Тіршілік тынысы Tirshilik-tynysy.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекет тұтастығының мызғымас кепілі

Мемлекет тұтастығының мызғымас кепілі

Кез келген зайырлы елдің даму бағыттарын белгілейтін басты құжаты – Ата заңы. Осыдан 25 жыл бұрын бүкіл халықтық референдумда кең байтақ Қазақстанның көп ұлтты халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етіп, көптеген елдермен терезесі тең, іргетасы мықты демократиялық жолмен дамып келе жатқан мемлекет екендігін танытты.

Ата Заң әрбір қазақстандық азамат­тың жеке төлқұжаты іспетті. Сондай-ақ, барлық заң атаулы осы Конституция аясында жасалып, басты құжаттың негізінде қабылданады. Мемлекеттің тұтастығы, саясаты, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы, азаматтар құ­қы­ғының сақталуы, демократиялық құн­ды­лықтардың барлығы осы заңның аясында топтасқан. Міне, осыдан-ақ Ата Заңымыздың құнының қаншалықты жо­ғары екенін аңғаруға болады.

Тоғыз бөлім мен тоқсан сегіз баптан тұратын Ата Заңның алғашқы бабы: «Қазақстан Республикасы өзін де­мократиялық, зайырлы, құқықтық мем­лекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам жә­не адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» – деп басталады. Бұл мемлекетімізде адам мен оның өмірі, құқықтары мен бостандықтарының өте жоғары дәрежедегі құндылық ретінде бағаланатындығының айқын дәлелі.

Еліміздің Ата Заңы халқымыздың дербес ел болуды армандаған, мүд­десін заң тілінде айшықтаған, жер шарына, адамзат баласына «Қазақстан» деген мемлекет бар екенін паш еткен ерекше құжат. Ата Заңымыздың өзгешелігі Қазақстан Республикасы­ның тәуелсіз дамуының мемлекеттік тұғы­рын, басқару тәсілін, билік тармақтарын бекітіп, «байырғы қазақ жерінде мемлекет құрылғанын» жария етті. Конституция бізге, адамдық қадір-қасиетімізге қол сұғылмауына, тіліміз бен дініміздің дамуына, ар-ож­дан бостандығын қорғауға, адал еңбегімізбен тапқан мүлкіміз бен меншігімізді сақтауға кепілдік береді. Сондықтан құқықтық мемлекет, заңның жоғарғы мәртебелілігі, Конституцияның мызғымас беріктігі, ұлттық идеологияның негізі және түп қазығы екенін мойындауымыз керек.

Еліміздің осы негізгі Заңы уақыт сынынан сүрінбей өтті. Оның негізгі қағидалары барлық халықаралық стандарттарға сай келіп, қоғам мен мемлекетті дамытудың осы кезеңдердегі ең жетілдірілген үр­діс­терімен үйлесім тапты. Мем­ле­кеттің тәуелсіздігін нығайту жә­не эко­но­микалық реформаларды жүргізудің басты құралына айналған бұл Ата Заң адамдардың барлық азаматтық құқықтары мен бостандықтарын қам­тамасыз ете отырып, олардың өздерінің мем­лекеттің сенімді қо­р­ға­у­ын­­да екенін терең сезінулеріне жағдай туғызды. Сондықтан да Конституция күні – біз үшін қасиетті күн. Өйткені, Ата Заңымыз – Қазақстанның әлемдік өркениетке қарай қарыштай қадам басуының алғы-шарттарын жасап берген жасампаз құжат.

Меңдігүл Асан,
аудандық соттың
жетекші маманы-
баспасөз хатшысы

29 тамыз 2020 ж. 723 0