Жұмысшы топтың жүйелі жұмысы
Адамзат баласы қауіпті індет салдарынан орасан зор жапа шегіп отыр. Дүниежүзінде пандемияның өршуі Сovid-19 инфекциясын жұқтыру ықтималдығын жоғарылатты. Бұл індеттің бетін қайтару үшін жүйелі жұмыс пеп саналы тәртіп орнату басты қағидаға айналды. Осыдан бір ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес ел аумағында эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру мақсатында карантин режимі күшейтілгені белгілі. Карантин талаптарына сай аудан бойынша індеттің алдын алуға байланысты сақтық шарасы күшейтілді. Аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топ күнделікті рейд ұйымдастырып келеді. Бұл ретте өз тарапымыздан рейд барысын зерделеп, сараптама жүргізген болатынбыз.
Қырық мыңға жуық халқы бар аудан аумағында санитарлық талаптың орындалуына бақылау жасау аса маңызды. Бүгінде кент және елді мекендерде коронавирус инфекциясына қарсы тиісті шаралар қолға алынған. Қазіргі таңда сала мамандары қоғамдық орындарда бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау бойынша тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеді. Кәсіпкерлік нысандар мен мекемелердің санитарлық құрал-жабдықтары тексеріліп, артық қордың болуы ескертілген. Қызылорда облысының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің арнайы қаулысы негізінде кейбір мекемелер мен кәсіпкерлік нысандарға шектеу енгізілген.
Сырдария аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы мамандарының мәліметінше, күні бүгінге дейін жұмысшы топтар аудан бойынша 217 нысанның жұмысына бақылау жасаған. Аудан әкімінің орынбасары Д.Байдушев жетекшілік ететін жұмысшы топтар 23 балабақша, аудандық мұсылмандар мешітін, халыққа қызмет көрсету орталығын, мәдениет үйі, спорт кешені, тіс емдеу бөлмесі, Казпочта, Халық банкі мекелерімен қатар, мемлекеттік нысандардың санитарлық талаптарын бақылады. Сонымен бірге 11 жалпы халықтық тамақтану орындары, 140 сауда-саттық дүкендері, 8 шаштараз, 3 көлік жуу орталығы, 2 автокөлік дүкені, 2 шина өңдеу орталығы, 2 ломбард дүкені, 3 дәріхана, 2 тігін цехы, 1 телефон жөндеу орталығы, 3 қонақ үйде карантин режимінің сақталуын қадағалады.
Жұмысшы топ күнделікті адам көп шоғырланатын кәсіпкерлік нысандармен қатар, қоғамдық көлік қозғалысын реттеуге көңіл бөлді. Такси қызметі мен сыйымдылығы жоғары шағын автобустарда санитарлық ережелердің сақталуын тексерді. Сұлулық салондары мен ойын орталықтарының жұмысын шектеу бір жолға қойылды. Бір айға созылған карантин режимін бұзған жекелеген кәсіпкерлік нысан иелеріне айыппұл салынды.
Коронавирус инфекциясы сөз жоқ халықтың дарақылықтан арылып, жөнсіз әрекетке бармау керектігін ұғындырды. Көпшілік жаға-жеңін түзеп, орынды шектеу шарасын ұстану керектігін білді. Алдағы уақытта эпидемиологиялық ахуалды тұрақты ұстап тұру үшін әрбір адам өз денсаулығының қорғаны болғаны абзал. Қанша дегенмен рейд барысында айтылған талаптар орындалмаған жағдайда қауіпті індет өмірімізден алшақтамайды. Сондықтан жақынымызға жанашыр болғанымыз жөн.
Осы аптада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен жиында еліміздегі карантин режимі тағы екі аптаға ұзартылды. Бұл ел тұрғындарының қауіпсіздігі үшін қабылданған маңызды шешім. Ендігі кезекте аудан әкімдігі жанынан құрылған жұмысшы топтың жұмысы тағы да күшейтіледі. Жұмысшы топ мүшелері түсіндірме жұмыстарын жүргізумен қатар, тексерісті де ұйымдастырып, талапқа бағынбаған нысандардың иелеріне шара көру бағытында ұсыныс енгізетін болады. Жұмысы жүйелі жұмысшы топтың нәтижелі жұмысын алдағы уақытта да ақпараттандыратын боламыз.
Балтабай ОРДАБЕКОВ