Алдымызға нақты міндеттер қойды
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арналған кезекті Жолдауының Өңірлік саясатты жетілдіру басымдығында қаралған ауыл, жағдайын көтеру мәселесі ел тұрғындары үшін қуанарлық жағдай. ондағы мақсат – ауыл мен қаланың айырмашылығын азайту, ауыл тұрғындарының тұрмыс жағдайын жақсарту, жұмыс көздерін ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендету.
Президенттің былтырғы Жолдауында нақтыланған «Халық үніне құлақ асатын Үкімет» тұжырымдамасының басты қағидаты бәрімізге белгілі. Мемлекет басшысы мемлекеттік аппарат азаматтар мүддесі үшін жұмыс істеуге тиіс екенін биыл да ерекше атап өтті. Жергілікті биліктің міндеті – тұрғындармен тікелей қарым-қатынас жасап, олардың проблемаларына құлақ асып, шұғыл шешу. Тұрғындардың проблемалық мәселелерін шешу, өңірді дамыту, абаттандыру, инфрақұрылым қағидатының сақталуын қамтамасыз ету. Бұл жұмыстардың орындалуы бюджет мүмкіндігіне тікелей байланысты. Осы тұрғыда, Қ.Тоқаев Үкіметке өңірлердің қаржылық дербестігін арттыруды, жергілікті өзін-өзі басқаруды әрі қарай дамытуды тапсырды.
Атап өту керек, Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 98-қадамын жүзеге асыру бойынша, 2018 жылдан бастап екі кезеңмен селолық округ, ауыл, кент, аудандық маңыздағы қала деңгейінде жергілікті өзін-өзі басқарудың дербес бюджеті енгізілді. Аудан бойынша 1 кент және 13 ауылдық округіне бюджеттің төртінші деңгейі, яғни жергілікті өзін-өзі басқару бюджеті берілді.
Жолдауда көтерілген жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігінің 2020-2024 жылдарға арналған даму жоспары қабылданған. Аталған құжатта «қазынашылық органдарының алдындағы стратегиялық міндет – мемлекеттік бюджеттің төртінші деңгейін тұрақты қалыптастыруды қамтамасыз ету» деп міндеттелген. Осы міндетті жүзеге асыру барысында мақсатты индикаторға жету үшін қазынашылық органдарын дамыту, оңтайландыру, жетілдіру бойынша қазынашылық органдарының даму тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдаманың ережелері жергілікті өзін-өзі басқару мәселері бойынша заңнамалық және де өзге де нормативтік-құқықтық актілеріне сәйкес, қазынашылық органдарында жергілікті өзін-өзі басқарудың функцияларын іске асыруға бағытталған. Тұжырымдаманың басты мақсаты – мемлекеттік бюджеттің атқарылуына мүлтіксіз кассалық қызмет көрсету, салық және басқа да түсімдерінің уақытылы орындалуын қамтамасыз ету. Тұжырымдамада көрсетілген мақсатқа жету үшін, әр маман өз ісіне жауапкершілікпен қарап, лауазымдық міндеттерін сапалы орындауы қажет. Сонымен қатар, қазынашылық органдарының имиджін көтеру үшін өз қызметін адал атқару арқылы сала жұмысына оң көзқарасты қалыптастыруға міндетті.
Біздің ендігі міндетіміз – Ел Президентінің жаңа экономикалық, саяси және әлеуметтік жағдайға байланысты ел тағдырын жан-жақты талдап, дамудың стратегиясын көрсеткен осы Жолдауын қолдай отырып, оны іске асыру үшін барлық күш-жігерімізді, білімімізбен тәжірибемізді арнап, аянбай еңбек ету.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі