Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Жолдауды қолдау – әр азаматтың міндеті

Жолдауды қолдау – әр азаматтың міндеті

Қыркүйек айының басында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жариялады. «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты маңызды құжатта осыған дейін жүзеге асқан жұмыстар қорытындыланып, алдағы жаңа мақсат-міндеттер нақтыланды.

Қасым-Жомарт Тоқаев ең алдымен ел Тәуелсіздігіне биыл ордалы отыз жыл толып отырғанына тоқталып өтті. «Биыл егемен ел болғанымызға 30 жыл толып отыр. Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды», деді Мемлекет басшысы.

Президенттің әр жылғы Жолдауында Үкімет алдына қойған міндеттері ретімен нәтиже беріп келеді. Биылғы Жолдауда да Мемлекет басшысы бірнеше тапсырма берді. Оның ішінде, білім беру саласына қатысты, 2025 жылға дейін салынуы тиіс мектептер санын 1 мыңға жеткізу, ғылымды дамыту, мұғалімдер мен ерекше дарынды оқушыларға қолдау көрсету сынды бастамалары көңіл қуантады.

Білім беру, денсаулық сақтау салалары Президенттің әр жылғы Жолдауында назардан тыс қалған емес. Биылғы Жолдауда 2022-2025 жылдары бюджеттен қаржыландырылатын сала қызметкерлерінің жалақысын жыл сайын 20 пайызға арттыруды тапсырып, мәдениет саласына ерекше назар қойып отыр. «2020 жылдан бастап 600 мыңнан астам педагог пен дәрігердің, әлеуметтік сала қызметкерінің жалақысы өсті. Бірақ, бюджеттен қаржыланатын өзге сала азаматтары бұдан тыс қалды. Бұлар – мәдениет қызметкерлері, мұрағатшылар, кітапханашылар, техникалық қызметкерлер, қорықшылар, көлік жүргізушілер және басқалар», деді ел Президенті.

Коронавирус дерті пандемия дәрежесінде жарияланғалы бері ел экономикасы мен халық тұрмысына да едәуір кері әсерін тигізгені анық. Осы ретте, Президент бұл мәселеге де назар қойып, нақты тапсырмалар беріп өтті. Пандемиядан кейінгі экономикалық даму жолдарын көрсетіп, мемлекеттік қызметтердің цифрландырылып келе жатқанына тоқталды. Бүгінгі күннің өзінде көптеген қызметті үйде отырып-ақ алуға мүмкіндік бар. Бұл дегеніміз – даму мен алға жылжудың айқын көрінісі.

Жоғарыда аталған маңызды міндеттермен қоса Жолдауда еңбек нарығы, кәсіпкерлікті қолдау сынды негізгі 7 басымдық пен 5 бастамаға ерекше маңыз берілді. Президент Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық даму бағыты айқын көрініс тапты. Мемлекетіміздің әрбір тұрғыны осындай қиын сәтте жасалған Президент Жолдауының маңызын ұғына отырып, ондағы тапсырмалардың реттілікпен іске асуына жұмыла еңбек етуі тиіс.
Расул ЕСЕНОВ,
облыстық мәслихат депутаты,
Nur Otan партиясының мүшесі



18 қыркүйек 2021 ж. 1 114 0