Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтыншы басымдық: Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау

Алтыншы басымдық: Саяси жаңғыру және адам құқығын қорғау

Ата Заңымыздың ең алғашқы бабында мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары екені нақты көрсетілген. Яғни, зайырлы елімізде адам құқығы Заңмен қорғалып, оның өміріне қолсұғушылыққа жол берілмейді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев жыл сайынғы Жол­дауында осыған ерекше мән беріп келеді. Биылғы «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауында да саяси жаңғыру мен адам құқығын қорғауға ерекше басым­дық берді.

Алдымен, басты құжаттағы саяси жаңғыруға тоқ­­талып өтсек. Президент саяси реформаларды өзгертіп, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұ­жырымдамасы бойынша жүйелі жұмыс жүр­гізгелі бері елеулі өзгерістер орын алуда. Атап айтар болсақ, митинг өткізу үшін алдын-ала ескерту қағидаты жа­зыл­ған жаңа заң қабылданды, пар­тиялардың Мә­жіліске өту шегі 5 пайызға де­йін төмендеді, сайлау бюллетеньдеріне «бәріне қарсымын» деген баған қосылды. Оның қатарында ауыл әкімдерін сайлау да бар. Бұл маңызды қадам болып, соның нәтижесінде ауыл халқының, яғни қазақстандықтардың 40 пайыздан астамының мүд­десіне тікелей ықпал етпек. Ендігі жерде аталған жүйе жалғасын тауып, 2024 жылдан бастап аудан әкімін жергілікті халық сайлап алатын болады. «Мемлекеттілігімізді нығайта түсу үшін барлық өзгерісті еліміздің өзіне тән ерекшелігін ескере отырып, біртіндеп жүзеге асырамыз. Бұл – мықты, әділ әрі озық мемлекет құрудың бірден-бір дұрыс жолы. Азаматтарымыз бұл ұстанымды қолдап отыр» дейді Мемлекет басшысы.
Жолдауда Президент инклюзивті қоғам құрылып жатқанын тілге тиек етті. Ол үшін бүгінгі қоғам өміріне ерекше қажеттілігі бар жандардың белсенді болуына жағдай жасау керек. Мәселен, халық қа­лаулысы ретінде сайлауға түсетін үміткерлерлер қатарында жастар мен әйелдерден бөлек, ерекше қажеттілігі бар азаматтарға да квота белгіленбек. Сонда ғана депутаттардың түпкілікті құрамы жа­сақталып, елдің мұң-мұқтажы толыққанды ес­кері­леді.


Енді адам құқығын қорғау мәселесін тарқатсақ. Бұған қатысты Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мен адам құқығын қорғау саласын әрдайым жеке-дара бөліп қарайтынымды білесіздер. Біз соңғы екі жылда бұл бағытта едәуір ілгері бастық» деп атап, құқық қорғау жүйесіндегі елеулі өзгерістерге тоқталды. Ең алдымен, биыл қаңтар айында Өлім жазасының күшін жоюға ба­ғытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы Екінші Факультативтік Хаттаманы ратификация­­лау туралы заңға қол қойғанын, енді Қылмыстық кодекстің нормаларын Екінші Факультативтік Хат­таманың ережелерімен үйлестіру керектігін алға тартты. Бұған қатысты тиісті заң жылдың соңына дейін қабылданбақшы. Ал жақында адам құқығын қорғау жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, онда гендерлік теңдікті қамтамасыз етуге басымдық бе­ріл­ген. Одан бөлек, сот қызметінің заманауи үлгісі енгізіліп, артық сот үдерістері қысқартылуда. Про­курорлық қадағалаудың жеделдігі артса, ішкі істер органдары салаға тән емес бірқатар функциядан арыл­ған. Бірнеше өңірде полицияның сервистік мо­делі пилоттық режімде жұмыс істеп, ол тиімділігін көр­сетті. Алдағы уақытта оның ауқымын кеңейту, полиция қызметін оңтайландыру жоспары тұр.
Полицияның сервистік моделі туралы сөз қозғағанда, аудандық полиция бөліміндегі сер­вис­тік қызмет көрсету орталығы, яғни фронт-офисті айтуға болады. 2018 жылдан бұл жүйе іске қо­сылып, тұрғындардың арыз-шағым, өтініш жазуларына, құқықтық кеңестер алуларына мүмкіндік жа­­салған.
Қазіргі таңда елімізде алаяқтық және қаржы пирамидасы арқылы адамдарды әлекке салу жиілеп кетті. Байланыс телефон арқылы алаяқтық жасауға тосқауыл болмай тұр. Оларға арбалып қалғандар негізсіз қаржылық шығынға ұшырауда. Сондықтан Президент Бас прокуратура алаяқтыққа және қар­жы пирамидаларына қарсы кешенді шаралар әзір­лейтінін атады.


Оған қоса, балаларға, оның ішінде ата-ана қам­қорлығынсыз қалған балаларға қарсы жыныстық қылмыстың алдын алу, өскелең ұрпақты есірткі заттарынан сақтау, сыбайластыққа жол бермеу, адвокаттардың құқығын қорғауға қатысты пәрмен­ді тапсырмаларды жүктеді. Сол арқылы адамдар құқығы қорғалып, қауіпсіздік қамтамасыз етілмек.


Жалпы, саяси реформаларға елеулі өзгерістер енгізу халықты мемлекет басқару ісіне барынша тартуға оң ықпал етсе, адам құқықтарын қорғау саласын жетілдіру қауіпсіз қоғам қалыптастырудың алғышарты болмақ.

Расул Есенов,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі
09 қазан 2021 ж. 689 0