілген сандардың қанша пайызға орын­далып, қаншалықты өзгеріс орын ала­тынын уақыт көрсетеді.

ТҮЙІН

Әйел – ана, әйел – жар. «Қыз – қо­нақ», «Жұмақтың кілті – ананың таба­нының астында» дейтін халқымызда да, асыл дінімізде де әйелдің рөлі онсыз да жо­ғары.

«Заманың түлкі болса, тазы боп шал» деген де бар. Қазіргі жаһандану дәуірінде нәзік жандардың саяси рөлін арттыру да маңызды болып отыр. Себебі, кей отбасыларда әйел – ердің де, әйелдің де рөлінде. Әйел­дерге де ерлермен тең дәрежеде құқық беріледі. Және гендерлік тең­дікті ұстап тұру мақсатында мемлекет түрлі іс-шараларды атқаруда. Бұрынғы заманда қыз баласын оқытуға да қарсылық болған. Қазір заман мүлде басқа. Сөзімізге статистикалық деректер дәлел. Соңғы мәлімет бойынша, ғалымдарымыздың жартысынан көбі, яғни 54 пайызы – әйелдер.

Қазіргі таңда қоғамның қай саласында болсын гендерлік теңдікті сақтау маңызды мәселе ретінде қозғалып жүр. «Әйел – қырық жанды» дегендей, қай саланы болсын меңгеріп кететініне шүбә келтірмейміз. Десек те, әйел үшін ең маңыздысы ұрпақ өрбіту екенін де ұмытпау керек. Гендерлік тепе-теңдік деп жүріп отбасы мен таным таразысындағы теңдікті назардан тыс қал­дыруға және болмайды. Әйелдің екінші аты – нәзіктік. Қай тұстан алсақ та мәселені екі жақты, яғни қазақы танымнан аттамай әрі бүгінгі заман қарқынына ілесуді негізге алып қарау керек.

Аружан МҰХАНБЕТҚАЛИ
17 қараша 2023 ж. 473 0