Әйел – шаңырақ шамшырағы
Еліміздегі демократиялық процестің маңызды бөлігінің бірі – ұлттық гендерлік саясат. Гендерлік теңдік мәселесі сөз бола қалса, ойымызға «нәзік жанды әйелдер қауымының құқығымен олардың қоғамдағы орны қандай» деген сұрақ келеді. Алайда, гендерлік теңдіктің ауқымы бұдан әлдеқайда кең және оның саяси мәні де зор.
Гендерлік саясат-қоғамдық өмірдің барлық салаларында ерлер мен әйелдердің теңдігіне қол жеткізуге бағытталған мемлекеттік және қоғамдық қызмет.
Кез келген мемлекет үшін әйел мен ер азаматтардың әлеуметтік ортадағы орнын тең ұстап, жалпы қоғамды сол қалыптан айнытпай алға жылжыту аса маңызды. Әсіресе, бүгінгі ғылым мен техника қарыштап дамыған уақытта әйелдер қауымының көмегінсіз өркениетке қол жеткізу мүмкін емес. Қазақта «әйел бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген е нақыл сөз бар. Бұл мақал қазақ қоғамындағы нәзікжандылар отбасы, ошақ қасында отырып бала тәрбиесімен айналысатын тұлға ғана емес, өз болмысымен әлемді өзгерте алатын күш иесі екендігін білдіреді.
Бүгінде билік басында жүрген әйелдердің үлесі жыл сайын артып келеді. Мұның сыртында, денсаулық, білім беру секілді мемлекеттің аса маңызды салаларында еңбек етіп жүрген әйелдердің үлесі ерлерге қарағанда айтарлықтай басым. Сол секілді құқық қорғау саласында да қыз-келіншектердің қатары аз емес. Ал, биліктің ең пәрменді тармағының бірі – сот жүйесіне келер болсақ, мұнда да ер азаматтар мен қатар бір кісідей судья болып жүрген қыз-келіншектер де жетерлік. Алысқа ұзамай-ақ, аңғарсақ бүгінгі таңда соттың кеңсе меңгерушісі, сот хатшысы секілді қызметтерді атқарып жүргендердің басым көпшілігі әйелдер. Әрине, бұл нақты мысалдар елімізде гендерлік теңдік мәселесіндегі еңбек қатынастарының оң жолға қойылғандығының айғағы бола алады. Сонымен қатар, Сырдария аудандық сотының судьялары мен сот қызметкерлері арасында гендерлік білімді насихаттау барысында дөңгелек үстел, семинар сабағы өткізіліп тұрады.
Г.Пірімбет,
Сырдария аудандық сотының
Бас маман-сот отырысының хатшысы