Гендерлік саясат - әйелдердің теңдігі
Гендерлік саясат қоғамдық өмiрдiң барлық салаларында ерлер мен әйелдердiң теңдiгiне қол жеткiзуге бағытталған мемлекеттiк және қоғамдық қызмет.
Бүгінгі таңдағы жиі көтерілетін тақырыптың бірі гендерлік теңдік біздің мемлекетке қана тән мәселе емес. Қазақстан дүниежүзілік қоғамдастыққа кіруді өзінің сыртқы саясатындағы басымдығы ретінде белгілегені мәлім. Ал, әлем елдерінің көпшілігі қол қойған Біріккен Ұлттар Ұйымының мыңжылдық декларациясында ерлер мен әйелдердің теңдігін көтермелеу, әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту үшінші мыңжылдықтағы адамзат дамуының негізгі мақсаттары ретінде айқындалғанын айта кету керек.
Дүниежүзінде қалыптасқан ерлердің әйелдерден басымдығы қазіргі кезде өзгерістерге ұшырауда десек қателеспейміз. Өнеркәсібі дамыған және әлеуметтік бағдар алған елдерде әйелдер өз құқықтары мен мүмкіндіктерінің ерлермен тең болуына іс жүзінде қол жеткізді.
Қазақстан БҰҰ-ның және басқа да ұлтаралық ұйымдардың әйел құқығы туралы аса маңызды Конвенциялары мен Декларацияларына қосылды. Бұл әйел адамның саяси құқықтарын іске асыру саласында жағдайды жақсартуға, гендерлік кемсітуге жол бермеуге өз үлесін қосты. Қазақстан әйелдерінің саяси құқықтарын жүзеге асыру тұрғысынан алып қарағанда, еліміздің БҰҰ-ның «Әйел адамға қатысты кемсітудің барлық нысанын жою туралы», «Әйел адамның саяси құқықтары туралы», «Тұрмыстағы әйелдің азаматтығы туралы» Конвенцияларына қосылу аса маңызды. Сонымен қатар, Қазақстан Ұлтаралық еңбек ұйымының әйел және балалар құқығына қатысты бірнеше актілеріне қол қойған.
Гендерлік саясат - әйелдердің теңдігі және оларды кемсітуге жол бермеуді заң жүзінде бекітудің тәжірибелік құндылығы өздерінің құқығын іс жүзінде пайдалану мүмкіндігін білдіреді. Ал әйелдердің қоғамдық жұмысты атқарып, отбасына да уақытын қажетті деңгейде бөліп, балаларының тәрбиесімен де айналысып жүргендігі жасырын емес. Осы тұрғыда қазақ халқының:«Әйел бір қолымен әлемді тербетсе, екінші қолымен бесікті тербетеді» деген әдемі даналық сөзі еріксіз ойға келеді.
Асан Меңдігүл Есенбайқызы,
Сырдария аудандық сотының
баспасөз хатшысы