Бірлік – береке бастауы
Ырыс қайда барасың? Ынтымаққа барамын» дейді халық әпсанасында. «Бірлік болмай, тірлік болмас» деген де қазақтың дана сөзі бар. Шындығында, тәуелсіз қазақстанның бүгінгі экономикалық-әлеуметтік салаларындағы тұтас жетістіктері тек бірліктің, сол бірлік арқылы келетін тұрақтылықтың арқасында ғана орын алуда.
Қазақстан аумағында тұрып жатқан 130-дан астам ұлт пен ұлыс өкілдерінің киелі қарашаңырақта тату-тәтті өмір сүруі үшін береке мен ынтымақ, бірлік пен бейбітшілік аса қажет. Сондықтан бұл мерекенің еліміз үшін маңызы зор.
1996 жылы Елбасы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен Қазақстан халқы бірлігі күні кең көлемде аталып келеді. Жыл сайын бұл мереке өз нақышында тойлануда. Биылғы жылы еліміздегі төтенше жағдаймен тұспа-тұс келген мейрамда да өзара татулық пен бірлігімізді көрсетудеміз. Осы мереке аясында көпшілік тұрмысы төмен жандарға көмек қолын созуда. Осындай сындарлы сәтте мемлекет те әрбір мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп жатыр. «Біз біргеміз» ұранымен жасалып жатқан қайырымдылықтың барлығы осы бірлік мерекесінің мәнін ашып тұрғандай. Сондықтан ынтымағы жарасқан ел бұл кезеңдерді де артта қалдыратыны сөзсіз.
Бүгінгі таңда әлемдегі құбылыстарды зерделей қарасақ, бейбіт өмір мен тұрақтылықтың, тыныштықтың қадірін арттыра түсетін жағдаяттар аз емес. Жаһандық аумалы-төкпелі жағдайды бастан кешкен, мемлекеттік жүйенің тепе-теңдігі бұзылған, бірлігі сөгілген елдердің саны артып келе жатқанын да байқауға болады. Әсіресе жылдар бойына жалғасып келе жатқан дінаралық, ұлтаралық қақтығыстар бойынша әлемдік дипломатияның небір озық үлгілері де отты нүктелердің шоғын сөндіре алмай отырғанына әлем жұртшылығы куә. Сондықтан да бірлігі, ынтымақтастығы жарасқан елде тұрақтылық сақталып, болашақ дамуы да баянды болмақ. Қазақстандық ұлтаралық татулық үлгісі де осыған негізделген.
Көптеген ұлттың ортақ шаңырағына айналған Қазақстан бейбітшілік пен келісім арқылы әлемге үлгілік жолды нұсқап келеді. Үлгі дейтініміз, ел иесі, жер иесі саналатын қазақ халқы алмағайып замандарда шартараптан бас сауғалаған, тағдыр тәлкегімен босып келген өзге жұртты бауырына басты. Қазақтың кеңпейілділігін көрген олар осы байтақ елде мәңгілікке тұрақтап қалды, өсті-өнді, ұрпағы жалғасты. Бүгінде олар қазақ еліне шексіз ризашылықтарын білдіреді.
Айтулы күн ұлттардың бірлігін ұлықтап, Қазақстандағы барлық ұлысты жұмылған жұдырықтай тұтастыруға үндейді. Бүгінде Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамы көп этностың басын қосқан елдің тыныштығы мен татулығының нышанына айналды.
Майя ҚОЖАБАЙ