Індет - өте қауіпті
Бүгін Қалжан ахун ауылында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 дерегі тіркелген болатын. Аталған жағдайға байланысты аудан әкімі Руслан Рүстемов фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасында жазба жариялады.
– Өкінішке қарай, бүгін Қалжан ахун ауылында коронавирус инфекциясын жұқтырудың 1 дерегі тіркелді. Осылайша ауданда бұл індетті жұқтыру көрсеткіші 27-ге жетіп отыр. Қазіргі таңда науқас ауруханаға оқшауландырылып, тиісті емін қабылдап жатыр. Сонымен бірге ауру ошағында медицина мамандарымен індетке қарсы шаралар жүргізіліп, науқаспен жақын қарым-қатынаста болғандар анықталуда.
Өздеріңіз көріп отырғандай, бүгінде қауіпті індетті жұқтыру ықтималдылығы өте жоғары екенін байқауға болады. Сол себепті санитарлық талаптарды қатаң сақтап, көпшілік жиналатын орындарға бармауды және сауда орындарында, қоғамдық көлікке отырғанда бетперде тағып жүруді жалғастыру қажеттігін ескертемін.
Бүгін Мемлекет Басшысы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында «Қазіргі таңда еліміз пандемияның шарықтау шегінен өтті. Бірақ, індетпен күрес әлі аяқталған жоқ. Бұл індет - өте қауіпті. Батпандап кіреді, мысқалдап шығады. Коронавирус қазіргі әлемнің құндылықтарын айтарлықтай өзгертті»,- деген болатын.
Сондықтан қауіпті індетті жеңу үшін карантин шарттарына бағынып, өз-өзімізді сақтайық, отбасымызды сақтайық.
Бұл өтпелі қиындықтан бірлесіп, аман-сау өтейік, ағайын, – делінген жазбада.