162-ші көктем
1857 жылдың 8 наурызында Нью-Йорк қаласында тігін және аяқ киім фабрикасының жұмысшы әйелдері наразылық шарасын өткізді. Олар басшылықтан 10 сағаттық жұмыс күнін, жарық әрі таза жұмыс орындарын, еңбек ақыларының ер-азаматтардың жалақысымен бірдей болуын талап етті. Себебі, олар тәулігіне 16 сағат жұмыс істеп, шағын ғана айлық алатын. Көптеген Америка мекемелерінде кәсіби одақтар пайда болған. Олардың қатарына 1857 жылы 8 наурызда тағы бір кәсіби одақ қосылды.
Бұл одақтың мүшелерінің барлығы әйел азаматтар еді, олар өз құқықтарының қорғалуын көздеді. 1910 жылы Копенгагенде жұмысшы әйелдердің қатысуымен 2-халықаралық конференция өтеді. Социалдемократ партиясының әйелдер тобының көшбасшысы Клара Цеткин 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнін жыл сайын белгілі бір күнде тойлау керектігі жөнінде өз пікірін білдірді. Оның ұсынысы әйел құқығын қорғауға бағытталған үлкен ұран ретінде қабылданды. Бұл ұранға өзге елдердің әйел-азаматтары қосылып, кедейшілік, татулық, құрмет үшін күреске қосыла бастады.
Алғаш рет бұл мереке 1911 жылы 19 наурызда Австрия, Дания, Германия және Швейцария елдерінде аталып өтілді. Мерекені атап өту 1912 жылдың 12 мамырында өз жалғасын тапты. Кейінгі жылдары Еуропа әйелдері 8 наурызды соғысқа қарсы наразылық білдірумен өткізген болатын.
Кеңес Одағы құрылған жылдан бастап 8 наурыз мемлекеттік мейрам мәртебесіне ие болды. 1965 жылы бұл күн демалыс болып жарияланды. Жыл сайын 8 наурызда мемлекет әйел құқығының қорғалуына байланысты жүргізілген шаралар туралы есеп беретін. Уақыт өте келе бұл мереке саяси келбетін жоғалтты.
1975 жыл «Біріккен Ұлттар Ұйымы жылы» болғаннан соң, кеңес идеологтарының ықпалымен ресми түрде 8 наурыз Халықаралық Әйелдер күні болып жарияланды.
Бұл күні алты құрлық нәзік жандыларды төл мерекесімен құттықтап, оларға игі тілектер айтады. Көктем мезгілімен қатар келетін 8 наурыз мерекесі ТМД елдерінің барлығында кең көлемде аталып өтіледі.
«ТТ» ақпарат