Коронавирус: Тұрғындар немқұрайлылық танытпау керек
Қырық мыңға жуық аудан халқы қазіргі таңда пандемияның себеп-салдарына бей-жай қарамауы тиіс. Індетке шалдығу көрсеткіші еліміз бойынша едәуір жоғарылап, медицина мамандары жанкештілік танытуда. Күнделікті санитарлық талаптың қоғам өмірінде сақталмауы адам өміріне қауіп төндіретіні мәлім. Әлем елдерінде коронавирус инфекциясының адам ағзасында мутацияға түсіп, өзгеріске ұшырап жатқандығы айтылуда. Бұл ретте, адам көп шоғырланатын сауда орындарында, дүкенде, қоғамдық көлікте, санитарлық талап сақталуына байланысты жан-жақты сараптама жүргізіп көрмекпіз.
Сауда орындарында санитарлық талап сақталып жүр ме?
– Тоқтаңыз! Бетпердені тағуды ұмыттыңыз. Өзіңізде бетперде болмаған жағдайда ақысына сатып алыңыз. Қауіпсіздік барлығымыз үшін керек.
Бұл сөздерді аудан көлемінде орналасқан дүкендерде сатушылар жиі айтады. Ал тұтынушының жауабы мынадай:
– Сәлеметсіз бе? Керек затымды аламын да көп ұзамай шығып кетемін. Бетперде тағуды ұмытып кетіп едім.
– Шүкір, аудан бойынша вирустың таралуы тоқтап тұрғаны қуантады. Дегенмен, үлкен қалаларда вирус өршіп жатқандығы алаңдатып отыр. Сондықтан қауіпсіздікті естен шығармаған абзал. Мінекей, бетпердені тағып алыңыз.
Осылайша, біршама әңгімеге ұласқан сатушы мен тұтынушы арасында едәуір уақыт өтті. Бұл мезетте дүкен сөресіндегі тауарға қызығушылық танытқан жергілікті тұрғындар ағылып келіп жатты. Сатушы қай кезде де жоғарыда аталған ескертпені қайталаудан шаршамайды. Себебі, дәл қазіргі уақытта санитарлық талапты сақтау маңызды. Күнделікті қарапайым халықтың көпшілігі – аудан бойынша орналасқан дүкендердің тұрақты тұтынушысы. Жан-жақты қарым-қатынас арқылы барлық дүкенде сауда-саттық жасалады. Санаулы уақытта керек затын іздеген тұтынушы бірнеше сауда орындарына баруға мәжбүр. Оның ішінде, кез келген жас санатындағы адамдар бар. Олардың қауіпсіздігін тек қана бетперде тағу қамтамасыз етпейтіндігін ұмытпаған жөн.
Мәселен, ҚР Бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 25 желтоқсанындағы №67 қаулысының 5-қосымшасында сауда орындарында, базарларда, сауда, ойын-сауық кешендерінде санитарлық талаптарды сақтау ережелері кеңінен айтылған. Қай уақытта болмасын сауда орындарында бетпердесіз кіруге рұқсат етілмейді. Кіреберісте дене қызуын өлшеу арқылы тұтынушы сауда жасауға жіберіледі. Осы ретте әлеуметтік арақашықтық сақталуы керек. Сатушы немесе сауда орталығының қызметкері қашықтықты бұзуға болмайтын қозғалысты ұйымдастыруға міндетті.
Сонымен бірге жұмыскерлер арасында жеке және өндірістік қағидаларын сақтау және олардың мүлтіксіз орындалуын бақылау тұрақты түрде жүргізіледі. Сауда орындарында немесе дүкенде кварц шамдарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік нұсқама өткізу талабы қойылған. Сондай-ақ жеке гигиеналық құралдары мен санитарлық тораптар, яғни сұйық сабын, антисептиктер, дәретхана қағазы жеткілікті мөлшерде болуы тиіс. Әр 2 сағат сайын сауда орындарында желдету режимі сақталып, барлық сауда нысандарында профилактикалық тексеріс жүргізіліп отырады. Ең алдымен, жергілікті тұрғындар 1 адамға сауда алаңының 4 шаршы метрі есебінен әлеуметтік қашықтықтың сақталуын қамтамасыз етеді. Бұл ретте, санитарлық талаптардың сақталуы жайында соңғы 10 жылда сауда саласында едәуір тәжірибе жинақтаған «Престиж» дүкенінің иесі Күміскүл Обашқановадан сұрап білдік.
– Денсаулық адам үшін бәрінен қымбат. 2020 жылдың наурыз айында басталған пандемияның қарқыны әлі күнге басылар емес. «Престиж» дүкеніне келушілерге үнемі санитарлық талаптарды сақтауға шақырамыз. Әр 2 сағат сайын талапқа сай дезинфекциялық жұмыстар жүргізіледі. Дүкенге келеушілердің сұйық сабынмен немесе антисептик пайдаланып, қолды өңдеуі қадағаланады. Сонымен бірге дүкен сөресіндегі нан өнімдерінің бетін жабық ұстау керектігі ескеріледі. Ал сөредегі басқа да тауарлар сулы майлықпен уақытында сүртіліп отырады. Шын мәнінде, дертке шалдықпайынша денсаулықтың қадірін ешкім де білмейтіні рас. Бір күнде 3-4 рет сауда жасайтын кейбір тұтынушының өзі санитарлық талапты сақтауға келгенде немқұрайлылық танытып жатады. Біз мұндайда карантиндік режимнің талабын айтудан жалықпаймыз. Әрбір адам жақынына жанашыр болғаны жөн, – дейді дүкен иесі.
Карантиндік шектеулерді бақылау мақсатында аудан бойынша 3 мониторингтік топ жұмыс жасайды. Арнайы рейд жұмыстары барысында заң бұзушылық деректері анықталған жағдайда дүкен иесі мен тұтынушыға қандай шара қолданатыны жөнінде аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқарма басшысының орынбасары Құралай Омарова айтып берді.
– Коронавирус инфекциясынан қорғану амалдары қарапайым тұрмыста адамдарға қиындық тудырмайды. Адам көп жиналатын сауда орындарында санитариялық ережелерді мұқият ұстану өмірімізді сақтайды. Көзге көрінбейтін бізге беймәлім вирустың таралуын барынша шектеуіміз керек. Осы мақсатта мониторингтік топ рейд жұмыстарын ұйымдастырады. Рейд барысында талаптарды бұзушылық анықталған жағдайда учаскелік полиция қызметкерлері немесе мониторингтік топ заңды және жеке тұлғалардан түсініктеме алып, тиісті құжаттарды аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына жолдайды. Бұл ретте, сала мамандары Қазақстан Республикасының аумағында коронавирустық инфекцияның пайда болуы мен таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның 2020 жылғы 7 желтоқсанындағы хаттамасымен бекітілген «Шектеу шараларын, оның ішінде карантинді сақтау жөніндегі талаптардың бұзылуы анықталған кезде әкімшілік сипаттағы шараларды қолдану бойынша лауазымды адамдардың іс-қимыл алгоритміне» сәйкес жоспардан тыс тексеру жүргізіп, қорытындысымен ҚР «Әкімшілік құқық-бұзушылық туралы» кодексінің 425 бабы «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу» бойынша айыппұл салынады. Ескерте кететін жәйт, айыппұл жеке тұлғаларға – отыз, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – екі жүз отыз, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – үш жүз он, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне – бір мың алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде салуға алып келеді. Мәселен, 1 АЕК 2917 теңге болса, 2917х30=87 510 теңге көлемінде айыппұлды жеке тұлға төлейтін болады. Ал лауазымды тұлға, шағын субьектіге 2917х230=670 910 теңге, орта кәсіпкерлік субъектілеріне 2917х310=904 270 теңге, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 2917х1600=4 667 200 теңге төлеуге міндеттеледі. Осындай жағдайды болдырмас үшін жеке, лауазымды тұлғалар және жеке кәсіпкерлік субьектілер санитариялық талаптарды сақтағаны абзал, – дейді басқарма басшысының орынбасары Қ.Омарова.
Күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік және тағы да басқа бұйымдар үшін шағын маркет және дүкенге, сауда орындарына жиі баратын тұрғындардың айтуынша, адам бойындағы немқұрайлылық қасиеті басымдырақ екен. Санитарлық талаптардың сақталуына байланысты жергілікті тұрғын өз үндеуін көпшілілікке жолдады.
– Әлем халқы қарапайым өмір дағдысынан айнып, коронавирус инфекциясымен күресуде. Тұрғылықты халықтың аман-саулығы басты назарда болғаны дұрыс. Барлығымыз санитарлық талапты қатаң сақтаған жағдайда қалыпты тұрмыс-тіршілігімізге ораламыз. Ол үшін барлық әлеуметтік ортада сақтанып жүргеніміз дұрыс. Ең алдымен, жоғарыда көтерілген мәселе сауда орындарындағы санитарлық ережелерді мұқият орындаған жөн. Кейде сауда орындарында әлеуметтік қашықтықты сақтамай жүретін кісілерді байқаймыз. Көпшілік ортада ескере бермейтін негізгі талаптарды орындауға шақырамын, – дейді тұтынушы Жадыра Қалмашева.
Дүниежүзінде маркетолог саласында жарнаманың рөлі зор. Ғаламтордың көз ілеспес жылдамдықпен дамыған уақытында әлеуметтік желінің өзіндік атқаратын қызметі жеткілікті. Пандемия кезінде онлайн қызмет жүйесін жетілдіру күн тәртібінен түспейді. Алдағы уақытта сауда орындарында тұтынушы санын азайту мақсатында аудан көлемінде сауда орындары тұтынушының тапсырысына сәйкес, тасымалдау қызметін ұйымдастыру мүмкіндігін тәжірибеге енгізу керек-ті. Мысалы, кент орталығында орналасқан «Серікбол» сауда орталығының «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасы белсенді жұмыс жасайды.
– Аудан орталығы Тереңөзек кентінде «Серікбол» дүкені жергілікті халыққа қызмет көрсетуде. Қазіргі таңда 6 қызметкер тәулік бойы тынымсыз еңбек етеді. Эпедимиологиялық ахуалды сақтау, әлеуметтік қашықтықты бақылау негізінде тұрғындарға жан-жақты ескертіп жатамыз. Бұл ретте, онлайн қызметті жетілдіру үшін тұрғындардың сауда жасау дағдысына өзгеріс керек. Күнделікті жаңа тауарларды «Инстаграм» әлеуметтік желісіндегі дүкеннің ресми парақшасына салып отырамыз. Барлық деңгейде сауда орындары онлайн қызмет жүйесін жетілдірсе деймін. Ал қауіпсіздік шарасын күшейту үшін тауарларды тасымалдау алдағы уақыттың еншісінде, – дейді дүкен иесі М.Омарова
Көлік тасымалы: Жолаушының денсаулығына бей-жай қарамау керек
Карантиндік ережелердің сақталуы мен санитарлық талаптың орындалуының тасымалдау қызметіне де қатысы бар. Жергілікті халық бұл қызмет түрін жиі пайдаланады. Аудан бойынша такси және қоғамдық көлік арқылы тасымал жұмысы бір жолға қойылған. Төтенше жағдай және карантин кезінде аудан көлемінде көлік тасымалының жұмысын үйлестірудің маңызы артты. Ең алдымен, тұрғындардың денсаулығына бей-жай қарамайтын сала мамандары қатаң талапты күшейткен. Осы күні аудан орталығы Тереңөзек кентінде 10-ға жуық такси тұрағы арқылы жолаушылар тасымалданады. Қызылода қаласына, алыс-жақын елді мекендерге такси қызметі қарастырылған. Сонымен бірге жол бойынан тоқтатып, таксиге мінетін жолаушылар қарасы қалың.
Такси қызметіндегі санитарлық ережелер жолаушының діттеген жеріне жетуіне кедергі келтірмейді. Бар болағыны бетпердені тағып, дер кезінде антисептикпен қолын өңдеу керек. Жүргізуші мен жолаушы арасында қашықтық сақтай отырып, байланыс орнатқаны дұрыс. Алыс жолға шыққан жағдайда учаскелік дәрігерге қаралған жөн. Қосымша өздерімен бірге дәрі-дәрмек, дене қызуын өлшейтін құрылғы болғаны абзал.
Мәселен, ҚР Бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 25 желтоқсанындағы №67 қаулысының 15-қосымшасына сәйкес, такси жүргузішісіне қойылатын талаптар мынадай: біріншіден, автокөлік құралын басқару жұмыс күні ішінде қолғаптарды, медициналық маскаларды пайдалана отырып, маскаларды 2 сағат сайын ауыстыра отырып жүзеге асырылады. Екіншіден, жолаушыларды тасымалдау барлық адамда міндетті түрде маскалар болғанда ғана жүргізіледі. Үшіншіден, такси қызметіне тапсырыс беру кезінде жолаушыларға маскалары болған кезде салонға кіретіні туралы хабарлануы міндетті.
Күн сайын такси қызметімен жолаушы тасымалдайтын автокөлік жүргізушісі Бостан Тұрғанбеков тұрғындарды санитарлық талаптарды сақтауға шақырады.
– Коронавирус инфекциясының адам денсаулығына едәуір залал келтірді. Басты байлығымыз денсаулықтың қадірін білгеніміз жөн. Күнделікті көпшілікпен байланыс орнату кезінде санитарлық талапқа аса назар аударамыз. Төтенше жағдай кезінде сыйымдылығы 5 адамдық автокөлікпен 2 жолаушы тасымалдаған кездер болды. ҚР Бас санитар дәрігерінің №67 қаулысы бойынша қарантиндік шектеулер жеңілдетілді. Дегенмен, жолаушылардың денсаулығы басты назарда. Үнемі жолаушыларға қашықтықты сақтау, бетперде тағу бойынша ескертпелер айтылады. Қауіпсіздікке назар сала отырып, карантин ережелері қатаң сақтасақ, қалыпты өмірге оралатынымыз анық, – дейді такси жүргізушісі.
Жолаушылар тасымалын үйлестіретін қоғамдық көлік қызметіндегі мәселеге назар аударуды жөн санадық. Аудан бойынша бүгінде «Арысбай» ЖК құрамында 22 қоғамдық көлік бар. Оның ішінде, 4 қоғамдық көлік Тереңөзек кенті тұрғындарына қызмет етеді. Ал елді мекендерге 5 қоғамдық қөлік қамтылған. Қалған 13 шағын автобус Қызылорда қаласына жолаушы тасымалдайды. Өз кезегінде 15 жылдан бері жолаушы тасымалдау қызметімен айналысып келген «Арысбай» ЖК директоры Алмасбек Арысбай санитарлық талаптардың сақталуына байланысты кеңінен мағлұмат берді.
– Төтенше жағдай және карантин кезінде жолаушылар тасымалы қызметінде біршама қиындықтар туындағаны мәлім. Мұның барлығы коронавирус инфекциясының таралуын тежеу екенін түсінеміз. Қазіргі ахуалға байланысты қоғамдық көлік қызметі талапқа сай жұмыс жасауда. Тұрғындардың қауіпсіздігін басты назарға ала отырып, сапалы қызмет етуді мақсат еттік. Әр апта сайын аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің қызметкері санитарлық талаптарды назарда ұстап, тексеріп отырады. Өзіміздің тарапынан жүргізушілердің денсаулығы жіті қадағаланып, түрлі сырқат белгілері байқалған жағдайда дәрігерлерге қаралу керектігі айтылады. Сондай-ақ қоғамдық көлікте тұрғындардан бетперде тағу міндеттеледі, – дейді жеке кәсіпкер.
Өз кезегінде ҚР Бас санитар дәрігерінің 2020 жылдың 25 желтоқсанындағы №67 қаулысының 15-қосымшасында қамтылған ережелерді әрбір қоғамдық көлік қызметкері білуі қажет. Қаулыда көрсетілген нұсқаулық бойынша жүргізушінің, кондуктордың және бақылаушының болуы, басқарылуы жұмыс күні ішінде маскаларды немесе рейсті пайдалана отырып, оларды уақытылы ауыс тыру шартымен қамтамасыз етіледі, кондукторлар қорғаныш қалқандарын пайдалануға тиісті. Көлік құралдарында жолаушылардың, жүргізушінің және кондуктордың қолдарын өңдеуге арналған маскалар мен санитайзерлердің желкілікті саны орнаталуы керек. Сонымен бірге жолаушы тасымалдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы көлік құралының салонында желдету, ауа баптау құрылғысының жұмыс істеуін қамтамасыз етуі тиіс. Ең маңыздысы, маршруттың, рейстің жүру мерзімі аяқталғаннан кейін міндетті түрде салонды желдете отырып, жанасатын беттерді, терезелерді, тұтқаларды, есіктерді, таяныштарды, орындықтарды, пайдалануға рұқсат етілген дезинфекциялау құралдарымен өндеу жүргізіледі.
– Негізінен көлік тасымалдау қызметін үйлестірушімен қатар, жолаушы да карантинді ережелерді қатаң ұстанғаны абзал. Жан-жақты көзқарасты қалыптастыру арқылы туындаған мәселені шешуге болады. Төтенше жағдай кезінде арнайы блок-бекеттер қойылып, тұрғындардың қауіпсіздігі бақылауға алынды. Осындай қиын-қыстау сәтте, күнкөріс көзіне айналған актокөлік қызметкерлерінің орташа табысы төмендегені мәлім. Нарықтық заманда автокөлік бөлшектеріне, жанар-жағар майға мол қаржы жұмсалады. Осындай сәтте індетпен бетпе-бет келіп, жолаушы тасымалдаған жүргізушілердің еңбегі адал. Шүкір, бірте-бірте карантиндік шектеулер жеңілдеп, Сыр өңірі «Жасыл аймақта» тұр. Сонда да босаңсуға болмайды. Автокөлікке мінер кезінде санитарлық талаптарды жүзеге асыру әрбір жолаушының міндеті деп білемін, – дейді жолаушы Ілияс Ақылбек.
Жалпы, көлік қозғалысын реттеу барысында май құю бекеттерінде де санитарлық ережені орындаған жөн. Осы ретте, Тереңөзек кенті бойынша 10-ға жуық газ және май құю бекеттері бар. Оның ішінде, Қызылорда мұнай өнімдері мекемесі күнделікті 200-ге жуық автокөлік жүргізушісіне қызмет көрсетеді. Аталған мекеменің аудан бойынша менеджері Нұрлыбек Жұмабеков жерігілікті тұрғындарға 8 қызметкер 3 ауысым бойынша қызмет көрсететіндігін алға тартады. Бекетте дезифекциялық жұмыстар жүргізіліп, көлік жүргізушісі мен жолаушы қауіпсіздігі қарастырылған.
Денсаулықты қорғағанымыз жақынымызға жанашыр болғанымыз
Коронавирус індетінен қорғанудың бірден-бір амалы – көпшілік ортада әлеуметтік қашықтықты сақтау. Соңғы бір жылға жуық уақытта адам өміріне араша түскен ақ халатты абзал жандар қауіпті дертпен күресуде. Індеттің күшеюіне байланысты күнделікті Сіз ескермей жүрген санитарлық талап пен ауру белгілері біліне бастаған жағдайда не істеу керектігі жөнінде аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік дәрігері Мәншүк Сейпулова айтып берді.
– Коронавирус инфекциясын алдын алу кезінде санитарлық ағартушылық және эпидемиологиялық шараларға көңіл бөлген жөн. Ең бастысы, инфекция пайда болмас үшін әрбір адам дұрыс тамақтануға, мезгілімен ұйықтауға, саламатты өмір салтын ұстануға, гигиеналық ережелерге дағдылануға міндетті. Гигиеналық және тазалықты сақтаған әрбір адам медициналық бетпердені өз талабы бойынша кию керек. Ал вирустың белгілері – дене қызуының көтерілуі, тыныс алудың қиындауы, түшкіру, мұрын бітелу, бас ауруы, әлсіздік, жөтел болып табылады. Аталған белгілер пайда болған жағдайда кез келген адам медицина қызметкерінің көмегіне жүгінуі керек. Сонымен бірге вирусқа шалдыққан адам дәрігер келемін дегенше дене қызуын түсіретін дәрі-дәрмек ішкені абзал. Дер кезінде жедел-жәрдем шақырып немесе емхана мамандарымен байланыс орнатуы маңызды. Вирустың симптомды белгілері анықталған тұста науқас ауруханада ем жүргізіледі. Сондай-ақ симптомсыз белгісі бар науқас үй жағдайында оқшауланып, дене қызуын екі мезгіл өлшеп, денсаулық жағдайын бақылап отырады, – дейді Мәншүк Қалдыбайқызы.
Маманның айтуынша, дер кезінде адамдар тұмауға ұқсас белгілерін немесе коронавирус инфекциясына қатысты күмәнді жәйттер байқаса, емханаға келіп ПЦР тестін тапсыруға болады. Негізінен, қалыпты өмірде жекелеген адамдар вирус жұқтырып алдым ба деген қорқынышын сейілту мақсатында дәрігерге заматында қаралғаны дұрыс. Себебі, дәрігерге уақытында қаралу аурудың асқынуына жол бермейді. Ең алдымен, әлеуметтік қашықтықты сақтап, гигиеналық нормаларға сәйкес, денсаулықты қорғағанымыз, жақынымызға жанашыр болғанымыз.
P.S Сауда орындары мен көлік тасымалы қызметіндегі санитарлық талапты орындалуы жайында сараптамалық мақала жазу барысында қоғам үніне құлақ асқан едік. Ғаламтор желісіндегі қазіргі ахуалға көз жүгірттік. Мәселен, өткен аптаның жексенбісінде Нұр-Сұлтан қаласында сол жағалау аумағында гүл сататын дүкен ашылған екен. Ашылу салтанатында дүкен иесі жергілікті халыққа арнап ұтыс ойын ойнатады. Бұл жерге 2000-ға жуық халық жиналған деседі. Санитарлық талаптар сақталмай, көлік қозғалысы тежеледі. Арнайы санитарлық мамандар оқиға орнына барып, адамдарды бір сағат ішінде таратады. Ал ұйымдастырушыларға ҚР Әкімшілік құқық-бұзушылық кодексінің 425 бабы «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу бойынша айыппұл салынады. Бұл жерде кім ұтты, кім ұтылды? Вирус еш уақтытта салғырттықты кешірмейді. Қазіргі уақытта «жасыл аймақта» тұрған Сырдария ауданының тұрғындары өзгенің әрекетінен сабақ алса дейміз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ